Қазақта он саусағынан өнер тамған қыз-жігіттер көп. Солардың бірі Әділ Сәбит деген азамат жақында акустикалық домбыра жасап шығыпты.
Дүйсенбі күні Астана әуежайына Антарктидадан келген бір топ ғалымды қарсы алуға барғанымызда, қазақ жігітінің қолынан шыққан сол бір дүниені көріп, риза болдық. Бұл акустикалық домбыраға тапсырыс берген Ержан Исин деген азамат екен. Өзі кәсіпқой домбырашы, кезінде Алматыдағы консерваторияда оқып, Құрманғазы оркестрі мен «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мүшесі болған Ерекең былтыр әдейі акустикалық домбыраға тапсырыс берген көрінеді. Сөйтіп, осы домбыраны Әділ Сәбит 10 айда жасап, жақында ғана аспапты Ержанның қолына ұстатыпты.
«Домбыраның үні, дыбысы жақсы шығады екен. Акустикалық домбыра жасауға болатынын қайдан білдіңіз?», – деп сұрадық Ерекеңнен. Сонда ол: «Менің Алматыда гитарада ойнайтын, музыкаға қызығатын достарым көп. Солармен бірге бірде Әділмен кездескенімізде, оның гитара жасайтынын білдім. Сол жерде оған осы ұсынысымды айтып, акустикалық домбыра жасап беруін өтіндім», – дейді. «Әділге домбыраны жасап бергеніне ризамын. Домбыра өте әдемі шыққан, шебердің асықпай жасағаны көрініп тұр», деп қосып қойды ол.
Шынымен де, Ержанның айтқанындай, әдемі, қолыңа алып, тартып көрсең дыбысы жақсы шығатын домбыра екен. Оның айтуынша, бұған дейін ресейліктер акустикалық домбыра жасағысы келген көрінеді. Бірақ Ержанның өзі оны домбыра деп есептегім келмейді дейді. «Неге?» – деп сұраймыз ғой. «Өйткені, оның ішектері гитаранікінен жасалған. Олар төрт шектің екеуін қалдырып, бізге акустикалық домбыра жасадық деп көрсеткісі келген. Ал мына домбыра кәдімгі ағаш домбыраның шектерінен жасалған. Оның дауыс шығарғышы шанақтың ішінен өткен. Домбыраның тағы басқа ішкі тетіктерінің бәрін домбыра жасаған шебер ғана біледі», – дейді ол. Иә, домбыраны ұстасаңыз шынымен де оның кәдімгі ағаш домбыраның ішектерінен жасалғанын көресіз. Ержанның айтуынша, бұл домбыраны ол шертпе күйлер орындау үшін жасатқан екен. Ресейліктер жасаған «домбырада» темір «ішектермен» ондай күйлер орындауға тіптен мүмкін емес. «Домбырада төкпе, шертпе күйлер орындау керек. Сондықтан осы домбыраны Әділге әдейі жасаттым»,– дейді ол.
Осы жерде одан бізге домбыра шебері Әділ Сәбиттің телефонын сұрап, онымен кеңірек әңгімелескіміз келетінін білдіргенімізде, Ержан қазір Алматыға, оның ұялы телефонына хабарласып көрейін деп, бір 15 минөттен кейін қайта телефонымызға шыққанында Әділдің газетке сұхбат беруді әлі ертерек санайтынын, кешірім өтінетінін жеткізді.
Осындайда өзі тұңғыш рет акустикалық домбыра жасап, көптің арасынан көрінгісі келмей, қарапайым шеберханасында сүйікті ісімен айналысуды ғана қалайтын шеберге қалай риза болмайсың.
Дастан КЕНЖАЛИН.
––––––––––––
Суретте: тұңғыш акустикалық домбыра.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.