• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2011

Ойланыңдар пайым беріп сөзіме

452 рет
көрсетілді

Уа, жастарым! Қазағымның ұландары өр деген, Ынтымақ пен татулықтың өрнегі ең. Ай мен Күннің аманында не сұмдық, Ордасының шаңырағын өртеген?!   Қанымыз бір, тегіміз бір, ол – түрік, Көрмеген ел туырлығын жел түріп. Тарихта жоқ ұшпағына  жеткен ел, Тұрғындары бірін-бірі өлтіріп.   Емес өмір бір сағаттық, бір күндік, Басымызда бір шаңырақ, бір түндік. Болашағы барыс елдің жасына, Жараспайды дүлейлік пен сүргіндік.   Үгітке ерме, білмей жатып астарын, Араңда көп жас сұңғыла, жас дарын. Аласыңдар ақыл,төзім біріксе, Қиял жетпес табыстардың асқарын.   Отырған жоқ арамзалар жай қарап, Зымиянның ұсынары – жат бағыт. Бүлінгенді бүтіндейік санамен, Парасатқа жүгінейік, тәубе қып!   Ойлан,ұлан, жолыңды тап байыптан, Ұлы Азаттық келмеген сый ғайыптан. Айыптардың жаманы жоқ жалғанда, Отаныңның алдындағы айыптан!   Ессіз ұрпақ ұлттың ұлы қайғысы, Өз ошағын ойрандайды қай кісі?! Өмір деген – қияметте бітетін, Жақсылық пен жамандықтың айтысы. Тыңнан тартып әл-қуаттың жемісін, Көрді жұртым парасаттың жеңісін. Отанымды өрге тартқан ғажап күш- Білім,төзім,ынтымақ пен келісім. Қалкен СМАЙЫЛ. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу кенті.