Нұра ауданындағы Изенді ауылының тарихы тың игеру кезінен тартылса да нағыз өркендеу кезеңі тәуелсіздікке қол жеткен жылдармен тұспа-тұс келді деуге болады. Оған дейін аймақтың бір бүйірінде оншалықты еленбей күн кешкен бұл елді мекен тұрғындарының маңдайына жазылғаны қой бағудан айнымау еді. Жанындағы шаруашылықтар астық өндіру арқылы асып-тасып жатқанда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мүлдем тұралап қалған бұл ауылға көңіл аударылып, ескеріле қоймаған-ды.
Осындай күйдегі ауылға өтпелі кезеңнің бастапқы уақыты өте ауыр соқты. Әйтеуір жерлестерін алға бастар алғыр азаматтар табылып, өмір көшіне ілестіріп әкетті. «Отқанжар» атты ЖШС құрған Қанат Отарбаевтың ұйытқы болуымен изенділіктер еңсесі тіктеліп, жаңа жағдайда еңбек етуге жұмылып, құлшынды.
Қазір адам танығысыз өзгерген Изенді облыстағы ең дәулетті әрі көрікті елді мекендердің шоқтысы саналады. Қой саны қайтадан 15 мыңнан асса, егін егу де 6 мың гектарға жетті. Алдағы уақытта жылқы түлігін 700-ден асыру жобаланып отыр.
Тұрғындарға сүйініштісі – еңбек игілігі ортақ. Серіктестік тарапынан ұжым мүшелеріне қамқорлық молынан көрсетіледі. Мәселен, соңғы жеті жылда серіктестік есебінен әлеуметтік саланы дамытуға 150 миллионнан астам теңге жұмсалды. Бұл күнде ауыл ажарын ашып тұрған қоғамдық қызмет көрсету орталығы, атап айтқанда, құрамындағы кітапхана, байланыс бөлімшесі, медициналық пункт «Отқанжардың» өз күш-қаражатына салынып берілді. Кейінде олар селолық округ қарамағына ерікті түрде басыбайлы өткізілді.
Осылайша тұрғызылған нысандардың бірі – 30 орындық мектеп-интернат болды. Алыстағы қыстақтардағы шопандар балаларының онда сабаққа алаңсыз дайындалып, үлгілі тәрбие алуларына жақсы жағдай баршылық. Оқушылардың демалыс күндері үйлеріне барып-қайтуына арнайы көлік бөлінген. Жалпы, жеткіншектерге деген көмек-қолдау ауқымы аса кең. «Жыл оқушысы» номинациясы бойынша оқу жылы қорытындысында озаттарды ынталандыру сыйлығы тапсырылады. Сонымен бірге «Үздік сынып» атанған топ та көтермеленеді. Оқушылар жыл сайын Астананың көркем, тарихи орындарын аралауға экскурсияға жіберіліп тұратын үрдіс те қалыптасқан. Боксшы Бақтияр Артаев атындағы спорт кешені солардың еншісіне тиген. Мәдениет үйіндегі көркемөнерпаздар үйірмесінің тұрақты жұмыс істеуі, музыкалық аспаптар, киім-кешектер боса-болмасын серіктестік мойнында.
Изендідегі жас отбасыларға аялы қамқорлық та бір бөлек. Тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған. Нәрестелі болушыларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы «Жөргекпұл» төленеді. Ауыл азаматтары арасынан мамандар даярланады.
Осындай игі іс-шаралардың бастамашысы ретінде серіктестік жетекшісі Қанат Отарбаев бұрнағы жылы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың «Білім» меценаты деп танылса, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» конкурсының алтын жүлдегері екенін де атай кеткен орынды.
Сөз басында айтылғандай, Изенді тазалығы мен мәдениеттілігі жағынан аймақтағы үлгілі ауыл. «Ең әдемі аула», «Ең әдемі үй», «Ең әдемі көше» тұрғындар көңіліне жаққан, белсене қатысатын байқаулар. Олар әдетте мерекелі думанға ұласып, сый-сияпаттар тарту етіліп, жұртты туған орталары келбетін көріктендіруге баурайды.
Зәулім мешіт, жарқыраған мәдениет үйі, сәнді тойхана, дөңгеленген қымызхана, балалар ойнауға арналған алаңқай, сыңғырлаған спорт кешені, иісі бұрқыраған наубайхана міне, бүгінде Изендінің көз сүйсінтерлік, қызықтырарлық көрініс бейнесі осындай. Шаруашылығы нығайып, экономикалық қуаты күшейген сайын «Отқанжар» ЖШС-нің ауылдың әлеуметтік саласын әлдендіруге аса ынталылығы қуантады. Көрген адамның жанын жадыратып сала беретін, тыныс-тіршілігі сүйсіндіретін, ажары тамсандыратын бұл мекеннің құттылығы әлеуметтік қамқорлықтың арқасы. Ел іші қамын ойлаған азаматтары барымен мерейлі. Мүдделерін қорғап, шынайы кеңпейілділік, жайсаң жомарттық жасаушы бауырластарына риза. Тәуелсіз заманда өсіп-өркендеудің бағы қонған Изенді қазіргі қазақ ауылының жұлдызды бейнесіндей жаңарып-құлпыруы тәмам жұртты таңырқата, жарқырай түсіп отыр.
Тамаша өзгерістер жасаушы, алға ұмтылдырушы, шат-шадыман өмірге бөлеуші азаматтарына ақ алғыс жауған ауыл бұл.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы, Нұра ауданы.