• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2010

ЖАҢА РЕФОРМА: ҮМІТ ПЕН КҮДІК

1330 рет
көрсетілді

Баршаға аян, елімізде халық денсаулығы мен емдеу сапасын жақсартып, жетілдіру мақсатында 2010 жылдың 1 қаңтарынан Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) енгізіліп, жұмыс басталып кетті. Әрине, жаңа басталған реформа жайында медицина қауымдастығы арасында да, тұрғындар арасында да әрқилы әңгімелер айтылуда. Өйткені, жаңа жүйе ең әуелі алдын ала бір-екі облыста тәжірибеден өткізіліп, атқару тетігі халыққа түсіндіріліп, ең болмаса алғашқы уақытта кезең-кезеңмен кірістіру ойластырылмаған соң, бірден енгізілген кезде қарбаласы мен өз қиындығын ала келері хақ. Кейбір ғалымдарымыз ауқымды бағдар­ла­ма­ның түпкі идеясымен келіскенімен, іске асыру тетігі толық зерттеліп, ғылыми негізделмеген әрі бүгінгі қолда­ныс­тағы құрал-жабдық, материалдық базаның жаңа жүйе­ні енгізуге қауқары қаншалықты жететіні ескеріліп, есептелмегендіктен асығыс жасалған жоба дегенді де алға тартады. Денсаулық – адамның да, қоғамның да байлығы. Реформа министрлер үшін емес, халық үшін жасалады. Алайда, ол дұрыс жүргізілмесе қиындығын тартатын біріншіден – халық, екіншіден, қыруар қаражат шығарған – мемлекет. Әдетте, мұндай үлкен бағдарлама енгізілгенде қаупі мен тәуекелі қатар жүреді. Өйткені, қабылданған реформа, бағдарламалар қағаз жүзінде сақадай-сай болғанмен, бірақ жүзеге асыруға келгенде алшақтыққа, сәйкессіздікке ұрынуы ықтимал. Оған дәлел, бұғанға дейін денсаулық сақтау саласында дәл осылай елді дүрліктіріп басталып, арты құрдымға кеткен бірнеше реформадан беті қайтып қалған жұртшылықтың биылғы жылдың басты сауалына айналып, бас ауыртып отырған жаңа жүйеге үлкен үміт артқанымен, әзірге күдігінің басымдау болып жатқаны да содан шығар. Бүгінде жоғарыда айтқандай, жаңа жүйе жайында халықтың мағлұматы кемшін болғандықтан да дәрігер мен аурухананы таңдаудың жөні осы екен деп, ауылдан қалаға, облыс орталығына сабылып келіп, бірден өздері қалаған емдеу орындарына барып, есік алдынан қайтып, әбігерге түсіп жатқандары қаншама. Редакцияға телефон шалып: “Бұлай сандалғанша, бұрынғы үйренген жүйеміз жақсы еді...” деп шала бүлінгендер де бар. Ендеше, біз бүгінгі мақаламызда көпшілік оқырманға енгізіліп отырған Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жайында мағлұмат бере отырып, оның ұтымды және әлсіз тұстарына, яғни денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жаңа моделі не береді деген сауалға жауап іздеуге тырыстық... Енгізіліп отырған Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мақсаты – пациенттің дәрігерді және медициналық мекемені еркін таңдауға, емдеу мекемелері арасында бәсекелестік орта құру мен меди­ци­налық қызмет көрсету үрдісінің ашық­тығына негіздел­ген. Оны іске асыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылмақ: денсау­лық сақтау жүйесінде әкімшілік реформа жүргізу; медицина қызмет­кер­лерінің сапасын үздіксіз көтеру; денсау­лық сақтау жүйесін қаржыландыруды жетілдіру, халыққа медициналық көмекті жақындату. Ұлттық жүйе екі кезеңге арналған. 1-ші кезең – 2010-2015 жылға дейін – пси­хиатриялық, жұқпалы, туберкулез ауру­ларын қоспаған­да, ауруларды емдеу кезінде стационарлық және стационарды алмас­ты­ратын көмектің шеңберінде тегін меди­ци­налық көмектің кепілді көлеміне бірыңғай ақы төлеушіні құру. 2-ші кезең – 2016-2020 жылға дейін – мемлекеттің, жұмыс беруші және азаматтардың жеке және қоғамның саулығы үшін ортақ жауапкер­шілігі теңгерілімін белгілеу. Дәрігер қалай таңдалады? Жоғарыда айтқандай, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша кез келген Қазақстан азаматы дәрігерді өз қалауымен еркін таңдауға құқылы. Яғни, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде алғашқы медицина­лық-сани­тарлық көмек мекемелеріне (емханалар­ға) азаматтарды тіркеу бір ғана аумақтық-әкім­ші­лік бірлік тұрғысында тұрақты және уақытша тұратын мекен-жай бойынша жүзеге асады. Пациент тек бір ғана мекемеге тіркеле алады. Оның құжаты емхананың тіркеу талоны болып табылады. Ал тіркеу жылына бір рет, 1 қаңтардан 1 ақпанға дейін жүргізіледі. Алайда, біздің ауылдағы ағайындардың көпшілігі дәрігерді өз еркімен таңдау құқын еліміздің кез келген түкпірінен келіп, өз­дері­не ұнаған дәрігерге қарала береміз деп түсінетін сыңайлы. Жоқ, олай емес. Бірін­шіден, ауыл адамдары қаланың емханасына тіркеле алмайды. Олар жергілікті жердегі аумақтық қағидаттар бойынша тіркеледі. Жалпы, дәрігерді таңдауға ауылдықтардан гөрі, қалалықтар­дың мүмкіндігі мол. Өйткені, ауылдағы ағайындар бетіне қарап отырған жалғыз дәрігерден басқа кімді таңдамақ? Жақында Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетов барлық салалық мамандары­ның басын қосып, журналистермен өт­кізген баспасөз мәслихатында жаңа жүйе­ге қатысты біраз жайттарға түсініктеме берген-ді. Басқарма бастығының айтуын­ша, егер өзіңіз тұратын тұрақты мекен-жайға қарасты емхананың дәрігерлік қызметіне көңіліңіз толмаса, қаладағы басқа қалаған медицина­лық мекемеге тіркеле аласыз. Ол үшін жеке куәлік, СТН (РНН), өтініш, бұрынғы ем­хана­дан тір­кеу­­ден шыққаныңыз туралы талон қажет. Егер қала тұрғыны бұғанға дейін тіркелген емханасын өзгерткісі келме­се, қайта тіркелудің қажеті жоқ. Ал қалаға басқа облыстан, жақын ауылдан, яки шетел­ден жұмысқа келген азаматтар болса, алды­мен тиісті заң орнына (Әділет министр­лі­гіне) барып, тіркелгені жөнінде құжат алады. Міне, сол құжатпен кез келген қалаған емханаға, қалаған дәрігеріне тіркеле алады. Екіқабат әйелдер мен балаларға тіркелген мекен-жайына қарамастан медициналық көмек көрсетіледі. Басқарма бастығы оңтүстік шаһардың емдеу мекемелері БҰДЖ бойынша медициналық қызмет көрсетуге негізінен дайын екендігін жеткізе келіп, кейбір пациенттер түсінбеушілік салдарынан бірден ауруханаға жатуға болмаса анық­тама бюро­сына барғаны жайлы фактілер­дің кездесіп, ондай адамдармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін мәлім етті. Бір ескерте кетерлігі, БҰДЖ бойын­ша емханаға тіркелу мерзімі биылғы жылға 20 ақпанға дейін ұзартылды. Медициналық емдеу мекемесі қалай таңдалады? Жалпы стационарға жату үш меди­цина­лық көрсеткіш арқылы жүзеге асады. Бірін­шісі, алғашқы медициналық-са­нитар­лық көмек пен медициналық меке­ме мамандары­ның жолдамасы; екіншісі, жедел медицина­лық көмек қызметі мен санитарлық авиа­ция; үшіншісі, шұғыл ауырған жағдайда нау­қастың өз аяғымен келуі. Пациент тегін меди­циналық көмек­тің кепілді көлемінің шеңберінде стацио­нарлық емдеуді таңдау үшін кез келген аккредиттелген мемлекет­тік және жеке меншік аурухананы тек тұрғы­лықты ме­кен-жайы бойынша емес, Қазақ­станның кез келген аумағынан таңдай алады. Мәселен, Алматы облысы Жамбыл ауданының түкпірдегі Жаманты ауылы­ның тұрғыны өзі қалаған клиникадан меди­ци­на­лық көмек алғысы келеді делік. Ол үшін не істеуі керек? Бірін­шіден, жолдамаға қол жет­кізеді. Ал жолдама қалай беріледі? Алды­мен алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек беру мекеме­сінің дәрігері (ауыл­дық дәрігер­лік ам­булатория немесе ФАП) науқасқа жол­дама жазып, аудан­дық емханаға жібере­ді. Ондағы маман-дәрігер науқас­тың ауру белгілерін бай­қап, қажетті анализ­дер өткізіп, тексері­луге нұсқау береді. Бұл тексерілулер міндетті түрде өзі барған емханада өткі­зілуі тиіс. Өйткені, жолдамамен бірге науқастың дайын анализдері де қоса тігіледі. Сосын дәрі­гер дайын анализ­дерге, науқастың жағ­дайына қарап, қандай жолмен емдеу керек­тігін шешеді. Егер науқастың ауруы күрделі болмаса, онда жергілікті жердегі аудандық ауруханада, болмаса күндізгі стационарда емделу ұсынылады. Бұрынғы­дай “тексері­ліп алайын, жатып “система” салдырып алайын” деп себепсізден себепсіз ем-домға, майда-шүйде сырқатқа бағдарла­мада жол жоқ. Жаңа жүйеде науқас ауру­ха­наны таңдаса, өз кезегінде аурухана ауруды (болезнь) талғап қабылдайды. Тек патологиясы ауыр жағдайда ғана жолдама толтырылады. Мәселен, жамантылық науқастың ауруы – өттегі тасты алдыру бол­сын делік. Аудандық емхана дәрігері жолдаманы толтырарда Алматы, Астанада ондай операция жасайтын 5 клиника бар, соның біреуін таңдаңыз деуі керек. Пациент аурухананы таңдаған соң, жолдамада өзінің қалаған клиникасында емделуге келісім беретінін көрсетеді. Содан кейін дәрігер аурудың кодын көрсетіп, оны жаңадан құрылған медици­налық ақпараттық-талдау орталығы жанындағы (МАТО) жатқызу бюросына (бюро госпитализации) өткізіп, күту па­рақ­шасын алады. МАТО болса электрон­дық жүйемен облыстық, сосын респуб­ликалық МАТО-ға Астанаға жібереді. Сөйтіп, кодыңызды екі-үш (мүмкін 4-5-7) күн күтесіз. Содан кейін ғана аурудың коды мен науқастың коды көрсетілген жолдаманы, анализдерді алып, өзіңіз қалаған клиникаға барасыз. Егер клини­када орын болмаса, онда сізді кезекке қояды. Бір ескеретін жайт, егер жолда­маңыз он күнге дейін анықталмаса, анализдерді қайта тапсыруға тура келеді. Бұл тәртіп не үшін қажет? Бұрын қалай еді, науқас ауруханаға жатады, ертесіне анализ өткізсе, келесі күні сараптамасын алып, содан кейін ем қолданатын. Ал мұнда қолында дайын анализі бар науқасқа стацио­нарға жатқан күннен ем-дом жүргізіліп, уақыт үнем­делмек. Жалпы алғанда жаңа жүйенің тағы бір мақсаты – емханадағы ем-дом­ды, күндізгі стационарды жолға қойып, күшейтіп, ауруханадағы төсек санын қысқартып, аз уақытта сапалы ем жүргізу. Мәселен, Қазақстан әлемде стацио­нарлық төсек саны жөнінен алдың­ғы орын алады. Бүгінде елімізде 127 мың­нан аса төсек бар екен. Бірақ, өкінішке орай, бізде саны көп болғаны­мен, сапа төмен. Сонымен жамантылық науқас №7 аурухананы қалап, операция жасалды де­лік. Онда операцияның қалай өткендігі жөнінде сараптама жасалады. Айдың аяғында осы операцияға төленетін төлем­ақы Алматы қала­сына түседі. Сөйтіп, бұрындары қаладағы ауруханаларға тегін жатуға қолы жетімсіз ауыл адамдары, енді жаңа реформа бойынша осындай жолмен емделмек. Мәселен, Республикалық ме­дициналық ақ­параттық-талдау орталығы Алматы облыстық филиалы дерегіне сүйенсек, 2010 жылдың 4 ақпанына 802 жолдаманың 624-і ауыл тұрғындарына берілген. Олардың 53-і республикалық деңгейдегі орталықтарға жолданса, оның 47-сі ауыл адамдары. Сондай-ақ облыстық ауруханаға жіберілген 495 науқастың 268-і ауылдықтар. Ал Алматы қаласында №12 емхананың 10 ақпандағы мәліметі бойын­ша, стационарға 254 адам жолдамаға қол жеткізсе, оның 157-сі кодпен, 97-сі жедел жәрдем арқылы жатқан. Квотамен емделуге келсек, оның жолдамаға еш қатынасы жоқ. Яғни, квота аудан, облыс деңгейінде жасалынбайтын күрделі опе­рация, емдерге беріледі. Келешекте жаңа жүйе ретке келген жағдайда квотаның да “күні” бітуі мүмкін дегенді айтады... Жаңа жүйенің ұтымды жақтары немесе күтілетін нәтижелер Біріншіден, электронды ақпараттық жүйені және салалық статистиканы дамыту негізінде қазіргі денсаулық сақтау субъектілерін басқару қағидаттары ен­гізіледі. Яғни, Қазақстанда тұратын халық­тың есебі алынып, тіркеліп, өзінің аты айғақтап тұрғандай бірыңғай орта­лықтандырылған жүйе қалыптаспақ. Онда әрбір азаматтың бүкіл сараптама нәти­желері – салынған вакцинадан бастап, қанының тобы, қандай аурумен ауырға­ны, дәріге аллергиясы бар ма, т.б. ауру тарихы жазылған науқастың жеке коды жасақталады. Егер сіз Қазақстанның кез келген түкпірінде жүріп аяқ астынан ауыра қалсаңыз, болмаса айтып келмейтін түрлі апат, оқыс оқиғалардан мертіксеңіз, дереу компьютерден науқастың қайда тұ­ра­тыны, бұрынғы ауру-сырқауы жайында барлық анықтаманы алып, бірден ем қолдана береді. Демек, Қазақстан аума­ғында кез келген пациент қай өңірден екендігіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілді көлемін алуына құқылы. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы шалғайдағы елді-мекенге дейін жаппай компьютерленген жағдайда шетелдегідей дәрігер сырқатнамасын толтырудан, қаншама қағазбастылықтан құтылып, нау­қасты емдеуге, кәсіби біліктілігін көтеруге уақыты мүмкіндік бермек. Емделушілер де бұрынғыдай дәрігердің түсініксіз жазуына бас қатырмайды, қажетті анықтама, сараптаманы тайға таңба басқандай компьютерден шығарып береді. Әрине, әзірге “ауылы алыстау” бұл тетік толық іске асуы үшін уақыт та, орасан ауқымды жұмыс та атқарылуы тиіс. Екіншіден, пациенттің учаскелік дәрі­гер мен медициналық емдеу мекеме­сін еркін таңдауын қамтамасыз етуі. Яғни, қажет болған жағдайда дәрігердің жолда­масымен пациент республика аумағында емделуге кез келген бейінді аурухананы өз қалауымен таңдайды. Егер бұрындары ауыл адамдары республикалық деңгейдегі ұлттық орта­лықтар мен ғылы­ми-зерттеу институт­тарын­да соншама қиындықпен келетін квотамен емделсе, жаңа жүйеде алғашқы медици­налық-санитарлық көмек және медици­налық ұйым мамандарының жолда­масымен де стационарлық көмек алатын болады. Үшіншіден, медициналық қызметтерді көрсетудің бәсекелестік ор­тасын қалып­тасты­рады. Демек, медицина­лық мекемелер ара­сында өзара бәсеке ту­мақ. Ол үшін үкімет олар­ды жеке мен­шік, мемлекеттік мекеме демей, бәріне бірдей қаражат бөліп, халыққа ақы­сыз ме­дициналық көмек көрсету жүйесін да­мытады. Мұн­дай жағдайда емдеу ме­кемелері де, дәрігерлер де сапалы қызмет көрсетуге, біліктіліктерін арт­тыруға тырысады. Төртіншіден, тегін медициналық көмек­­тің кепілді көлеміне кіретін жедел және шұғыл медициналық жәрдеммен ауруханаға түскен науқасты аяғына дейін емдеп шығармақ. Бесіншіден, медицина­лық қызмет көрсету саласында ашық, сы­байлас жемқорлыққа қарсы орта құры­лып, бұл ретте формалды емес тө­лем­дер дең­гейі айтарлықтай төмендемек. Мәсе­лен, нақтыланбаған (необоснован­ный) диаг­нозбен жолдама берілсе, нау­қасты ау­руханаға жатқызбайды. Есесіне сол жол­даманы берген емхананың бас дәрігеріне айыппұл салынады. Сондықтан бас дәрі­гер­дің өзі ондай заңсыздыққа бар­мауға тырысады. Алтыншыдан, денсаулық сақтау­ға бөлінген мемлекеттік бюджет пен халықтың қаражатын, оның ішінде ста­цио­нарлық топты оңтайландыруға негіз­дел­ген қаражатты пайдаланудың тиімділі­гін арттыру. Осы орайда Үкіметтің қаулы­сымен арнайы қаражаттың бөлінуін қадағалайтын аумақтық бөлімшелері бар Медициналық қызметке ақы төлеу коми­теті құрылды. Ол комитет ауруханалардың соңғы нәтижеге – науқастың жазылып шығуына қол жеткізуін ескере отырып қаржыландырады. Егер ауруы қайта қабынса немесе науқас қайтыс болса, яки талас тудырған жағдайда эксперт анализ жасап барып төлемді шешеді. Бұдан “ақ­ша пациент соңында жүреді” деген қағида жүзеге асырылмақ. Яғни, ақша соңғы нәтижеге, нақты шығынға төленбек. Жетіншіден, БҰДЖ шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінетін қар­жы медициналық ұйымдардың орнала­суына қарамастан салыстырмалы коэф­фициент қолданылған бірдей базалық та­рифпен төленбек. Мәселен, бұғанға дейін жан басына шаққандағы тегін медицина­лық көмектің кепілді көлемін қаржылан­дыруда айтарлықтай айырма­шы­лықтар орын алған. Айталық, Қа­рағанды облы­сында науқастың бір емделуінің бағасы 88,6 мың, ал Оңтүстік Қазақстан облы­сында 41 мың теңгені құраған. Бұл ретте медициналық қыз­меттер­дің қолданыс­тағы тарифтерінің айқындығы, ашық­тығы болмай отыр: аурудың түріне және медициналық қызмет көрсетуге бай­ланысты нақты шығындарға қарамастан, сырқат емде­луінің орташа бағасы 55,1 мың теңгені құраған. Ал ұлттық жүйеде мемлекет денсаулық сақтау мекемелеріне бөлінетін қаражаттың бәрін бір жерге жинамақ. Сөйтіп, қай жерде көбірек емделсе, сол жерге ақша көбірек бөлінбек. Сегізіншіден, мемлекеттің ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етпек. Олай дейтініміз, соңғы алты жылда мем­ле­кет денсаулық сақтау саласына қаражат аямай, 2004 жылы 130 млрд., 2009 жылы 472,8 миллиард теңге бөліп, кепілді тегін медици­на­лық көмек көрсетудің қаржылық қорын 273,1 млрд. теңгеге жеткізгенмен, бірақ сол қаражаттардың дұрыс игеріл­меуінен, 2008 жылы бөлінген қаражаттың 35 миллиарды жұмсалмай, мемлекетке қайтарылды. Cондай-ақ, орасан көп қаражатқа керекті-керексіз жабдықтар, жаңа технологиялар сатып алынып, олармен жұмыс жасайтын мамандардың жоқтығынан, болмаса қажетті бөлшектері жоқтықтан босқа тұрғандары қаншама. Тағы бір мәселе, кейде қаражат шығарып оқытқан маман­дардың өзімізде жұмыс істеп кетуіне шетелдегідей құрал-жабдық­тар болмай шығады. Одан да біздегі бар техноло­гияны үйрету үшін шетелден маман шақыртып оқыту тиімді болар еді. Тоғызыншы, медициналық мекемелер­дің қызметін басқаруда нарықтық тетіктер кеңінен қолданылмақ. Оныншыдан, кейбір фармацевтикалық фирмалар дәрі-дәрмек­пен алыпсатарлыққа барса, жаңа жүйеде ондайға жол берілмейді. Бұл жерде бәрі заңды, бағасы қатал қадаға­ланады. Сонда “ана дәрі, мына дәрі жоқ” деген бол­мауы мүмкін. Өйткені, бас дәрі­гер­лер он­дай ысырапшыл­дыққа бармауға тырысады Он біріншіден, аккредиттеу, тәуелсіз сарапшыларды тарту. Министрлік жаңа жүйені енгізудің алдында жанталаса аккредитация өткізді. Яғни, емдеу ме­кеме­леріндегі қолданыстағы құрал-жабдықтардан не бар, не жоғын, сондай-ақ, мемлекет меди­цина мекемелерін ұстап тұруда комму­налдық қызметке жұмсала­тын қаражаттың есебін алды. Бұл да бір біткен іс болды. Он екіншіден, түпкі нәтижеге бағ­дарланған, медицина қызметкерлерінің сараланған еңбекақы жүйесі енгізіледі. Министрдің айтуынша, сапасы жоқ емдеу орындары, біліксіз дәрі­герлер қысқармақ. Демек, бағдарламада дәрігерлер өздерінің деңгейін байқайды әрі байқатады. Сонда олар­ға қанша жалақы төлеу керектігі өзінен өзі шықпақ. Егер дәрі­гер өзіндік жұмыс жа­сап, жаңадан шық­қан әсері тиімді дәрі­лерді, озық әдіс-тәсіл­дерді оқып, біліп, ізденіп қолдан­баса, кәсіби біліктілігін арттырмай, үйренген бір дәріні жаза берсе, әрине, қыс­қарады. Ендігі жер­де Алматыға білік­тілігін арттыруға оқуға жолданған ма­мандар көбіне қыды­руға, демалып қайтуға, сертифи­катты ақ­ша беріп сатып алуға кел­мейтін болады... Жаңа жүйенің   әлсіз жақтары Біріншіден, онсыз да сын көтермейтін шалғай ауылдағы дәрі­герлік ам­була­тория, фельд­шерлік-акушер­лік пункттердің (ФАП) жұмыстары нашар­лап, тағы да күйзеліске ұшырауы ықтимал. Ал оңтай­лас­тыру кезінде өткен реформада ФАП-тар­ды, ауыл­дық аурухана­ларды жауып тастаға­ны­мыз өзімізге белгілі. Олардың орнын әлі толтыра алмай жат­қанда, жаңа жүйе жағдайында бұрынғы күндеріне жете алмай қалуы мүм­кін. Бәлкім, еліміздегі денсаулық сақтау сала­­сының жұмысын жолға қойып, халық­тың денсаулығын жақ­сартамыз десек, ең алдымен әлем ме­диктері осыдан отыз жыл бұрын мойында­ған (Алматы декла­ра­циясы), әлі де мойындап отырған алғаш­қы медициналық көмек көрсету ме­кемелерінің базасын күшейтіп, жұмысын оңтайлы ұйым­д­асты­ру қажет шығар. Иә, “ана шаруам, мына шаруам бітсін” деп жүріп, құлағанда бір-ақ дәрігерге баратын біздің халыққа өз денсаулығына жауапты болуын міндеттеу­ді 2015 жылдан емес, бүгіннен бастау керек. Мәселен, шетелде емделу өте қым­бат тұрғандықтан олар өз денсаулығын сақтап, қорғайды, ауырмау­дың жолын іздейді. Саламатты өмір салтымен айна­лысып, ішімдік ішпейді, темекі тартпай, жол ережелерін мұқият сақтайды. Әйелдер шақыртпай-ақ жыл сайын тексеруден өтеді. Бізде ол қызмет тегін болса да келіп қарал­майды. Әйелдер консультациясына жүктілік­тің соңғы айларында ғана қара­лып, босануға пер­зент­ханаға аяқтары ісініп, қан қысымдары көтеріліп келіп жатқаны. Ендеше, Кодексте жазылғандай, өз ден­сау­­лығы­мызға деген жауапкерші­лік­ті, мә­дениеті­мізді көтеруге күш салуымыз керек. Екіншіден, жаңа жүйенің негізгі мақсаты – медициналық көмек көрсету жүйесінің бәсекелестігін арттыра отырып, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу делінген. Жоғарыда біз жүйенің ұтымды жағы “ақша пациенттің артында жүреді” дедік. Енді жергілікті жердегі бас дәрігерлер ауылдағы стационарды сақтап қалу, ақшаны сыртқа жібермеу үшін әртүрлі жағдайларға баруы мүмкін. Сондай-ақ, қай науқастың білікті маман­ға, жақсы ауруханаға қаралып ем алғысы келмейді дейсің. Ал жақсы аурухана созылмалы емес. Не істейді, баяғы тамыр-таныстықпен ақша берудің жолын іздейді. Оған қарға тамырлы қазақтың ағайын-туғаны, жоғарыдан соғылатын телефон шалушыларды қосыңыз. Ауыры жанына батқан адам жолдаманы да, кезекті де күтпейді. Сөйтіп, жолдама алуды жедел­детуде парақорлық бұрынғыдан да өршуі ықтимал. Егер бұрындары науқас бір адамның қолын майласа, енді жолдаманы толтыратын дәрігерге, сосын ақпараттық-талдау орталығындағы маманға, сосын ауруханаға жатуға кезек күтпес үшін, со­сын емдейтін дәрігерге беруге тура келеді. Өткен жылы бес облыстың тұрғындары­мен жасалған сауалдамада олардың 44 пайызы “дәрігерлерге ақша берсең жақсы қарайды” деп жауап берген. Өйткені, біздің менталитет, психоло­гиямыз солай. Үшіншіден, науқастың дәрігерді, ауру­хананы таңдауының ережесі жетілдіріл­меген. Мәселен, дәрігерлердің де, ме­дициналық ұйымдардың да дайында­луына, біздерде “мынадай-мынадай бар” дегендей, өздерін жарнамалауға мүмкін­шілік берілмеді. Ауруханалар да солай. Төртіншіден, ауруханаларға жатқызу бюросының жұмысы жетілдірілмеген. Мынаны қараңыз, барлық бос төсек орын жөнінде ақпарат түске дейін беріледі, ал ақпарат құруға ертеңіне жетіп, науқас келгенше төсек орынға басқаны жатқы­зады. Сөйтіп, науқас бірнеше күн бос орын күтуге мәжбүр болуда. Бесіншіден, тегін медициналық көмек­тің кепілді көлемін пайдалану үшін әр азамат тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан мекен-жаймен емханаға тіркелуге міндетті дедік. Егер БҰДЖ-мен басқа емхананы таңдап, тіркелген жағдайда, науқас учаскелік дәрігерді үйге шақыру құқынан айырылады. Мәселен, сіз Ақсай­да тұрып, Достық даңғылындағы №5 қалалық емханаға тіркелсеңіз, учаскелік дәрігердің қаланың бір шетінен екінші­сіне баруға еш мүмкіндігі де, мұршасы да жоқ. Яғни, жүйеде дәрігерді таңдауда ара қашықтық алшақтығы мен маман жетіспеушілігі ескерілмеген. Айталық, Алматы қаласы бойынша аккредиттеуден сүрінбей өткен №12 емха­наға 10 ақпанға дейін әр түрлі жағдаймен ресми түрде 791 адам келіп тіркеліп, 77 адам басқа емханаларға кеткен. Айталық, сол тіркелгендер арасында диспансерлік есептегі­лермен, мүгедектер, туберкулез, онкология­лық науқастармен учаскелік дәрігердің жұмыс істеуі тіптен қиындай­ды. Әсіресе, жұқпалы аурумен ауырған науқастың үйіне барып, ауру көзін залал­сыз­дандыру керек болады. Жалпы № 12 емха­на 62 мың ересек, 22 мың балаға медици­на­лық қызмет көрсетеді. Енді оған қала­ның әр аймағынан тіркелген 791 адамды қосыңыз. Кейде пациенттердің телефон­да­ры өзгеріп жатады, сонда көлікпен қамтамасыз етілмеген, учаскелік дәрігер қайтпек? Ал бұрынғы жүйе бойынша қалай еді. Учаскелік дәрігер өзіне бе­кітіл­ген 5-6 көше тұрғындарының денсаулы­ғы­на жауап беретін. Егер дәрігерге дис­пансерлік есептегі пациент қажет болса, телефонмен хабарласа алмаса, есігіне қағаз жазып қалдырса да, тауып алып байла­нысатын. Реті келгенде айта кетелік, Алматы қаласында бүгінгі күнге 210 дәрігер жетіс­песе, оның 66-ы балалар педиатры, 112-і учаскелік дәрігерлер. Ал жоғары оқу орнын бітірген 800-ге жуық ақ халатты маман­ның биыл 50-і Алматыдағы медициналық жедел жәрдем стансасына жұмысқа орналасқан болса, республика бойынша медицина саласы 4 мың дәрігерге зәру болса, ауылдық жерлерде 3 мыңға жуық маман жетіспейді. Жауапсыз сұрақ көп, бірақ реформа бар. Алтыншыдан, медициналық қызметтің тарифтерін теңестіруде де оның техноло­гия­сы жетілдірілмеген, бұрынғы жоғарғы тарифпен жұмыс істеп келген ауруханалар бұл жағдайда қиыншылыққа ұшырауы ықтимал. Жетіншіден, бұғанға дейін ден-сау­лық сақтау саласы жергілікті бюджеттен қаржылан­дыры­лып, аудандық, қала­лық, облыстық әкімдікке де қарай­тын. Ұлттық жүйе бойынша министрлік бүкіл бюджетті өз қолдарына алып отыр. Есесі­не бұл жерде денсаулық саласына жергі­лік­ті әкімдіктер­дің жауапкершілігі бәсең­сіп қалмай ма? Әкім де өз тұрғын­дары­ның денсаулығына жауап берулері керек емес пе? Сегізіншіден, медицина қызметкерлері­нің пікірінше, нормативтік-құқықтық ба­за жетілдірілмеген. Олардың көпшілігі жыл аяғында, қараша, желтоқсан айла­рын­да шыққандықтан, яғни толық таны­сып, қол­дарына тимегендіктен жүйенің уақытында жұмыс істеу кетуіне өз кедер­гілерін тигізуде. Мәселен, аурухананың статистика бөлімінде отырған мамандар­дың жаңа жүйе негізіндегі жұмысты атқаруға еш мүмкіндігі жоқ. Сондықтан бүгінде дәрігерлер меди­циналық статисти­калық картаны өздері толтыруда. Статкар­та дегеніміз не? Әр науқастың ауру­ханада жатқан уақытта ішкен дәрісі, ампула­сының мөлшерін есептеп шығарады. Міне, сол жұмысты қазір дәрігерлер атқару­да. Оның бәрі уақыт. Сондықтан мұндай техникалық жұмысты медбике­лерге, болмаса медициналық білімі бар мамандарға жүктеп, онсыз да науқастар­мен жиірек кездесуге уақыты жетпейтін дәрігерлерді босату орынды болмақ. Бұйрық, қаулы қашанда талқыланбайды, орындалады. Оның үстіне бұл Үкіметтік бағдарлама. Мемлекет басшысы да экономикалық реттеу мен ынталандыруды енгізуді, қаржылық модельді өзгерту арқылы азаматтар мен жұмыс берушілердің ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етуді көздейтін денсаулық сақтау моделін әзірлеуге тапсырма  бергені өзімізге белгілі. Иә, қашанда қалыптасып, жұмыс істеп жатқан жүйеге реформа енгізу оңай шаруа емес. Әсіресе, әлеуметтік саланың ең күрделі де жауаптысы  – медицинаға. Қалай десек те, осы салаға жасалған реформалардың бір жолы болмай-ақ қойды. Бір жағынан оның өз деңгейінде жүрмеуін мамандар шетелдік жүйеге сүйеніп, негізін солардан алатынымыз­бен түсіндіреді. Бұл жолы Қазақстан Канада, Ав­стралия мемлекет­терімен географиялық, демография­лық жағынан ұқсас болғандықтан, осы елдердің жүйесіне сүйендік дегенді алға тартады. Басқасын айт­пағанда, экономикасы, жаңа технологиясы қарыштап дамыған, медицина саласы жаппай компьютерленген, халықтың өз денсаулығына деген менталитеті жоғары елмен өзімізді салыстыру оңайға соға қояр ма екен? Неге бізге осы он сегіз жылдың ішінде экономикалық жағдайымыз, жеріміз үлкен болғанмен тұрғын­дардың орналасу тығыздығы, жылдың төрт мезгілі болатын жердің де, елдің де артықшылықтары, ұлттық ерекшеліктеріміз, халықтың өз денсаулығына деген сауаты ескеріліп, аптықпай, асықпай басқа балама бағдар­ламаларды да талқылап, қоғамдық ұйымдарды да тыңдап, депутаттар да атсалысып, кесіп-пішіп, бір-екі жыл тәжірибеден өткізіп, пісіріп барып өзіміздің қазақстандық моделімізді жасамасқа?! Мемлекеттің негізгі байлығы – халық. Халықтың басты дәулеті – денсаулық. Жақында Алматы телеканалында “Жаңа жүйе медициналық қызметтің сапасын көтере ме, жоқ па?” деген сауалға телекөрермендердің жүз пайызы “жоқ” деп дауыс беруі ойлантатын жайт. Ендеше, енді ғана енгізіліп, қолданысқа түскен бұл жүйе туралы нақты қорытынды жасау ертерек. Бірақ, әйтеуір жақсы-жаманды жұмыс істеп, үйренген бұрынғы жүйемізге жете алмай қалмасақ болғаны. Қорқатынымыз – әр түрлі шешілмеген мәселелер көбейіп кетсе, жағдай одан да ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан, ондай жайттар уақытында кәсіби, сапалы түрде шешілсе. Иә, үлкен жұмыс басталып кетті. “Көш жүре түзеледі” деген қазақпыз ғой, жүре түзелуіне үміт арталық. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.