Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы өзінің сайлауалды жұмыстарын өрістете түсті. Соның ішінде Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар еліміздің өңірлеріне шығып, мұндағы халықпен, жергілікті жердің басшылығымен тікелей кездесулер өткізуде.
Мәселен, «Ауыл» партиясы атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат академик Көпмағамбет Елемесов Атырау, Маңғыстау облыстарында болып, сайлаушылармен бірқатар кездесулер өткізді. Онда халыққа «Ауыл» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көзделген мәселелер түсіндірілді. Халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауаптар берілді.
Көпмағамбет Елемесов осындай сапар барысында Атырау облысында жүрген ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді байқаушысы Александр Фон Аркспен кездесіп, оған «Ауыл» партиясының сайлауалды тұғырнамасы туралы кең көлемді түсінік берді. Мұндағы байқаушылардың басты міндеті – саяси үгіт барысын, сайлау заңнамасын және оның іс жүзінде қолданылуын, сайлау кезіндегі БАҚ жағдайын, сайлау комиссияларының және басқа да мемлекеттік құрылымдардың жұмысын мұқият зерттеу. Парламент Мәжілісі депутаттығына партия атынан кандидат пен байқаушы арасындағы бір сағаттан астамға созылған өзара үнқатысу осы тақырыптар төңірегінде өрбіді. Байқаушы «Ауыл» партиясының құрылымын, олардың мүшелерінің белсенділігін, «Ауыл» тұрғындарының мүдделерін қаншалықты қорғайтындығын білгісі келді. Осылардың барлығына нақты жауаптар берілді. Сұхбат қорытындысында байқаушы академикке өзіне көп мәселе жөнінде дұрыс түсінік алуына көмектескені үшін ризашылығын жеткізді.
Көпмағамбет Елемесов осы сапар барысында сайлау науқанына жауапты болып табылатын облыс әкімінің орынбасары Асқар Керимовпен кездесіп, сайлауалды жұмыстардың қаншалықты әділетті жағдайда жүріп жатқандығымен танысты. Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары сайлау үдерісіне әкімшілік тарапынан ешқандай бір қысымшылықтың болмайтынын, сайлаудың әділ де ашық жағдайда өтетіндігін, билік органдары партиялардың барлығына тең көзқарас танытатындығын айтып, осы жәйттердің орындалатындығына уәде берді.
Кешегі күні дәл осындай кездесулер Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласында, Алматы облысының Қарасай ауданындағы Алмалы кентінде, Жамбыл облысының Мерке ауданындағы №18 орта мектепте, Ақтөбе қаласындағы ауыл шаруашылығы колледжінде, Қызылорда қаласындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып өтті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.