• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2011

Үкімет Жаңаөзенмен бейнебайланыс жасады

264 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының 11 айлық қорытындысы қаралды. Осы мәселені қарамас бұрын Премьер-Министр Ақтау қа­ла­сы­мен он-лайн режімінде бейне­бай­ланысқа шығып, жақында ғана «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қо­ры­ның басшысы болып тағайын­дал­ған Өмірзақ Шөкеевпен, Маң­ғыстау облысының жаңа әкімі Бау­ыржан Мұхамеджановпен сөй­лесті. Олардан Жаңаөзендегі қай­та қалпына келтіру жұмыс­тары­ның барысы туралы сұрап, ат­қа­рылып жатқан шаралардың орын­далуын білді. Алдымен сөз алған Өмірзақ Шөкеев үстіміздегі жылдың 20 желтоқсанындағы деректер бой­ын­­ша бірқатар мәліметтер келтірді. Қа­зіргі күні Жаңаөзен қаласы мен Теңге және Шетпе ауыл­да­рында қирандылардан пайда бол­ған қоқыстарды тазарту жұмыс­та­ры қызу түрде жүргізіліп жа­тыр. Барлығы 100 тоннадай қал­дықтар шығарылған. Бүгінгі күні Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимаратын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған. Ал ком­мер­циялық нысандарды қайта қал­пына келтіруде туындап отыр­ған мәселелер бар. Сонымен қа­тар коммерциялық нысандардан өртелген және жоғалып кеткен заттардың орнын толтыру үшін жергілікті «Жарылқау» қайырым­ды­лық қорының қаржыларын пайдалануға тура келеді. Ол үшін бұл қорға үкіметтік резервтен тыс қаржы көздері қарастырылуы керек. Залал келген 31 нысанның 12-сінің иесі өз шығындарын 208 миллион теңгеге балап отыр. Өмірзақ Шөкеев осының анық-қанығына жету үшін сарапшылар комиссиясының құрылатынды­ғын мәлім етті. Шығындарды қал­пына келтірудің тағы бір жолы – жеке меншік иелеріне жеңілдікті несиелер беру. Бұл үшін де арнайы шешім қажет. Осы мәселеге байланысты Кә­рім Мәсімов Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовке Ұлттық банкпен бірлесе отырып, жағдайды жеделдетіп шешу туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Премьер-Министр қаржы мәселесін жаңа жылға дейін жеделдетіп шешу үшін әрбір облыстан орта есеппен 100 миллион теңгеден көмек жинау қа­жеттігін ескертті. Кейбір мәсе­лелерге байланысты тиісті заңдар мен қаулыларға да өзгерістер енгізілуі мүмкін екендігін айтты. Жаңаөзенде жұмыс істеп жат­қан комиссия осы уақыттың ішінде халықпен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз жеті рет кездесу ұйымдастырып, кейбір даулы мәселелерді талқы­ла­ған. Халық қазіргі күні мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан істерді құптап, қолдап отыр. Жұмысқа орналасу туралы өтініш берген 104 адам үкіметтік комиссия ұсынған жұмыстарға баруға келісімін берген. Облыстың жаңа басшысы Бауыр­жан Мұхаметжанов бүгінгі күні «Өзенмұнайгазға» қарасты компаниялар толық жұмыс істеп тұр­ған­дығын, жұмысшылардың бар­лығы жұмысқа шыққандығын мә­лім­деді. Маңғыстау жерінде жүр­ген Ішкі істер министрі Қалмұ­хам­бет Қа­сымов тергеу жұмыс­тары­ның барысы жайлы мәлімет берді. Сондай-ақ, халықпен жүр­гі­зілген кездесулерде адамдар Ел­ба­сының коменданттық сағат енгізу жөніндегі Жарлығын толық құптап, тәртіп толық қалпына келгенінше оны одан әрі соза түсуді сұраған. Өмірзақ Шөкеев өз сөзінің қорытындысында мұндағы әлеу­мет­тік мәселелерді толық көле­мін­де шешу үшін осында жұмыс істеп жатқан битум зауыты секілді бірқатар нақты жобаларды жүзеге асыру қажет болар деген пікірін білдірді. Мәселен, азық-түлік қымбатшылығына тұсау салу үшін «ҚазАгро» холдингін тарта отырып, мұнда азық-түлік белдеуін қалыптастырған жөн болар деген ұсынысын айтты. Аталған мәселелердің барлы­ғы комиссия мүшелерінің Үкімет басшысымен бетпе-бет кездесулерінде талқыланатын болып шешілді. Мұнан кейін Үкімет күн тәр­тібіндегі мәселені қарауға кірісті. Осы бойынша негізгі баяндаманы жа­саған Экономикалық даму жә­не сауда министрі Қайрат Келім­бетов­тің айтуынша, өткен 11 ай­дың ішінде ішкі жалпы өнім кө­ле­мі 7,5 пайызға өскен. Мұндағы бір қуанышты жәйт, елімізде ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында қолға алынып жатқан жұмыстар нәти­жесінде өңдеу өнеркәсібі тау-кен өнеркәсібімен салыстырғанда, озық жағдайда дамып, оның кө­лемінің өсуі 6,7 пайызды құ­раған. Бұған негізінен химия өнер­кәсібінің, мәшине жасау са­ласының, металлургия өнер­кә­сібінің қарқынды даму нәти­же­сінде қол жеткізілді. Аталған мәселе жөнінде кейінірек кең көлемде баянда­мақпыз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.