• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2011

Жүйе жаңаша жандануы тиіс

305 рет
көрсетілді

Кеше Алматыда «Әділет» демо­кра­тиялық партиясы «Қазақстан Респуб­ли­касындағы жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту»  деген  тақырыпта баспасөз-мәс­лихатын өткізді. Оған «Әділет» пар­тиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев және партия төрағасының бірінші орын­басары Төлеген Сыдық, сондай-ақ «Әді­лет» партиясынан депутаттыққа кандидаттар қатысты.  Баспасөз мәслихаты ба­рысында партия «Қазақстан Респуб­ли­касындағы жергілікті өзін өзі бас­қаруды дамыту» туралы мәлімдемесін жария етті. «Әділет» партиясы жергілікті өзін өзі басқаруды азаматтық қоғаммен, елдің әлеуметтік-экономикалық дәреже­сі­мен тығыз байланысты көп кезеңнен тұратын үрдіс ретінде қарастыратынын атап өтті. Олардың ой-пікіріне сүйенсек, жергілікті өзін өзі басқару органдары елдің әрбір елді мекендерінде, ал қа­лаларда шағын аудандарда құрылуы тиіс. Ол жерлерде мұндай құрылымдар тұрғындардың мәселелерін шешіп қана қоймай, қаржы көздерін де анықтап, заң негізінде жергілікті жердің қаржы институтын қалыптастыруға мүмкіндік бермек. «Біз парламенттік партияның бірі болсақ, онда азаматтық қоғамды қа­лыптастырудың тетіктерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік және  өзін өзі басқару туралы заңына, сондай-ақ осыған қатысты басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізіп, олардың қабыл­дануын  қолға алар едік», дейді әділет­тіктер. Бұл ретте олар мемлекеттің мына мәселелерді назарға алу қажеттігін атап өтті. Мәселен, заң шығару блогы – жер­гілікті өзін өзі басқару орган­дары­ның өкілеттіліктерін және функ­ция­ларын белгілейтін, анықтайтын, сондай-ақ бекітетін нормативті-құқықтық акті­лердің жиынтығы болып есептеледі. Бұл блок аталған заңның тиімді және ұтымды қызмет жасауын қамтамасыз етуі тиіс. Партия мәлімдемесіндегі көтерілген екінші бір мәселе – қаржы-экономи­ка­лық блогы. «Әділет» партиясы осы орайда жергілікті өзін өзі басқару органдары қаржылық жағынан биліктен тәуелсіз болған жағдайда ғана тиімді болады деп есептейді. Баспасөз мәслихаты кезінде жергілікті өзін өзі басқару органдарының жеке-дара бюджетінің үздіксіз табыс алатын бөлігі негізінде өзін өзі басқару органдарын қаржыландыруға бағыттал­ған ұлттық қор болуы тиіс екендігі ай­тылды. «Бірінші кезекте, ұлттық қорды дағдарыс жағдайында пайдалану үшін тұрақтандыру бөлімін ішкі жалпы өнімнің 15 пайызы деңгейіне дейін шектеу қажет, қалған бөлігін елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуына жұмсау керек», делінген мәлімдемеде. Бұл күні «Әділет» партиясы жергілікті өзін өзі басқарудағы ұйымдас­ты­рушылық-құқықтық мәселесіне де назар аударды. Бұл ретте, партия Қа­зақстан­дағы жергілікті өзін өзі бас­қаруды дамытуды мемлекет тарапынан қолдау жөнінде ұлттық бағдарлама даяр­лауды жөн деп санайтындықтарын жеткізді. Жалпы, «Әділет» демокра­тия­лық партиясы ұйымдастырған мәслихат кезінде жергілікті өзін өзі басқару туралы реформа әлеуметтік, құқықтық басым бағыттағы Қазақстанды құру мақсатын көздейтіні назарға салынды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.