Кеше Астанада «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сайлау-2012: жауапкершілікпен және салмақтылықпен келу» атты дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелге 2012 жылғы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына қатысушы саяси партиялар штабтарының, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының, Бас прокуратураның, Орталық сайлау комиссиясының, Астана қалалық сайлау комиссиясының және БАҚ-тың өкілдері қатысты.
Жиынға Қоғамдық комиссияның тең төрағасы, «Айт-парк» пікірталас клубының төрағасы Нұрлан Ерімбетов модераторлық етті. Ол алдымен Қоғамдық комиссия 2012 жылғы 15 қаңтарға белгіленген Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты өздерінің электоралды кезең алдындағы қызметтерінің жаңарғандығы туралы дөңгелек үстелге қатысушыларды хабардар ете келіп, ұсыныс-пікірлерін ашық білдіруді өтінді.
Сонымен, алғашқы сөзді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев алып, сайлау үдерістерінің белсенді өтіп жатқанына тоқталды. Оның атап өтуінше, қазіргі кезде саяси партиялар өздерінің сайлауалды үгіт жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Үгіт жұмыстары 2012 жылғы 13 қаңтарда сағат 24.00-ге дейін жүргізіледі. Сонымен қатар, ол мәслихаттар депутаттарының сайлауы да еліміздің барлық аумақтарында белсенді түрде жүріп жатқанын атап өтті. Сайлау науқанын республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты көрсетуде. Барлық саяси партияларға БАҚ-тарда теңдей орын беріліп келеді. Бұл жөнінен Орталық сайлау комиссиясына өтініш-шағымдар түскен жоқ.
Бұдан кейін сөз алған «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Сергей Ударцев сайлау үдерістері ашық болу қажеттігін атап өтіп, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған әлеуметтік сұрау салудың нәтижесімен келіспейтіндігін білдірді. «Бұл шындыққа сәйкес келмейді, – деді ол осы туралы. – Оған кімдердің тапсырыс бергені, кімдердің қаржыландырғаны белгісіз күйінде қалып отыр». Ал «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов өзі жетекшілік ететін «Азат» партиясы түрлі себептермен әлі тіркеуден өте алмай келе жатқандығын алға тарта отырып, Жаңаөзендегі жағдайларға тоқталды. Осыған байланысты ол сайлау өткізу мерзімін кейінге шегеруді ұсынды. Оның бұл ұсынысына ЖСДП Астана қалалық филиалының төрағасы Серікбай Әлібаев, «Әділет» партиясынан кандидаттыққа ұсынылған Мұсағали Дуанбеков қолдау білдірді.
Болат Әбіловтің аталған ұсынысына Қоғамдық комиссияның тең төрағасы Нұрлан Ерімбетов, «Ақ жол» партиясының өкілі Владимир Жуков, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты жетекшісінің орынбасары Данияр Вагапов, тағы басқалар қарсы болды. Олардың айтуынша, сайлауды кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Өйткені, қазіргі кезде өз кандидаттарын Мәжіліс депутаттығына ұсынған еліміздегі сегіз саяси партия үгіт шараларын белсенді жүргізіп жатыр. Ал Жаңаөзендегі қайғылы оқиғаларға байланысты Президенттің тапсырмасы бойынша комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Қайғылы оқиғалардың себеп-салдарын сол комиссия анықтайтын болады.
Дөңгелек үстел барысында Орталық сайлау комиссиясына қатысушылар тарапынан бірқатар сыни тұрғыдағы пікірлер де айтылған болатын. Соның бірі – партиялар арасында теледебат өткізу еді. Бұған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев нақты жауап қайтарды. Оның атап өткеніндей, үгіт шаралары кезінде саяси партиялар теледебат өткізіп, сайлаушыларды өздерінің сайлауалды тұғырнамасымен таныстыратын болады.
Жалпы, дөңгелек үстел алдағы сайлау кезеңінің барлық сайлауалды науқаны бойынша өлшенген әдістердің қажеттігі және жауапкершілік мәселелері жөнінде байсалды да үйлесімді қызу пікірталас жағдайында өтті деп айтуымызға болады. Нәтижесінде оған қатысушылар сайлау заңнамасының мүлтіксіз сақталуы, сайлау үдерісі кезінде орнықты пікір алмасулар орнату жайы, қорытынды есептерді әзірлеуге қоғамды қатыстыру және бірлескен сараптамаларды жүзеге асыру үшін тіркелген шетелдік байқаушылармен өзара ынтымақтастықты дамыту, сайлау үдерістеріне жауапкершілікпен, салмақтылықпен келу, «қара пияр» мен «лас» технологияларды қолданудан бас тартуды қамтамасыз ету, журналистік этика нормалары мен «Сайлау туралы» Заңның талабын сақтау негізінде сайлау науқанының өту барысы туралы БАҚ-тарда шынайы ақпарат жариялау туралы уағдаластыққа келді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.