Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда бір мәселе – «Руханият» партиясының партиялық тізімін тіркеудің күшін жою туралы мәселе қаралды.
Отырысқа Комиссия мүшелерімен қатар, халықаралық ұйымдар мен отандық қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары, Бас прокуратураның өкілдері және «Руханият» партиясының жетекшілері қатысты. Аталған мәселе жөнінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов баяндама жасады. Оның хабардар етуінше, осы жылдың 27 желтоқсанында Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Алтыншаш Жағанованың «Руханият» партиясының партиялық тізімін ұсыну және тіркеу тәртібінің бұзылуы туралы өтінішін қарау нәтижелеріне байланысты тұжырымы келіп түскен.
Өтініште 2011 жылғы 30 қарашада «Руханият» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың тізімі бекітілген кезектен тыс VІІІ съезін өткізу кезінде съезді шақыру мен өткізудің Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңымен және партияның жарғысымен белгіленген тәртібі сақталмағаны көрсетілген. Бақыт Мелдешовтің атап өткеніндей, бұл шағым бойынша Бас прокуратура ұйымдастырған тексеру шараларының нәтижелері бойынша өтініште келтірілген фактілер расталған. Атап айтқанда, партияның республикалық комитетінің отырысында тиісті шешімді қабылдауға партия жарғысымен белгіленген уәкілеттігі бар мүшелерінің қажетті санының (кворумы) болмауына байланысты «Руханият» партиясының VІІІ съезін шақыру тәртібінің бұзылу фактісі орын алған.
«Саяси партиялар туралы» Заңның 16-бабына сәйкес саяси партияның съезінде депутаттыққа кандидаттарды тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына ұсынылатын партиялық тізім бекітіледі, – деді Бақыт Мелдешов осы туралы. – Бұл ретте съездің шешімі съезге саяси партияның барлық облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық филиалдары мен өкілдіктерінің өкілдері қатысқан кезде көпшілік дауыспен қабылданады».
Ал «Руханият» партиясының жарғысымен съездердің делегаттарын өз кезегінде делегаттары қалалық және аудандық конференцияларда сайланатын облыстық, Астана және Алматы қалалық партиялық конференциялар сайлайды деп белгіленген. Орталық сайлау комиссиясы хатшысының айтуынша, «Руханият» партиясының кезектен тыс VІІІ съезінің хаттамасына сәйкес оған партияның барлық облыстық және оларға теңестірілген қалалық филиалдары мен өкілдерінен 203 делегат қатысқан. Алайда, тексеру шаралары нәтижесінде Бас прокуратура көпшілік өңірлер «Руханият» партиясы партиялық конференцияларды мүлдем өткізбегенін және съезге делегаттар жолдамағанын анықтады. Тіпті съезге партия басшылығының шақыруы негізінде жекелеген облыстардан бұған белгіленген тәртіпте берілген өкілеттіктері жоқ адамдар қатысқан көрінеді.
«Бас прокуратураның мәліметтері бойынша 12 облыста, атап айтқанда, Алматы, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында партияның партиялық конференциялары өткізілмеген, – деді әрі қарай Бақыт Мелдешов. – Екі өңірде, яғни Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында партиялық конференциялар белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілген. Кейбір өңірлердің өкілдері съезге қатысу үшін мүлде жолға шықпаған. Осылайша, Бас прокуратураның тұжырымына сәйкес «Руханият» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынудың заңнамамен белгіленген тәртібін бұзу фактілері расталды».
Осылай деген ол отырысқа қатысушыларды Орталық сайлау комиссиясының қаулысы жобасымен де таныстырып өтті. Құжат жобасында «Руханият» партиясының партиялық тізімін ұсынуы туралы Алтыншаш Жағанованың өтініші бойынша Бас прокуратура жүргізген тексерудің іс-шаралары негізінде Қазақстан Республикасы «Сайлау туралы» Конституциялық Заңының 89-бабы 6-тармағының 4-тармақшасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы: бірінші – Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 14 желтоқсанда №72/133 қаулысымен тіркелген «Руханият» партиясының партиялық тізімін тіркеудің күшін жою; екінші – «Руханият» партиясының атауын сайлау бюллетенінен алып тастау; үшінші – аталған қаулыны БАҚ-тарда жариялау және осы қаулыны облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына жіберу қажеттігі көрсетілген.
Қаулы жобасы таныстырылған соң, ол жөнінде Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос пен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев пікірлерін ортаға сала келіп, қаулыны қолдауды ұсынды. Марат Сәрсембаевтың атап өтуінше, Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының тексеруі нәтижесінде 2011 жылғы 29 қарашада өткен облыстық партия конференциясына шақырылған 26 делегаттың 16-сы ғана қатысқаны анықталған. Сондықтан онда қабылданған хаттама заңсыз болып табылады. Сондай-ақ, партияның Қызылорда және Алматы облыстық филиалдары өткізді деп хаттамалар толтырылған партиялық конференциялар да өткізілмеген. Бұл жәйттер де аталған облыстардың прокуратура органдары тарапынан тексеру барысында дәлелденген.
Отырыста «Руханият» партиясының төрағасы Серікжан Мәмбеталиннің де сөз алуына мүмкіндік берілді. Партия жетекшісі Орталық сайлау комиссиясының бұл қаулысы жобасына келіспейтінін мәлімдеді. Егер Орталық сайлау комиссиясы партияның тіркелген партиялық тізімінің күшін жою туралы шешім қабылдайтын болса, өзінің Еуропалық Парламентке шағымданатынын және АҚШ-тың Қазақстандағы елшісімен, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Байқаушылар миссиясының делегациясымен кездесетінін жеткізді.
Отырыста Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылықтарын қадағалау департаментінің бастығы Қанат Сейітғапаров та сөз алып, жоғарыда аталған мәселеге қатысты түсінік берді. Оның мәлім етуінше, Бас прокуратура Алтыншаш Жағанованың өтініші бойынша тексерулер жүргізген. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес түскен өтініш бес күн ішінде қаралуы тиіс. Бұл Конституцияда көрсетілген. Бұдан заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган ретінде прокуратура сырт қала алмайды.
Ал «Сайлау туралы» Конституциялық Заңның 89-бабы 6-тармағының 4-тармақшасында партиялық тізімді ұсыну және тіркеу тәртібі бұзылған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы тиісті шешім қабылдайтындығы нақтыланған. Тексеру барысында партияның заңнама талаптарын бұзғандығы анықталды. Сондықтан да Бас прокуратура Орталық сайлау комиссиясына «Руханият» партиясы партиялық тізімінің күшін жою туралы ұсыныс жасап отыр. Сонымен қатар, Бас прокуратура өкілі тексеру кезінде партияның «Саяси партиялар туралы» Заңның 16-бабын және партия жарғысының бірқатар ережелерін де бұзғанын атап өтті.
Осыған орай «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жоғарыда аталған тұжырымына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 28 желтоқсанда бұл партияның партиялық тізімдерді ұсыну ережелерін бұзуына байланысты «Руханият» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы шешімінің күшін жойды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.