Қазақстан өзі орналасқан аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде ерекше орын алады. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет және аграрлық сала алдына отандық ет өнімі экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға жеткізуді тапсырды.
Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңге несие ресурсын бөледі, деді бұл жөнінде Президент өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы Жолдауында. Бағдарлама асыл тұқымды мал басын арттыруға мүмкіндік береді, ал ол өз кезегінде аралас салалардағы өндірістің өсімін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 11 қарашасында өткен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің форумында мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жұмыстарды елімізге әкелінетін асыл тұқымды мал есебінен күшейте түсуге шақырды. Осы мақсатта таяу уақыттағы 5 жыл ішінде асыл тұқымды ірі қара басын 246 мыңға жеткізу үшін республикаға әлемнің үздік мал тұқымдарынан 72 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелінбек.
Етті мал шаруашылығын дамыту жобасын нақтылау үшін қосымша 7,3 млрд. теңге, ал ветеринария жүйесін жетілдіру үшін 7,5 млрд. теңге бөлу қарастырылуда. 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында фермерлік шаруашылықтар 45 мың асыл тұқымды саналмайтын сиырлар сатып алған. Оларды асыл тұқымды бұқамен будандастыру есебінен алдағы жылдары өнімді төл алынады деп күтілуде.
2003 жылмен салыстырғанда қой басы да 1,5 есеге артты. Құс етін өндіру 2000 жылдан бері 3 есеге артып, 33,3 мың тоннадан биылғы көрсеткіш 112 мың тоннаға жетті. 2000 жылы құс фабрикаларында құс етінің тек жартысы ғана өндірілсе, қазіргі күні құс фабрикалары еліміздегі құс еті өнеркәсібінің жалпы көлемінің 92%-ын (104 мың тонна) беріп отыр.
«Егемен-ақпарат».