«– Жылатып жұбатқан, үзілдіріп үміттендірген, қайғыртып қуантқан қайран, Өмір-ай!.. – Айрықша қанаттанып, серпілген Меңзипа шешей еңкіш бойын барынша тіктеп, айнала-төңірегін түгел көріп тұрғандай, маңғаз қалпында ойын түйіндеген. – Жұмыр басты пенде, шіркін, жыртитып көзін ашқан сәттен бастап, тынымсыз тырбаңдаумен күн кешеді. Талпынады. Ұмтылады. Күреседі. Ал арман-дүниенің өз сынағы, өз емтиханы да толып жатыр. Сүрінесің. Құлайсың. Тұрасың. Жалған-дүниенің сабақтары талайлы тағдырдың толқындарында шыңдайтыны және рас, күмәнсіз ақиқат. Өйткені, «Адамның басы – Алланың добы» дегенді ата-бабаларымыз текке айтпаған болар. Шүкір, мынау аласапыран тіршіліктің толқынында домалап жүріп, тағдыр тәлкегіне сан мәрте түссек те, тұншықпаған екенбіз. Мүмкін еместі мүмкін еткен өмір жіптігі – үміт сәулесі өшпесінші...».
Бұл шағын үзінді бір шаңырақ астында қатар қызмет істеп жүрген қаламдас әріптесіміз Жанат Елшібектің баспахана бояуы аңқыған «Тағдыр желі» (Повестер мен әңгімелер, «Атамұра» баспасы, 2011) аталатын жаңа жинағына енген беташар повесінен келтіріліп отыр. Қазақ халқының басына түскен ашаршылық нәубетінің зобалаңын қызыл желі етіп өрген осынау хикаят бұрнағы жылы «Жұлдыз» журналында жарияланып, талғамы биік оқырмандар ықыласына бөленген болатын. Бейбіт жұртты қынадай қырған сұрапыл зұлматтың бет-пердесін ашық жазып, шынайы суреттеген шып-шымыр шығарманың айтар ойы, көтерер жүгі расында зілмауыр. Қиын-қыстау қияметтің қалтарысына тереңірек үңіліп, шетін тақырыптың шындығын аршудағы жазушының өзіндік ізденісі мен шеберлігін байқатар хикаят ешкімді де бейжай қалдырмайды. Терең толғанысқа түсіріп, тұңғиық мұңға шомдырып ойлантады.
«Атамұра» баспасының айтулы «Атамұра кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітаптың андатпасында қадап көрсетілгендей, «көрнекті қаламгер Жанат Елшібектің жаңа жинағына өмірдің өзекті мәселелерін, толғақты тақырыптарын арқау еткен бірнеше повестері мен әңгімелері енген. Туындылардың оқиғалары тартымды да әсерлі, тілі көркем де кестелі». Иә, кітаптағы әр дүниені оқыған сайын оған біздің де көзіміз анық жете түскенін айтқан жөн.
Мәселен, автордың жоғарыда тілге тиек еткен «Балықтың қылтаны» повесінде кейіпкерлер тұлғаларын кескіндеп, мүсіндеудегі, оқиғаны ширатудағы психологиялық иірімдердің әсер-қуаты ерекше сезілсе, ал «Жетім жұрт» повесі тұп-тура бүгінгі күннің ең өзекті, ең күрделі проблемаларын көркемдік шеберлікпен бейнелейді. Шалғайдағы ауыл өмірі, қақаған қыста шыңылтыр мұз үстінде, аптапты жазда тулаған толқын жалында күн кешкен балықшылар тағдыры, кешегі көрікті де ажарлы кейпінен айырылып бара жатқан табиғат экологиясы әр қырынан жан-жақты көрсетіледі. Өткір де, толғақты жәйттерді құрғақ сөзбен жалаң баяндамай, нақты оқиға сәтінде суреттеп, шырайлы штрихтармен көркемдеудегі жазушы қолтаңбасы дара көзге шалынарын қуана айтамыз.
Бұл ойымыз бен пікірімізді оның «Қош бол, теңіз...», «Жазылмайтын жара» хикаяттары шегелей түссе керек. Алғашқысында жергілікті жұрт теңіз атап кеткен Балқаш көлінің кешегісі мен бүгінін шендестіре әңгімелейтін жазушы келелі ойларды қозғайды. Балқаштың болашағына алаңдаған шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекеттері, дабылды жанайқайлары әсерлі де, нанымды суреттеледі. Әлеуметтік мәселелерді әр қырынан көрсетуге ұмтылған автор біраз жайдың басын ашып айтқан. Балық түрлерінің азаюы, айдын суының шамадан тыс ластануы, көлдің сәні мен нәрі болған қамыс-құрақтың құрып бітуі, көлді мекен еткен ежелгі құс түрлерінің жойылып бара жатқаны, яғни бір сөзбен айтсақ, теңіз экологиясы әңгімеленеді. Хикаяттағы үлкен-кішінің жүрегі «Көгілдір Балқашым кешегі шалқыған Аралдың кейпін кимесе екен» деп соғады. Оның да жөні бар секілді. Өйткені, теңіз тағдыры – адам тағдыры. «Жазылмайтын жара» хикаятының алтын тіні – сұрапыл соғыс, жаралы жылдар жаңғырығы.
Сондай-ақ, Жанат Елшібектің бұл кітабына бірнеше әңгімелері топтастырылыпты. Әр жылдары жазылған қай-қайсысы да бүгінгі күнмен үндесіп жатқандай. Көгілдір Балқаштың жағасында, мың бұралған Қараталдың бойында туып-өскен қаламгердің туған жерге деген, өскен ортаға деген көңіліңді шалқытып, әдемі әсерге бөлейтін әңгімелерінің шертер сыры мол. Қилы-қилы тағдырлар, өткелекті өмірдің кешегісі мен бүгіні, күнделікті тіршілік-тыныста бір сапта жүрген адамдардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері әңгіме өзегіне айналған. «Бір күн, бір түн», «Теңіз толғағы», «Сақалды» тентектер», «Менің Қараталым», «Тағдыр желі», т.б. әңгімелері жан тебірентер, жүрек толқытар дүниелердің қатарына жатады. Сұлу табиғаттың тылсымын көңіл сүзгісінен өткізе отырып, адамдар бойындағы асыл қасиеттердің қашанда орны бөлек екенін көркем кестелейді.
Жиырмаға жуық кітаптың авторы, публицистикалық-деректі ой-толғақтары мен танымдық туындылары жетпістен астам жинаққа енген қаламгер әріптесіміздің кезекті кітабы таза әдеби шығармаларының басын біріктірген. Жинақтың полиграфиялық-техникалық безендірілуі де ішкі мазмұнына сай. Тартымды-ақ!
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.