• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қыркүйек, 2018

Қазақстан мен Өзбекстан әйелдері: достық нығая береді

943 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Өзбекстан әйелдері комитетінің төрайымы Т.К.Нарбаеваның шақыруы бойынша 2018 жылғы 13-14 қыркүйекте қазақстандық делегацияны бастап, Өзбекстан Республикасына сапармен барып қайтты. Сол күндері Ташкент қаласында Қазақстан және Өзбекстан әйелдерінің алғашқы бизнес-форумы өтті.  

Ташкент – біздің дәуірімізге дейінгі II-I ғасырларда бой көтерген Орталық Азияның көне шаһарларының бірі. Бұл өлке әр жылдарда әрқалай аталып келді. Мәселен, Шаш-тепа, Чач-тепа, ал қытай дереккөздерінде Ши, Чжэши, Юэши деген атаулар кездеседі. Қала XI ғасырдан бері «Тас қала» деген мағынадағы Ташкент атауымен танымал. 2009 жылы шаһар өзінің 2200 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінде заманауи Ташкент Өзбекстанның астанасы бола отырып, тек өз­бек елінің ғана емес, Орталық Азия­ның 3 млн-ға жуық адам тұратын ірі мегаполисіне айналды.

Өзбекстан – индустриялық-аграрлық ел. Әлем бойынша үшінші ірі мақта экспорттаушы, алтын мен табиғи газ жеткізуші, сондай-ақ ол мұнай химиясы бұйымдары мен ауыл шаруашылығына арналған машиналар мен жеке көліктер өндіреді.

 Елде барлығы 32,6 млн-нан астам адам өмір сүріп жатыр және оның 50%-дан көбі ауылдық жерлерде тұрады. Аграрлық сектор негізінен мақта өсіру мен мал өсіруге мамандандырылған, сондай-ақ күріш, жүзім, бақша өнімдері, көкөніс егу ісі дамыған.

Өзбекстан – бізбен бауырлас ел, өңірдегі маңызды саяси және экономикалық серіктес. Халықтарымыздың қарым-қатынасының тамыры бағзы ғасырлар тереңінен жалғасып жатыр және ортақ тарих пен ата-бабаларымыздың бай рухани мұрасы арқылы беки түсуде.

Биылғы наурыз айында елі­міздегі Өзбекстан жылының ашы­лу рәсімінде Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: «Орталық Азия – адамзат өркениетінің байтақ тарихы, төлтума мәдени мұрасы бар көне бесігінің бірі. Біз ортақ құн­дылықтарды, дүниетанымдағы ортақ басымдықтарды және өмір­ді түсіну жүйесін сақтап қалдық. Осы мереке бірлігіміздің, рухани өзектестігіміздің және сан ға­сырлық достығымыздың одан әрі нығая түсуіне қызмет ете берсін».

Мемлекет басшысы, сондай-ақ біздің елде Өзбекстан жылының ашылуының қазақ-өзбек достығы мен тату көршілестігінің белгісі ғана емес, бүкіл өңірдің серік­тестігінің нығаюы мен мәде­ни-өркениеттік тұрғыдан жақын­дасуына сүбелі үлес қосатын оқиға ретінде айрықша мәнді екенін атап өтті.

Маңызды шешімдер қабыл­данып, келісімдер жасалатын екіжақты бизнес-форумдар өт­кізу игі дәстүрге айналды. Бұл сауда-экономикалық өзара іс-әрекеттің тереңдеуі мен сауда ай­налымының ұлғаюына септігін тигізіп келеді. Өсім 2018 жылдың бірінші жарты жылдығының өзінде 1,137 млрд АҚШ долларына, яғни 52,5%-ке жетті. Қа­зақстан бұрын-соңды бірде-бір шетелдік сауда серіктестерімен арада мұндай қарышты өсімге қол жеткізіп көрген емес.

Бизнес-форумға екі елдің де кәсіпкер әйелдері қатысты. Қа­зақ­стан делегациясы құрамы­на Қазақстан Президенті жанын­да­ғы Әйелдер істері және отба­сы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мү­шелері, Парламент депутат­тары, мемлекеттік органдар­дың, «Атамекен» ҰКП, сон­дай-ақ кәсіпкер әйелдер қоғамдас­ты­ғының өкілдері кірді.

Форумда сөз сөйлеген Мем­лекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова әйелдердің экономикалық тұр­ғыдан ілгерілеуі мен мүмкін­дік­терінің кеңейтілуі айрықша өзекті бола түсетін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында адами капитал сапасын арттыру мәселелерінің алдыңғы қатарға шығарылатынына тоқталды.

Қазақстанда демократиялық қоғам құрудың негізгі бағытының бірі гендерлік үйлесімге қол жет­кізу болып саналады. Тәуел­сіздік жылдарында елеулі нәтижелер еңсерілді.

Әлемдегі ең дамыған 30 мем­ле­кеттің қатарына қосылу мақса­тымен Үшінші жаңғыру жүзеге асырылуда, оның аясында саяси, экономикалық және ру­хани жаңару үдерістері жүріп жатыр. Ұлт жоспары, Президент­тің әлеуметтік бес бастамасы қа­был­данып, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарлама­лары іске асырылуда. Осы мін­деттерді орындауға әйелдер қоғамдастығы белсене атсалысып отыр.

Ел Президенті жанынан 20 жыл бұрын Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.

Елімізде гендерлік бағыттағы «Ерлер мен әйелдердің тең құқығы мен тең мүмкіндіктеріне берілетін мемлекеттік кепілдіктер туралы», «Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» атты екі заң қолданылады.

Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжы­рым­дамасы жүзеге асырылуда, оған БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кем­сітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенциясының Бей­жің декларациясы мен іс-әрекет платформасының, Орнықты даму мақсаттарының ережелері негіз болды.

Мемхатшы саясаттағы әйел­­дер өкілеттігіндегі біздің жетіс­тік­терімізді атап өтті. 34 әйел – Пар­ламент депутаты, яғни де­путат­тардың жалпы санының 22%-ін құрайды. Қарқынды түрде әйелдер кәсіпкерлігі секторы қа­лыптасты. Шағын және орта биз­нес субъектілерінің 44,2%-ін әйелдер басқарады. Ал корпо­ративтік секторда басшы әйел­дердің өкілеттігі 34%-ке жуық. Мына салалардағы әйелдер үлесі артып келеді: ақпарат және байланыста – 50%-тен асады, өнеркәсіпте – 30%-тен жоғары, құрылыста – 20%-тен артық.

Әйелдер бизнесін дамыту мем­лекеттік бағдарламалар арқылы да, халықаралық қаржы инсти­туттарының арнасы арқылы да іске асырылып жатыр. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында 2018 жылы әйелдер кәсіпкерлігіндегі 244 жоба немесе жалпы санының 34%-іне субсидия берілді.

Әйелдер кәсіпкерлігіне шағын несие беру бағдарламасын 2010 жылдан бері «Даму» қоры жүзеге асырып келеді. Бүгінге дейін 1,5 мыңнан астам заемшыға 14 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.

«ҚазАгро» холдингі ауылдағы кәсіпкер әйелдерге қолдау көр­сетіп отыр. Оларға 2017 жылы құны 30 млрд теңгеден асатын 5 мыңға жуық кредит берілді.

Халықаралық қаржы ұйым­дарына қатысты айтсақ, мысалы, Үкімет пен Еуропа Қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) арасындағы келісім шеңберінде «Бизнестегі әйел» бағдарламасы жүзеге асырылуда. ЕҚДБ екінші деңгейлі банктер үшін жалпы құны 41 млн АҚШ доллары кө­лемінде кредит желісін қамта­масыз етті, бұл ретте тек әйел­дер басқаратын және еңбек ете­тін әйелдер саны 50%-тен кем емес кә­сіп­орындарға ғана несие берілуде.

Жалпы, бұл бағдарламалардың барлығы біздің әйелдер ұйымдас­тырып отырған бизнесті одан әрі дамытуға септігін тигізеді.

Байланысымызды одан әрі тереңдете түсу үшін туризмнің маңызы ерекше, ол экономикалық қатынастарды нығайтуға, негі­зінен әйелдер көбірек еңбек ететін әлеуметтік-мәдени саладағы ын­тымақтастықты дамытуға септігін тигізбек.

Мемлекеттік хатшы Өзбек­станнан біздің елге туристер ле­гі­нің көбі Астана, Алматы, Шым­бұлақ, Бурабай, Балқаш және Ала­көлге келетінін айтты. Қазақ­стандықтар Ташкент, Самарқан, Бұхара мен Хиуаға жиі барады.

Сөзінің соңында Мемлекеттік хатшы төмендегідей мәселелерге назар аудартты.

Бірінші. Кәсіпкер әйелдер арасындағы іскерлік байланыстар аясын одан әрі кеңейту. Жүйелі түрде өткізілетін елара­лық бизнес-форумдар, шекаралас аумақтардың әйелдерінің өңірлік форумдары іскерлік байланыстарды өрістетудің пәр­мен­ді платформасына айнала алар еді.

Екінші. Инклюзивті сауданы, әсіресе цифрлы технологияларға баса мән бере отырып дамыту. Бұл қадам мемлекеттер басшылары қойған ортақ мақсатқа – өзара сауда көлемін 2020 жылға қарай 5 млрд долларға жеткізуге септігін тигізеді.

Үшінші. Туризмді жан-жақты дамыту, ол ашықтықты арттырып, қызмет көрсету саласында өзара тиімді пайда әкеледі.

Бизнес-форум аясында, сон­дай-ақ Қазақстан Респуб­ли­касы Президенті жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнін­дегі ұлттық комиссия мен Өз­бек­­стан әйелдері комитеті ара­­сын­дағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойыл­ды. Ол қоғамдық-саяси, әлеу­мет­тік-экономикалық салалар­да әйелдердің құқығы мен мүм­кін­діктерін кеңейту ісіндегі ынты­мақ­тастықты дамытуға, рухани-адамгершілік тәрбиені ілгері­летуге, отбасы институтын ны­ғайтуға, ана мен баланы қорғауға және т.б. бағытталған.

Форумда Қазақстандағы әйел­дер кәсіпкерлігінің негізгі ба­ғыт­тары мен перспективалары тура­лы Қазақстан Республикасы «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова айтып берді. Ол «Атамекен» ҰКП өз ісін жаңа бастаған және жүргізіп келе жатқан кәсіпкер әйелдерге Іскер әйелдер кеңесі арқылы түрлі қолдау көрсететінін атап өтті. 2018 жылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 3 стратегиялық бағыттағы жаңа кезеңі жария етілді: қаржыға жеңілдіктермен шағын несие беру бағдарламасы арқылы қол жеткізуді қамтамасыз ету; білім беру бағдарламаларын іске қосу және шағын несие беру есебінен жүзеге асырылатын бизнес-жобаларды қолдау; әйелдердің кооперативтік кәсіпкерлігін өзін-өзі реттейтін ұйымдар мен кооперативтер құру арқылы дамыту.

«Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің пре­зи­денті Раушан Сәрсембаева Қазақ­стандағы әйелдердің эконо­ми­калық мүмкіндіктерін ілгерілету тәжірибесін ортаға салды. 2018 жылы 1,2 млн жеке кәсіпкер тіркелген, оның 560,9 мыңын әйелдер басқарады.

Мәдениет және спорт ми­нис­трлігінің Индустрия және туризм комитетінің төрайымы Майнұр Мұрзамәдиева бізге еліміздегі туристік индустрияның дамуы жөнінде ақпарат берді. Бүгінде саланы институттандыруға, туризмге инвестиция салуды мемлекеттік қолдауға, сервис пен қызмет көрсету сапасының әлемдік стандарттарын енгізуге, басымдығы бар туристік ау­мақтар қалыптастыруға бағыт­талған Қазақстандағы туризмді дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ламасы әзірленуде.

Жібек жолы бағдарлары бо­йынша өзара визалық режімді мойындау мәселелерін зерттеу Өзбекстанмен бірлескен «Жаңа Жібек жолы» туристік өнімін тиімді түрде ілгерілету жолындағы маңызды қадам болып саналады. Осы мақсатта «Жібек жолы» туристік өнімдері бойымен жүретін шетелдік туристердің Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан өтуін жеңілдету үшін өзара визалық режімді мойындау туралы келісімге қол қою жөнінде жұмыс жүргізілуде.

Өзбекстан тарапынан Өз­бекстан Республикасының Туризмді дамыту жөніндегі мемле­кеттік комитеті төрағасының орынбасары, Өзбекстан әйел­дері комитетінің,«Өзбекстильөнер­кә­сіп» қауымдастығы, Өзбекстан Сау­да-өнеркәсіп палатасы, Өзбек­стан Іскер әйелдер қауым­дас­тығы өкілдері сөз сөйледі. Олар Өзбекстанның экономи­калық тұрақтылығына елдегі әйел­дер­дің инновациялық іс-әреке­тінің ық­палы, кәсіпкерлік тура­лы заң­на­маны әзірлеудегі Өзбек­стан Сау­да-өнеркәсіп палата­сы­ның рөлі, Өзбекстанның туристік әлеуеті және т.б. жөнінде әңгімеледі.

Өзбекстан Республикасы қо­ғамның саяси, әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени салаларында әйелдердің жағдайын жақсарту бағытында елеулі қадамдар жасап жатыр. Осы мақсатпен Өзбекстан әйелдері комитеті құрылған.

Құқық қорғау органдары құ­рылымында адам құқығын қорғау жөніндегі арнаулы бөлімшелер ашылған, әйелдер құқығы мәсе­лелерін қамтамасыз ету де со­лардың міндетіне кіреді.

Отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүр бағыты бойын­ша іргелі, қолданбалы және инно­вациялық зерттеулер жүргізу үшін Өзбекстан Үкіметі жанынан Ғылыми-практикалық зерттеу орталығы ашылған.

Бүгінде Өзбекстанда әйел­дер­ді ілгерілету, олардың құқы­ғын қорғау, кәсіпкерлікке тарту, мемлекет пен қоғамдағы бас­қару ісіндегі олардың рөлін кү­шейту, отбасы негіздерін одан әрі нығайту бағытында жүйелі жұ­мыс жүргізілуде.

Өзбекстанда экономика сек­торының басымдығы бар бағы­тының бірі тоқыма өнеркәсібі болып саналады, әйелдердің көпшілігі сонда еңбек етеді.

Сондықтан Қазақстан деле­га­циясы Форум аясында «UZTEX TASHKENT» тоқыма кәсіпор­нының жұмысымен танысты, ол жылына 6 мың тоннаға дейінгі мөлшерде өнім (иіріл­ген жіптің 3 түрін) өндіреді. Кәсіп­­орында Швейцария, Жапо­ния, Гер­мания сияқты дамыған елдер­дің құрылғылары орнатыл­ған. Зертханалар сапаны бақы­лайтын жаңа технологиямен жаб­дықталған, бұл өндірілетін өнімнің деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Еңбеккерлер саны 350 адамнан асады. Экспорт шығарылатын негізгі елдер: Ре­сей, Қытай, Түркия, Корея, Поль­ша, Италия.

Сонымен қатар форум аясында екі елдің кәсіпкер әйелдерінің қатысуымен кооперациялық биржа өткізілді. Олар өздерінің инновациялық бизнес-жобаларын таныстырды, озық тәжірибелерін ортаға салды.

Биржа қорытындысы бойынша Қазақстанның Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай және т.б. өңірлері мен Өзбекстан кәсіпкер әйелдері арасындағы ынтымақтастық орнату ниеті туралы 15 келісім жасалды.

Форум әйелдердің бизнес қоғамдастықтары арасындағы диалогті ілгерілету ісіне, халық­тарымыз арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен достықты дамытуға маңызды үлес қосты.

Қазақ халқының ұлы тұлғасы Төле бидің сөзімен айтқанда: «Бі­рік­пей – бақ қонып, ырыс тол­мас».

Жалпы, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықованың Өзбекстанға жұмыс сапары әйелдердің қоғам­дық-саяси және әлеуметтік-эко­но­микалық салалардағы рөлін арттыру мен мүмкіндіктерін кеңей­ту саласында екіжақты бай­ла­нысты тереңдету, екі елдің де биз­нес қоғамдастықтары арасында кә­сіпкерлікті, сондай-ақ туризмді дамыту жолындағы елеулі белес­ке айналды.

Майраш КӨЗЖАНОВА,

Мемлекеттік хатшының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары

Астана – Ташкент – Астана