• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қыркүйек, 2018

Тұмауға қарсы екпенің көмегі көп

2364 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Астанадағы №9 қалалық емханада өткен брифингте жыл сайын қайталанатын тұмау мен жедел респираторлық инфекцияларға қарсы вакцинамен егілудің маңыздылығына тоқталды.

Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияларды жұқтырушылардың саны 1 миллионға дейін жететіні тіркелсе, өткен жылы 600 мың жедел респираторлық вирустық инфекция жағдайы байқалған. «Сондықтан да біз алдын алу шараларына ерекше мән беруіміз керек. Мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеп, әсіресе балаларды ауасы желдетілмейтін ғимараттарға апарудан тартыну қажет. Ауруға қарсы тұру үшін ағзаны дәрумендермен барынша толықтырып, жасанды дәрумендерді, сондай-ақ жеміс-жидектерді көбірек тұтынған дұрыс», дейді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер. Аурудан сақтануда, ағзаның инфекцияларға қарсы иммунитетін арттыруда лимон, анар, киви өнімдерімен қатар итмұрын, қарақат қайнатпаларын, ал түнге қарай табиғи фитонцид болып саналатын сарымсақ пен пиязды тұтынуға кеңес берген маман жеке гигие­на ережесіне ерекше мән беру қажеттігін де ескертті.

 Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер отбасында тұмауға шалдыққан адам болса не істеу керектігін де айтты. Маңайыңызда тұмау белгісі бар адам көрсеңіздер, ең басты талап – ауруды көпшілікке таратпаудың жайын қарастырып, дәрігерді үйге шақыру. Балабақшаға, мектепке, сондай-ақ жұмысқа барудың қажеті жоқ. Бұл ретте «тұмаумен ауырған адамның өндірісте пайдасынан гөрі зияны басым» деген түсінікті назарға алған жөн. Бұдан кейін адамдар тұмауды көбінесе қоғамдық көлікте жұқтырады. Сондықтан дәрігерді шақырып, ал дене қызуы қатты көтерілген жағдайда жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінген абзал. Жандарбек Бекшин атап өткендей, алдағы уақытта ауруға қарсы тұрар қабілеті аз топтардағы адамдарға тұмауға қарсы екпе жасалады. Бұл топтарға – балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар, сонымен қатар медицина қызметкерлері мен жұмысы халықпен тығыз байланысты адамдар жатады. Олардың ішінде созылмалы өкпе, жүрек әрі қан-тамыр ауруларымен, иммундық жеткіліксіздігімен ауыратын, әлсіз және жиі ауыратын балалар, сондай-ақ медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен вакцинацияланады. Осы топтағылардың әрқайсысы аурудың ауыр түріне бейім. Бұл ретте, уақтылы егілу аурудың жеңіл өтуіне көмектеседі. Бұл өз кезегінде халықтың денсаулығын қамтамасыз етеді. Көбінесе, 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, өкінішке қарай, бізде балаларға қарағанда ересектердің вакцина алу деңгейі жоғары. Яғни, ересектер өздерінің денсаулығын ойлайды да, балаларды ұмытып кетеді. Сондықтан балаларды вакциналау шараларына мән беру керек.

 Сонымен қатар алдын алу мақсатында әрбір адам қалауы бойынша тұмауға қарсы ақылы түрде вакцина алатынын жеткізген бас санитарлық дәрігер биыл тұмауға қарсы вакцинаны жаппай егу шаралары елімізде 1 қазаннан басталатынын, 2018 жылы бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 1,5 млн дозасы 1 млрд 200 млн теңгеге сатып алынғанын айтты. Жыл сайын тұмауға қарсы вакциналар штаммы жаңарып отыратыны белгілі, ал 2018-2019 жылдардағы эпидемиялық мау­сымда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша елімізде қолданылатын үшвалентті вакцинаның құрамында тұмаудың үш штаммы бар екен. Бұлар – Мичиган, Сингапур мен Колорадо штамдары.

 Сонымен вакциналарды жаппай егу шарасы 1 қазанда басталмақ. Еліміздің кейбір өңірінде одан да ерте басталуы мүмкін. Қазіргі таңда барлық облысқа вакцина жеткізілген. Вакцинациялау мау­сымы қараша, қажет болса желтоқсанға дейін созылуы мүмкін. Осы уақытта қазақстандықтардың 10 проценті тегін вакцинацияланса, тұмаудың алдын алғысы келген əр адам қалауы бо­йынша ақылы түрде екпе жасата алады. Егу жекеменшік вакцинациялау орталықтарында, тұрғылықты жері бо­йынша егу кабинеттерінде жүргізілетінін айта кеткен жөн. Вакцинация жасайтын медициналық мекемелердің мекенжайлары тұрғылықты жері бойынша аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерінің жəне денсаулық сақтау басқармаларының сайттарында орналастырылады. Əр өңірдегі ақылы егу кабинеттерінде тұмауға қарсы вакцинаның құны 1600-3500 теңге аралығында болады.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»