• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2011

Бала көзіндегі қуаныш

313 рет
көрсетілді

Атырау мұнайлы өңір болған­мен, әлеуметтік және инфрақұры­лым­дық жобаларды мұнай өнер­кә­сібінде жұ­мыс жасайтын кәсіпорын­дар­дың қол­дауынсыз іске асыру мүм­кін емес. Сол себептен, осы са­ла­дағы ірі кәсіп­орын­дар да жергілікті биліктің ұсы­ны­сымен өңір әлеуе­ті­нің жақсара түсуі­не қолдау жасау­ды парыз санай­ды. Соның бірі – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) ком­паниясы. Жал­пы, теңіз мұнайын игеруге ұмтылған компаниялар тобы 1998-2010 жыл­дар аралығындағы ке­зеңде Атырау және Маңғыстау об­лыс­тарында әлеу­меттік саланы қам­ты­ған 136-дан астам жо­ба­ны іске асы­­рыпты. Бұл жобаларға денсаулық сақ­тау, спорт, мәдениет және білім беру салалары үшін бой көтерген құры­лыс нысандары кіреді. Дәл осындай жоба­ның қатарында Атырау қаласы­нан біршама қашықта орналасқан Дамба ауылында салын­ған балабақ­ша­ны да айтуға болады. Бұл жоба әлеуметтік және инфра­құ­рылымдық жобаларды жүзеге асыру міндетін алған «Норт Каспиан Продакшн Оперейшнс Компани Б.В.» (NCPOC) агент-компа­ния­сымен бірге іске асырылыпты. Жақында Дамба ауылында 160 орындық балабақша ғимаратын тап­сыру салтанаты өткізілді. Салта­нат­ты шараның ашылуында сөз алған «НКОК» компаниясының сыртқы қа­тынас жөніндегі директоры Пьер Дельпон «Біз қызметімізді жүргізіп жатқан өңірдің жергілікті халқына қолдау көрсетуге мүдделі екенімізді атап өткім келеді. Қазақстан Респуб­ли­касы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ата­лып өтілетін мерейлі жылда біз­дің консорциум бірнеше жобаларды аяқтауды жоспарлап отыр. Олардың кейбірінің жобалау және құрылысын жүргізу жұмыстары атқарылуда. «NCPOC» компаниясымен біз жергілікті органдармен осы жобаларды одан әрі жетілдіру, сонымен қатар, орын­дау мақсатында бірлесіп жұ­мыс жасаймыз. Бүгін біздің қаржы­лан­дыруымызбен бой көтерген бала­бақшаның бірін тапсырып тұрмыз. Осы жаңа балабақшадан тәлім-тәр­бие алатын балалардың көзінен үнемі қуаныш көрсек дейміз» деп атап өтті. Пьер Дельпон мырзаның ай­туын­ша, жаңа балабақшаны жиһаз­бен, құ­рал-саймандармен жабдық­тау, аула­сын абаттандыру, жабық ойын алаңы мен трансфор­ма­тор­лық подстансаны орнату, сондай-ақ, саябақ және бала­бақ­шаға кіретін асфальт жол төсеу жұмыстары шетелдік компания есебінен жүр­гізіліпті. Енді алдағы көк­тем ай­ларында көгалдандыру жұ­мы­сы қолға алынғалы отыр. НКОК-тың өкілі Пьер Дельпо­н­ның пікірінше, әлеуметтік және инф­рақұрылымдық жобаларын қар­жы­лан­дыру Атырау және Маңғыс­тау об­лыс­тарына тең бөлінеді. Мә­селен, 1998-2010 жылдар аралы­ғын­дағы ке­зең­де тек қана Атырау облысында 90 миллионнан астам АҚШ доллары осын­дай жобаларды іске асыруға жұмса­лып­ты. Биыл атал­ған консор­циумның демеушілік жә­не қайы­рым­­ды­лық бағ­дар­ла­ма­сы аясында 15 жо­ба­ны іске асыру аяқталғанын хабарлады. Консорциумның демеушілік жә­не қайырымдылық көмегін егде тарт­қан қариялар тобы ұдайы алып тұрады. Әсіресе, Балықшы кентіндегі соғыс және еңбек ардагерлері, мүгедектер қоғамына, «Фронтовичка» ардагерлер клубына азық-түлік купоны ретінде, кейде шипажайға жол­дама беріледі. Мұндай қайы­рым­ды­лық көмектен Мақат ауданының тұрмысы төмен отбасылары шет қал­ған емес. Жыл ішінде осындай санаттағы адамдар тобына 227 азық-түлік купондары мен шипажайға 29 жолдама беріліпті. Бұған қоса об­лыс­тық инфекциялық ауруханасына осы заманның ең озық медициналық жабдықтарымен қамтылып, сыр­қат­тарға сапалы қызмет көрсетуге жол ашылды десек артық болмас. Соны­мен бірге, Атырау қалалық ауру­ха­насы мен № 14 Чехов атындағы орта мектепке компьютер жабдықтары алынып берілген. Ал «Алтын ба­лық» балабақшасына аула ойын ала­ңы, Н. Крупская атындағы орта мектепке музыкалық аспаптар мен спорт саймандары тарту етілген. Шетелдік компания мұндай де­меу­­шілік және қайырымдылық көмек­ті тек Атырау облысы ғана емес, со­ны­мен бірге, Маңғыстау өңіріне де көр­сетуді дәстүрге енгізген. Мәселен, 2010 жылы демеушілік және қайы­рым­дылық бағдар­ла­ма­сы шеңберінде Маңғыстау және Атырау облыс­та­рын­да 84 жоба жә­не де іске асы­рыл­ды. Тек Атырау об­лысының өзінде 42 жоба қар­жы­ландырылыпты. Мұ­ның 24-і Атырау қаласында және 18-і Мақат ауданында іске асырылғанын айтуға болады. Осы жобаларды қар­жы­лан­дыруға 221 миллион теңге (1,5 миллион АҚШ доллары) бөлініпті. Жо­ба­ға бағытталған қаржы Маңғыс­тау, Атырау облыстары, осы өңір­лер­дегі Түпқараған және Мақат ау­дан­дары арасында тең бөлініп келеді. Қазір Атырау қаласының ма­ңын­дағы тағы бір елді мекен – Ақ­жарда да балабақша құрылысы аяқ­талуға тая­ды. Бұл да 160 орын­ға есептелген. Балабақша 4 блоктан тұрады, 9 ойын алаңы, көкөніс сақтау қойма­сы, өрт сөндіру үшін су жинауға 4 қазан орнатылып жатыр. Міне, мұ­найлы өңірдегі әлеуметтік жоба­лар­ға 10,9 миллиард теңге жұмсаған ше­телдік инвесторларды тоғыстыр­ған алып НКОК жақында «Па­рыз-2011» конкурсының лауреаты атанды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.