• RUB:
    5.24
  • USD:
    477.45
  • EUR:
    527.1
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қазан, 2018

Астанада Әлем­дік және дәс­түр­лі діндер көшбасшыларының VI съе­зі өтеді

701 рет
көрсетілді

Биылғы 10-11 қазан күндері Астанада рухани келісім мен дінаралық үн­қатысудың халық­аралық деңгейдегі беделді алаңы болып табылатын Әлем­дік және дәс­түр­лі діндер көшбасшыларының VI съе­зі өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен қолға алынған кезекті бұл құрылтай да Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройын өсіре түсері анық.

Еліміздің халықаралық ауқым­дағы бастамаларының барлығы халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып келеді. Қазақстанның, әсіресе қауіпсіздік, терроризм және діни экстремизмге қарсы күрес саласындағы байыпты бастамаларының орны ерекше. Осы арада Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен әрі қолдауымен үш жыл са­йын ұйымдастырылып келе жат­қан Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары съезінің маңыз­дылығын айрықша атап көрсеткеніміз абзал. 

Рухани келісім мен дінаралық татулық адамзаттың бейбіт өмір сү­руі­нің басты кепілі екенін түсіне біл­генге бұл Съездің мән-маңызы айтпаса да ұғынықты. Бүгінде Съезд түрлі дін­нің лидерлерін, танымал саяси қай­раткерлер мен сарапшылардың басын бірік­тіріп, әлемдік қауіпсіздік пен ын­­тымақтастықтың өзекті мәсе­лелерін сана сарабына салатын, шешімін күткен түйткілдерге адамзат назарын аударатын рухани үнқатысу алаңы ретінде мо­йындалған. Бұл өз кезегінде қоғамдық үйлесім мен дінаралық татулықтың жар­қын моделін қа­лыптастырған еліміздің және Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгілікті ұстанымын, биік беделін айғақ­тайды.

Жалпы, Қазақстан тәуел­сіз­дік­тің ши­рек ғасырдан астам уа­қытында өрке­ниетаралық диалогты қалыптастыруда және жаһан­дық ауқымда дінаралық қаты­настарды толеранттылық қағи­дат­тары негізінде дамытуда күш-жігерін барынша жұмсап келеді. Бұл сөзіміздің бір дәлелі ретінде еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бұ­ған дейінгі съездерін жоғары дәрежеде ұйымдастырғанын айтуымызға болады. Осы жиындарда адамзатты тол­ғандырып келе жатқан өзекті мәселелер сан қырынан талданып, оларға халық­аралық қоғамдастықтың көңіл аударуы, көптеген тараптардың бір-біріне деген сенімі оянып, өзара үнқатысуға ниет біл­дір­гені Съезд жұмысының нәти­желі болғанын көрсетсе керек. Атал­ған алқалы жиындар Қазақ­­стан­ның ұлтаралық және дін­ара­лық қатынастарды ны­ғайту саласындағы жинақтаған мол тәжі­ри­бесін кеңінен наси­хат­тауға мүм­кіндік берді. Бұдан бөлек, Ас­танада әлемдік дін­ара­лық фо­румның бес рет ұйым­дас­тырылуы ру­хани келісімнің жаңа әрі тиім­ді жолын түзіп, елімізді өр­кениет­аралық диалогтың бүгінгі уақыт талабына сай келетін тың фор­ма­сының авторы ретінде танытты. 

Қазақстанның ЕҚЫҰ, ИЫҰ сын­ды ұйымдарға төрағалық етуі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­­рақ­ты емес мү­шелігіне сайлануы еліміздің конфес­сияаралық келі­сім мен толеранттылық қағи­дат­тары бойынша жинақтаған бай тәжірибесінің лайықты мо­йындалғанын білдіреді.

Сәл шегіне сөйлесек, 2015 жылы өткен V съезге БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мунның, бірқатар мем­лекет басшыларының және 42 елден 80-нен астам делегацияның қатысуы өз кезегінде құрыл­тай­дың маңыздылығын нақтылай түседі. Бұл арада Съездің барлық қатысушыларды дінаралық қаты­­­настар бағытындағы қасаң қағи­даларды жоюға, толерант­тылық пен өзара келі­сімнің заманауи үр­дістерін жарыққа шы­ғаруға үн­дегені осы халықаралық бас­қо­судың салмағын арттырғанын айта ке­тейік.

Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көш­басшылары съезінің елі­міздің әлемдік аренадағы бас­та­машыл рөлін, тартымды имиджін қалыптастыруда тиім­ділігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар осы Съездің Ислам әлемінің ажы­ра­мас бөлігі саналатын Қазақ­станда ұйым­дастырылуы да мұ­сылман қауымы үшін зор жетіс­тік. Өйткені халқы­ның 70 про­центінен астамы Ислам дінін ұс­­танатын Қазақстанның асыл ді­ні­не жала жапқысы, күйе жақ­қысы келе­тіндер көбейіп тұрған бүгінгі заманда дін­­аралық үнқатысудың орталы­ғы­на айналуы дінімізге деген бір­жақты, жағым­сыз әрі орынсыз көзқа­рас­тарды тоқта­туға, сондай-ақ жә­не оның беделін арттыра тү­суге өзін­дік ықпалын тигізбей қой­майды. 

Қорыта айтқанда, алдағы 10-11 қазан күндері Астанада өтетін Әлем­­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­­шыларының VІ съезі елі­міз­дің өрке­ниет кеңістігіндегі бай­сал­ды әрі ма­ңызды қадам­дары­­ның бірі болмақ. Ол Қазақ­стан­ның бүкіл адам­зат ал­дын­дағы жауап­кершілігін қан­ша­лық­ты сезі­нетінін көрсететін жиын болады деп сенеміз.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»