Мұхамеджан да ата-бабалары секілді Ресейдің Омбы облысында туып-өсті. Балалық шағын осында өткізді. Одан кейінгі тағдыры тарихи Отанымен тығыз байланысты. 1997 жылы Совхозное елді мекенінде «Лұқпанов» ЖШС-ін ұйымдастырып, 14 жылдан бері тапжылмастан жетекшілік етіп келеді. Өтпелі кезеңнің қиындықтары оны ширатты, шынықтырды. Үкіметке алақан жайып, «басқа түсті, мен көндім» деп отыру оның табиғатына жат. Жылусыз, жарықсыз, сусыз қалған ауылдастарының жайы қабырғасына қатты батты. Көмір, отын мүлдем тапшы. Орталық бу қазандықтары арқылы жылытылып келген әлеуметтік-мәдени нысандардың есіктері тарс жабылды. Тұтас ауыл тығырыққа тіреліп, тұрғындардың алды жан-жаққа бас сауғалап, біртіндеп көше бастады. Бұлай жалғаса берсе, бәрінен айырылып, ауылдың жұртын сипап қалатынын ұқты. Мектепке маңайлай алмайды. Бүрсең қаққан оқушылар мен мұғалімдер... Әр сыныпқа пеш салдыртты. Одан ештеңе өнбеді. Сосын білікті мамандарды жұмылдыра отырып, өз бу қазандықтарын ойлап тапты. Кәдімгі самаурынға ұқсатып жасалған қондырғы еңселі ғимаратқа орнатылды. Жаңа үлгідегі бу қазандығына қарағанда экономикалық жағынан әлдеқайда тиімді болғандықтан әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Мәдениет, денсаулық сақтау мекемелері де осы әдіспен жылытылды. Жергілікті өнертапқыштардың жаңалығын ауданның көптеген білім ордалары кеңінен қолданды. ЯМЗ-238 моторы негізінде 200 киловаттық генератор қойылып, кешкі мезгілдерде «Ильич шамы» самаладай жарқырап тұрады. Осылайша М.Лұқпанов қысқа жіпті күрмеуге келтіре жүріп, егіншілік саласына озық технологияларды енгізуді де ұмыт қалдырған жоқ. Қазір мұнда 5 мың гектардан астам егістік алқап бар. Орта есеппен алғанда өнімділік 15-17 центнерді құрайды. Енді етті мал шаруашылығын дамыту қамына кірісіп кеткен. Осы мақсатпен 400 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алудың тиісті құжаттарын әзірлеп қойды.
Бүгінде еліне елеулі, халқына қалаулы азамат Мұхамеджан Лұқпановты жұртшылық «Қызылжардың Атымтай жомарты» деп орынды мақтан етеді. Олай болатын жөні бар. Егіншілік саласы бойынша ғана 45 ауылдасын жұмыспен қамтамасыз етсе, жоғарыдағы инновациялық жобалар жүзеге асқан жағдайда осынша адам жұмысқа тағы орналасатын болады.
– Бірде Елбасымыз «Парыз» конкурсының жеңімпаздарын марапаттап тұрып, ел тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге тікелей атсалысып, өмір сапасын жақсарта білген адам ғана нағыз кәсіпкер деуге әбден лайық, деген сөзі маған ерекше әсер етіп, әлеуметтік серіктестік парызымды адал орындауға ұмтылып келемін,– дейді тәжірибелі басшы.
Содан бері Президенттің әлеуметтік әріптестікті өрістету туралы ұсынысын жан-жақты қолдап, қаржылық демеуден қол үзген емес. Берген уәдеге беріктігін талай мәрте дәлелдеді. Сонау қиыншылық жылдардың өзінде атамекенге оралған 46 оралман отбасының 236 мүшесін құшақ жая қарсы алып, барлық жағдайын жасап берген ол ауылдастары үшін бәріне әзір. Ауылды көркейтуге, білім, денсаулық мәдениет ошақтарын жөндеуге 35 миллион теңгеден астам қаражат жұмсады. 7 тонналық диірмен орнатылып, наубайхана іске қосылып, нан және нан өнімдері қолжетімді бағамен сатылады. Жастар бос уақыттарын көңілді де мазмұнды өткізсін деген ниетпен мәдениет үйін еуропалық үлгіде жөндетіп, жылыту жүйесін жаңартты. 2,5 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттарын серіктестік есебінен әзірлетіп, «Азия даму» банкі бөлген 76 миллион теңге қаражатқа 9 шақырым су құбырын тартуға тікелей ұйытқы болды. Су соратын станса мен 400 текше метрлік сыйымдылық орнатылды. 100 үйге ауыз су жеткізіліп, есептегіш құралдар орнатылды. Спорт құрал-жабдықтарын, компьютерлер әперу, жазғы, қысқы спорт алаңдарымен, ыстық тамақпен қамтамасыз ету – серіктестіктің төл міндеттерінің бірі секілді. Балалар мерекелері еш ақысыз ұйымдастырылады. Науқан кездерінде қырманда, қос бастарында монша жұмыс істеп, диқан-механизаторларға төрт мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. Шаруашылық жетекшісіне ардагерлер, көп балалы отбасылар, аз қамтылған жандар дән риза. Оларға көптеген әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Жем-шөп, отынға дейін үйге тегін түсіріліп беріледі, дейді қамқорлыққа ризашылығын білдірген еңбек ардагерлерінің бірі Иосиф Войтик.
«Қызылжардың Атымтайы» облыстық мәлихаттың депутаттығына қатарынан екі рет сайланып, небір игі шаралардың жаршысына айналды. Әсіресе, оның елді мекендерді көркейтуге, мәдени-әлеуметтік нысандарды жөндеуге жұмсалатын қаржылық шығындардың жартысын серіктестіктер, шаруа қожалықтары есебінен өтеуді діттеген «50х50» бастамасына кәсіпкерлер қызу үн қосты. Сөйтіп, әлеуметтік саланы дамытуға 600 миллион теңге жұмсалды.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Президенттің Жарлығымен бір топ солтүстікқазақстандықтар мемлекеттік наградаларға ие болды. Солардың бірі – біз сөз етіп отырған Мұхамеджан Лұқпанов. Бұл Мұқаңның бірінші марапаты емес. Оның алдында «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудеге жарқырата таққан болатын. Енді «Құрмет» ордені қосылды. Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы және бар. Былтыр ауылдың Совхозное атауы өзгеріп, байырғы Ақжарқын атын алды. Мәселе қаражатқа келіп тірелгенде тағы да атымтай-жомарттық көрсеткен осы Мұқаң болатын.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы.