Астанадан – Дастан КЕНЖАЛИН.
Кеше Астанадағы «Думан» ойын-сауық орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға арналған Жаңа жылдық шырша өтті. Осында балаларды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев LED-дисплейдегі экран арқылы келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, мол бақыт, зор денсаулық, оқуда озат болуға тілектестігін білдірді. «Қымбатты балалар, бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл толғанын білесіздер, сондықтан бұл жыл баршамыз үшін айрықша жыл болды. Тәуелсіздік арқылы біздің ұлы Отанымыз жылдан жылға өркендей түсуде. Қазір дүние жүзі Қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр», – деді Президент Н.Назарбаев. Одан әрі балалар шыршаның айналасында әлемнің әртүрлі халықтарының – қазақ және орыс, ағылшын және швед, неміс және француз, түрік және дат ертегілерінің кейіпкерлерімен бірге бақыт формуласын іздеуге тырысты. Онда бүлдіршіндерге Аяз Ата мен Ақшақар бақыт формуласының 11 әріптен тұратынын айтып, сол сөзді шешу үшін байқаулар мен сөзжұмбақтар өткізді. Сөйтіп, балалар мерекелік шара барысында бақыт формуласын тапты. Ол формула – «Тәуелсіздік – алтын бесігім» деп аталды. Кеш соңында балаларға Елбасы атынан сыйлыққа жеке ноутбуктер, «Бал-бала» ұлттық ойыншықтар, «Дарын» республикалық орталығының кітаптары, тәтті сыйлықтар мен жұмсақ ойыншықтар табыс етілді. Осы жерде балалармен бірге шараға қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева бізбен әңгімесінде Жаңа жылдық шыршаға балалар үйлерінен 200-ден астам тәрбиеленушінің қатысқанын, мұндай мерекелік іс-шара Жаңа жылға дейін қаланың әр жерінде жалғасатынын айтты. Сонымен бірге, ол қалада мыңнан астам Жаңа жылдық шыршалардың өткізіліп, оған 50 мыңнан астам баланың қатысып жатқанын жеткізді. «Жаңа жыл қарсаңында балалардың бәрі мерекелік шарадан тыс қалмайды. Астана қаласының әкімдігі демеушілердің көмегімен барлық бүлдіршіндердің, әсіресе, жетім, ата-ана қамқорлығынан айырылған, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалардың көңілін табу үшін бәрін жасайтын болады», – деді ол. Ал біздің Жаңа жылдық шыршаға қатысқан 200-ден астам баланың ішінде өзге этнос өкілдерінің 16 бүлдіршінінің мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қазақша тақпақтар мен әндерді нақышына келтіре орындағаны қуантты. Олардың бәрі №63 балалар үйінің тәрбиеленушілері екен.Алматыдан – Айнаш ЕСАЛИ.
Кеше Алматыдағы Қабылдау үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан балалар үйінің тәрбиеленушілері мен жағдайы төмен отбасылардың балаларына, оқу озаттарына және әр түрлі байқаулардың жеңімпаздарына арналған дәстүрлі Жаңа жылдық шырша болып өтті. Биыл осымен 12-рет ұйымдастырылған шыршаға 150 бала қатысты. Балаларға театрдың, кино мен эстраданың ең үздік әртістерінің қатысуымен арнайы дайындалған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Олар шыршаны айнала ән айтып, би билеп, Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетті. Жаңа жылдық қойылымда сүйікті ертегі кейіпкерлері – Алдаркөсе мен Жиренше, Рапунцель, Жалмауыз кемпір, сондай-ақ келе жатқан Айдаһар жылының символы бүлдіршіндермен бірге әлем халықтарының түрлі ойындарын бірге ойнап, бәйгеге қатысып, халық билерін биледі. Балаларды 2012 жылмен сондай-ақ танымал әртістер Алишман, Emotion және «Орда» топтары құттықтап, думанды мерекенің ажарын ашты. Мерекелік шыршаның басталуында арнайы жазылған бейнетаспа арқылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шыршаға жиналған балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық армандарының орындалуын, барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, мақсаттарына жете берулерін тіледі. Мерекелік ойын-сауық бағдарламасынан кейін әр бала Елбасы атынан сыйлықтар алды.Ақтөбеден – Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
«Тәуелсіздік – алтын бесік» деген атпен «Атамекен» демалыс орталығында ұйымдастырылған Президент шыршасына біздің облыстың 200 баласы қатысты. Олар — 9-13 жас аралығындағы үздік оқитын, үлгілі, тәртіпті жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедек және аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары. Қызылды-жасылды шамдары жарқылдаған, әдемі безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы Алтын батыр мен Ақшақарды қошеметпен қарсы алды. Көңілді топтың ажарын Алдар Көсе де толтырды. Бұдан соң оқушылар ертегілер елінің қонақтарымен бірге республикамыздың әр өңіріне саяхат жасады. Балдырғандар Аяз Атаны ерекше ықыласпен қарсы алды. Мерекенің бас кейіпкері бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Бұдан соң балалар бір-бірінің қолдарын ұстап, шыршаны айналып ән салды, әуен ырғағымен биледі. Бұдан кейін көңілді топ Жаңа жыл «иесі» – Ұлуды қошеметпен қарсы алды. Еліміздің Бас шыршасына арнайы шақыртумен келген балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады. Президент құттықтауынан соң облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтау сөз сөйледі. Архимед Бегежанұлы Президент шыршасына жиналған балалардың әрқайсысына Елбасы атынан сыйлық таратты. Әр сыйлықта жылы сырт киім, бас киім, етік, спорттық киімдер, кеңсе тауарлары салынған рюкзак, тәтті тағамдар бар.Атыраудан – Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Бұл күнді, яғни, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңа жылдық құттықтауын атыраулық балалар да асыға тосады. Жаңа жылдық шыршаға қатысуға шақыру алған 200 баланың көңілі алабұртып, Атыраудағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қақ ортасына қойылған жасыл шырша жанындағы шаттық басталғанша дегбірі қалмағанын байқадық. Бұл жолы Президенттік шыршаға мұнайлы өңірдің жеті ауданының әрқайсысынан 10 баладан шақырылса, Атырау қаласының кішкентай тұрғындарына көбірек шақыру беріліпті. Балалардың барлығы да мәз-мейрам, араларында Аяз Атаны күтуге әзірлігін пысықтау үстінде жүргені көп. Бірі жаттаған тақпақтарын қайта-қайта қайталап әлек. Енді бірі би ырғағына беріліп жүр. Алдымен ортаға баршамен қоштасу үшін Қоян шықты. Оның ізін ала Ұлу шығып, баршаға бақ-береке тіледі. Алтын Адам да Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен қол жеткізген табыстарының алдағы кезеңде де жалғасуына тілекші екенін жеткізді. Ақ таяғын таянып, ақ сақалы желбіреп Аяз Ата ортаға шығып, сиқырлы таяғымен алуан түрлі ойыншықтарға көміліп тұрған жасыл шыршаның шамдарын жаққанда, үлкен залды балалардың қуанышты у-шуы кернеді. Осы сәтте қабырғаға ілінген үлкен экраннан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның барлық балдырғандарына арнаған Жаңа жылдық құттықтауы басталды. Елбасы балаларды Жаңа жылмен құттықтап, білімді болуға, ғылымды меңгеруге сәттілік тіледі. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукенов Елбасы атынан Жаңа жылдық шырша мерекесіне жиналған балаларға жылы киімдерді тарту етті. Ортаға алып тәтті торт та әкелінді. Ал қуаныштан жүздері бал-бұл жанған балалар Аяз Атамен бірге шыршаны айнала дөңгеленіп билей жөнелді.Қостанайдан – Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Жангелдин ауданында тұратын Жақан Думан Президент шыршасына дайындалғалы қашан. Осы шыршаға баратынын естігенде қуанып, сабаққа да бар ықыласын бөліп, «бестіктер» алып жүрді. Анасы қоянның киімін тігіп берді. Ақ қар, көк мұзда 8 сағат жүріп, сонау шалғайдағы Жангелдин ауданынан Қостанайға да жетті. Облыс орталығындағы «Ақ шаңырақ» мейрамханасына балалар облыстың барлық аудандары мен қалаларынан жиналыпты. Мейрамхананың іші ертегідегідей безендірілген. Экранда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балаларды жаңа 2012 жылмен құттықтап, олардың денсаулығының мықты болып, жақсы оқуына тілек білдірді. – Елбасының атынан алған сыйлығыма керемет қуандым, – дейді кішкентай Жақан. Балаларды мұнан кейін облыс әкімі Сергей Кулагин келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Облыс басшысы жас ұрпақ үшін елімізде көптеген игілікті жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Қазақстанның патриоты болып өсуі үшін оларға жақсы оқып, ұстаздарының ақыл-кеңесін бұлжытпай орындауы керектігін айтты. Балаларға бақыт тіледі. Президент шыршасына облыстың барлық өңірінен 150 бала қатысты. Алыс аудандар мен ауылдардағы көп балалы, әлеуметтік аз қорғалған отбасынан шыққан және жетім балалар шырша қызығын, Аяз Ата мен Ақшақардың келуін және кішкентай өнерпаздардың концертін тамашалады, оларға Елбасы атынан берілген сыйлықтарын таратты.Қарағандыдан – Айқын НЕСІПБАЙ.
Жаңа жыл мерекесі, әсіресе, балалар үшін үлкен қуаныш. Теміртаудағы ең зәулім әрі кең ғимарат – Мәдениет үйінде бас қосқан қаланың 200-ге тарта жеткіншегі жүздері бал-бұл жайнап, өмірлеріндегі шаттық шақты бірге қарсы алып тұрғандарына мерейлері тасып, ұмытылмас әсерге бөленді. Бұған дейін бір-бірін білмейтін әр мектептердегі оқу озаттары, көп балалы және әлеуметтік жағдайы әлсіз отбасылар өрендері, мүгедек жасөспірімдер мұның алдында шаһардың әдемі орындарын, өлкетану-тарихи мұражайын аралау кезінде танысып-табысып, бауырласқан болатын. Әсем көріктендірілген, биік, сәулелері жарқыраған Президент шыршасы алдында әр этнос ұландары қол ұстасып, дөңгелене ән мен биге қосылды. Елбасының өздеріндей барша қазақстандық замандастарына арналған құттықтау сөзі көңілдерін өсірді. Қуаныштарына ортақтасуға, бөлісуге келген облыс әкімі Серік Ахметов 2012 жыл бәріне бақыт пен шаттық, ата-аналарына береке мен табыс әкелуін тіледі. Мемлекетіміздің ертеңгі өркендеуін жалғастыратын өскелең ұрпақ ретінде терең білім, саналы тәрбие сіңіру арқылы ерен істерге лайықты үлес қосатындықтарына, Елбасының аялы қамқорлығын ақтай алатындықтарына сенім білдірді. Президент шыршасы кездесуіне жиналған балалар қуанышын бәріне бірдей сыйланған тарту-таралғылар одан сайын жарастырды.Өскеменнен – Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Жаңа жылдық Президент шыршасына Кенді Алтайдың аудандары мен қалаларынан 200-ге тарта бала келді. Оның ішінде 41-і жетім балалар, 80-і тұрмысы аз қамтылған отбасылардың балалары, ал қалғандары оқуда озат шәкірттер. Денсаулық сақтау кешенінің кең залындағы сахна төрінде Жаңа жылдық шырша жарқырап тұр. Бір уақытта сахнаға Жамбыл атындағы қазақ драма театрының әртістері шығып, Айдаһар, Тазша бала, Тарихшы әже келе жатқан Жаңа жылдың ерекшеліктері жайлы қызықты етіп айтып берді. Балалар би билеп, ән салды. Елбасы Н. Назарбаев теледидардан өз құттықтауын жолдады. Облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Думанғазы Арғынғазиннің айтуынша, Елбасының сәлемдемесі – 50 мың теңгенің қысқы киімдері сыйға тартылды. Біз Риддер қаласындағы Гагарин атындағы мектеп-интернаттың ұстазы Әлия Жанбатыровамен тілдескенімізде, олардың Президент шыршасына көңілдері толатынын тілге тиек етті. Ата-анасы жоқ балалар көркейген, жаңа ғимараттар салынып жатқан Өскеменді аралап, театрда болды.Қызылордадан – Cерік ПІРНАЗАР, журналист
(арнайы «Егемен Қазақстан» үшін).
Кеше Қызылорда қаласында да Президент шыршасының шамы жағылды. Ол Сыр бойы бас қаласындағы № 264 мектеп-лицейде сағат 11-де шапағын шашты. Мұнда да Елбасы Жаңа жылдық шыршасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Негізгі мазмұны «Тәуелсіздік – алтын бесік» тақырыбы аясына астаса өткізілген салтанатты шараға облыстағы 9-13 жас аралығындағы оқу озаттарының арасынан жетім, ата-ана қамқорлығынан қағыс қалған, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасынан шыққан балалар қатысты. Негізінен шара сегіз бөлімнен тұрды. Ол театрландырылған көрініспен өрнектелді. Мұнда бәрі де болды. Балалар ертегілер еліне де саяхат жасады, қазіргі заманның тамашаларына да қанықты. Соның төртінші бөлімінде балалардың шақыруы бойынша Аяз Ата мен Ақшақар ортаға шығып, думан көрігін қыздырды. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов осы сәтте сиқырлы таяқшаның көмегімен шырша шырағын тұтатты. Бұдан соң балақайлар Елбасының интерактивті құттықтауын ден қоя тыңдады. Мұның соңын ала аймақ басшысы да қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтап, балаларға сыйлықтар тапсырды. Барлық балалар ноутбук, кітаптар мен тәтті сыйлықтарға ие болып, қуанышқа бөленді. Содан кейін балаларды суретке түсіру рәсімі болды. Балалар облыс әкімімен, келген қонақтармен, ертегі кейіпкерлерімен суретке түсіп шаттанды. Тойдың соңы мерекелік дастарқанға және музыкалық бағдарламаға ұласты.Көкшетаудан – Бақберген АМАЛБЕК.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан балалардың Жаңа жылдық шырша тойы әдеттегідей ең үлкен ғимарат – «Көкшетау» мәдениет сарайында өткізілді. «Тәуелсіздік – алтын бесік» атауындағы мерекеге барлық 16 ауданнан, қалалардан жастүлектер қатысты. Олардың арасында 7 балалар үйінен, 4 облыстық арнайы мектеп-интернатынан, балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу орталығынан, санаторийлік мектеп-интернатынан облыстық мүгедек балалар ассоциациясынан, көпбалалы отбасылардан өкілдер бар. Жалпы, 9-13 жас аралығындағы 200 бала шақырылыпты. Екі күнге созылған алақай тойдың алғашқы күнінде Көкшетау қаласының көрнекті жерлерін аралаған балалар жаңадан салынған «Бурабай» спорт кешенінде, мұзды қалашықта болды. Кешкі мерекелік ас мәзірінен дәм татқан балғындарға арнап №3 облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының күшімен қызықты концерт қойылды. Асыға күткен шырша тойы да басталды. Сарайда оларды ертегілер және мультфильмдер кейіпкерлері қарсы алды. Ертегілер әлемінің құшағындағы балалар көп ұзамай театрландырылған көріністер қаҺарманына айналып кеткенін де байқамай қалғандай. Оларды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен экран арқылы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Облыс әкімі Сергей Дьяченко Елбасы атынан шырша думанына шақырылған балалардың бәріне ноутбуктер мен тәтті сауғалар табыстады.Оралдан – Темір ҚҰСАЙЫН.
Жүрдек пойыз Қазақстан қалаларына аялдап, одан соң жүрісін қайтадан үдете түседі. Соңғы бекет – Астана. Елорданың мың құбылған оттары самаладай жарқырап көрінгендей болады. Бүлдіршіндерді мұнда Бас қаланың Бас сәулетшісі үлкен мейіріммен, аталық жүрекпен қарсы алып, Жаңа жылдарымен құттықтап, көкіректеріне менмұндалаған арман шырағын жаққандай. Бас сәулетші деп отырғанымыз – Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екені Президент шыршасына жиналған балалардың қуанышын одан әрі көбейте түскендей. Бір қарағанда, олардың кешегі ертегідей көрген әлемі шындыққа айналып, өте қысқа уақытта әсем елорда бой түзепті. Ертегі емес, шындық қой бұл. Биыл Ақжайықта Президент шыршасын ұйымдастырушылар оған қатысушыларға осындай тың да тосын театрландырылған сценарий үлгісін ұсынды. Тағы бір ерекшелік – биыл облыс орталығына, Президент шыршасына қатысуға келген балдырғандар өткен жылдармен салыстырғанда көбірек көрінді. Иә, түйсігіміз алдамапты. Олардың қатарына биыл 50 бүлдіршін қосылыпты. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың перзенттері, оқу үздіктері өз өнерлерін ортаға салды. Олардың қай-қайсысы да Президенттің арнайы жолдаған сый-сияпатынан тыс қалған жоқ. Елбасының жарқын жүзі экраннан көрінген кезде балалар ешкімнің нұсқауынсыз ду қол шапалақтап Нұрсұлтан Әбішұлының өздеріне жолдаған құттықтауына ықыластана құлақ түрді.Павлодардан – Фарида БЫҚАЙ.
Жыл сайын желтоқсан айының соңында Елбасы атынан Жаңа жылдық шыршаны өткізу дәстүрге айналғаны белгілі. Жаңа жыл келер алдында өздерін Елбасы құттықтайтын Жаңа жылдық шырша мерекесі болатынын балалардың бәрі де біледі. Биыл да солай, облыс орталығындағы «Астана» мұз айдыны сарайында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Жаңа жылдық шырша өткізілді. Жалпы, бұл мереке жетім балаларға, мүгедек балаларға, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларынан шыққан балаларға, сондай-ақ 9-13 жасқа дейінгі еліміздің үздік оқушыларына арналып өткізіледі. Жуықта облыстың 150 баласы республикалық Жаңа жылдық шыршаға қатысып қайтты. Ал кеше облыстың қалалары мен ауылдарынан келген 150 бала Жаңа жылдық әсем шырша мерекесіне қатысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен теледидар арқылы балаларға құттықтау жолдады. Әр балаға спорт костюмдері, кітаптар, мектепке арналған құралдары бар сөмке, тәттілер толы мерекелік қораптар берілді. Балалар көңілді, әндер шырқап, шыршаны айнала ойындар ойнап, билер биледі. Тәуелсіздік, Отан туралы тақпақтар айтты. Тереңкөлдегі балалар үйінен 8 бала келді. Мұнда тәрбиеленіп жатқан өзге этнос өкілдерінің балалары қазақ тілінде ән айтып, тақпақтар оқып берді. Басқа да балалар үйлерінің тәрбиеленушілері өз өнерлерімен көзге түсті. Бұдан кейін Шәкен Айманов атындағы кинотеатрда 3 «D» пішінінде «Смешарики» кинофильмі көрсетілді.Петропавлдан – Өмір ЕСҚАЛИ.
Президенттің Жаңа жылдық шыршасы Погодин атындағы орыс драма театрында аталып өтті. Оған қатысу құрметіне ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 200 бала ие болды. «Тәуелсіздік – алтын бесігіміз» деген тақырыпта өткен жиынды тамашалаушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңа жылдық құттықтауын ерекше ынтамен тыңдағаннан кейін бал кешін қызықтауға кірісті. Ертегілер еліне саяхаттап, неше түрлі оқиғаларды бастан кешті. Сәттілікке жеткендеріне қуанысты. Балалардың қуанышына облыс әкімі Серік Біләлов те ортақтасып, игі тілегін жеткізді. Президенттің жаңа жылдық сыйлықтарын салтанатты жағдайда табыстады. Карнавалдық костюмдер конкурсы қорытындыланып, Шөптікөл коррекциялық мектеп-интернатының 5 сынып оқушысы Данияр Исмаилов гран-приді ұтып алды. Айыртау аудандық және облыстық жетім балалар үйлерінің тәрбиеленушілері Нафиса Иванова мен Софья Писалева бірінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға ие болды.Тараздан – Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Президенттің Жамбыл өңіріндегі Жаңа жылдық шыршасына облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласынан 200 бала қатысты. Олардың 58-і көп балалы, 99-ы аз қамтамасыз етілген отбасылардан болса, 22 бала жетім, ал 21 бала ата-аналарының қамқорлығынсыз қалыпты. Ата-аналары мүгедек бүлдіршіндер де бар. Бірақ бұған қарап бейкүнә сәбилерді бақытсыз деуге болмайды. Өйткені, олар Отан-анасы барда өмірден өгейлік көрмек емес. Сондықтан болар, балалардың Жаңа жылдық мерекесін бар мәзірімен көңілді өткізу үшін жергілікті бюджеттен 13 миллион 362 мың 200 теңге бөлініпті. Осындай қамқорлықтың арқасында Президент шыршасының таңғажайыптарын тамашалауға келген балалардың әрқайсысына 60 мың 300 теңге көлеміндегі сыйлықтар тапсырылды. Олардың ішінде балалардың шолақ тоны, спорттық бас киім мен аяқ киімдер, түрлі оқу құралдары салынған сөмке, жұмсақ ойыншықтар мен тәттілер бар. Президент шыршасына алыстан көңілдері алабұртып жеткен балалар өздеріне арналған мәдени бағдарламаларды тамашалап, «Еуразия» ойын-сауық орталығындағы ойындарға қатысты. Облыстық драма театрдың әртістері дайындаған қойылымды қызықтады. Сондай-ақ, өлкетану музейіндегі тарихи жәдігерлермен танысып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақта серуен құрды.Талдықорғаннан – Күмісжан БАЙЖАН.
Елбасының Жаңа жылдық шыршасына жер-жерден әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларындағы озат оқушылар қатысты. Биік, әрі әсем безендірілген шырша салтанаты Б. Римова атындағы драма театр әртістерінің мерекелік бағдарламасымен басталды. Мемлекет басшысының балаларға арнаған ақжарқын тілегі кең экраннан тамашаланды. Осы қуанышты сәтті еліміздің түпкір-түпкіріндегі Жаңа жылдық шыршаны тамашалағандар бір мезетте тыңдауға мүмкіндік алғаны бір ғанибет. Елбасының құттықтауынан кейін облыс әкімі Анзар Мұсаханов дәл қазір Елбасының өздеріңе деген ыстық лебізін тыңдап, мерейлендіңдер, деді. Қай кезде де бізге Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Сендер еркін елдің ұланысыңдар. Демек, еліміздің келешегіне үлес қосатын азамат болуларың керек. Елбасының өздеріңнің оқып, білім алуларыңа жасаған қамқорлығы зор. Бәсекеге қабілетті білім алып, тәрбиелі азамат болыңдар. Балаларға Елбасының атынан облыс басшысы қыстық киім, Жаңа жылдық базарлық таратты. Балалар мұндай жақсылыққа алғыс айтып, үміттерін ақтайтынын жеткізді. Аяз Ата мен Ақшақар да келді. Аяз Ата жасыл шырша жанындағы думанды қыздырып, Жаңа жыл – Ұлу ортаға шақырылды. Ұлу жылы тек жақсылық болатынын жеткізді. Ән айтылып, би биленіп, базарлыққа кенелгендер әннен шашу шашты. Спорт кешенінде бұдан соң Елбасы шыршасын Талдықорған қаласындағы озат оқушылар жалғастырып әкетті. Базарлық алғандар «Елбасына алғыс айтамыз, оқуда озат, тәуелсіз елдің нұрлы болашағына үлес қосамыз» деген көңіл-күймен мереке шырайын кіргізді.Шымкенттен – Бақтияр ТАЙЖАН.
Балалардың Жаңа жылдық тамашасы – Президент шыршасына арналған салтанат еліміздегі бір партияның облыстық филиалында өтті. Ортада – шырша. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бір бүлдіршінді көтеріп барып, шырағданын жақты. Содан кейін-ақ Жаңа жыл қызығы басталып кеткен. Аяз Ата, Ақшақар, ертегілер елінен келген кейіпкерлер кең залды думанға бөледі. Үлкен экраннан Елбасының құттықтауы тыңдалды. Дарынды балаларға сыйлықтар тапсырылды. – Сіздердің білімді, биік парасатты азамат болып өсіп, әлемде бәсекеге қабілетті болып жетілулеріңізге мемлекет көптеген игіліктер атқаруда, –деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов. – Облысымызда еліміз тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде 225 мектептің құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Облыста 2005 жылы мектепке дейінгі ұйымдардың саны 117 болса, 2011 жылы қорытындысымен жалпы 88425 баланы қамтитын 904 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істеуде. Мемлекет алдында тұрған ауқымды міндеттерді алдағы уақытта жүзеге асыру жас ұрпаққа жүктеліп, үлкен үміт артылып отыр. Сондықтан да жақсы оқып, бәсекеге қабілетті болу үшін терең білім алыңыздар. Тәуелсіздікті қастерлей білетін, өз Отанын жанындай сүйетін еліміздің нағыз патриоты болып өсіңіздер. Біздің жасампаз елімізге еңсесі биік, өресі кең, дені сау, кемелденген ақыл-ойлы, парасатты жастар қажет. Сіздердің әрқайсыңыздың осындай азамат болатындарыңызға сенімім мол, деді облыс басшысы сөзінің түйінінде.