Қазақстан мен Қытай елі арасында 2004 жылы мұнай және газ өндіру жөнінде екі жаққа тиімді келісім негізінде «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы мен «СNРС» компаниясы бірлесуімен «Атасу-Алашаңқай» мұнай құбырының құрылысы басталған еді. Осы жылы «ГазТрансОйл» акционерлік қоғамы мен мұнай және газ барлау жөніндегі Қытай ұлттық корпорациясы үлесі екі жаққа тиімді «Қазақстан – Қытай мұнай айдау құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұзындығы 965,5 шақырымды құрайтын «Атасу-Алашаңқай» құбыр құрылысын бастап кеткен болатын.
Құрылыс қарқынды жүргізілгендігінен Елбасының қатысуымен 2005 жылы «Атасу – Алашаңқай» мұнай құбыры іске қосылды. Құбырдың 325 шақырымы Алакөл ауданының аумағы арқылы өтеді. Қазіргі кезде «Атасу – Алашаңқай» құбыры бойында мұнай айдайтын төрт станса жұмыс істеп тұр. Алакөл аймағында бір құбыр жұмыс жасауда. Осы құбыр 2006 жылы іске қосылып, көрші Қытай еліне мұнай жөнелтіп, экономикалық байланыс орныға түскенін көреміз.
«ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы мен Қытайдың «СNРС» компаниясы 2009 жылы қосымша келісіммен «Қазақстан – Қытай мұнай айдау құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмыстың екінші кезеңін бастауды тапсырған. Серіктестікке Алакөл ауданы аумағынан №11 мұнай айдау стансасын салу тапсырылды. Осылайша «Атасу – Алашаңқай» мұнай құбырының жылдық өнімділігін 12 миллион тоннаға жеткізу көзделді. Жаңа станса құрылысын «ЧППИ-Қазақстан» серіктестігі бастап, ел тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында аяқтады. Станса салуға 10 млрд. 200 млн. теңге инвестиция тартылып, кәсіпорын құрылысына жергілікті 150-ге жуық адам өз үлестерін қосты. Нәтижесінде сапалы салынған құрылыс пайдалануға дер кезінде берілді.
Жаңа стансаның ашылуына Қытай жағынан мұнай компанияларының өкілдері мен Алакөл ауданының басшылары қатысты. «Қазақстан – Қытай мұнай айдау құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен аудан басшылары екі ел арасындағы экономикалық, достық қатынастың нығаюына тілектестік білдіріп, нысанның көгілдір лентасы қиылды.
Жиналғандар жаңа кәсіпорынның жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Құбыр арқылы көрші елге жөнелтілетін қара алтынның сапасына да жете назар аударылған. Әр қондырғы өз қызметін мүлтіксіз атқарса, кәсіби мамандар бақылау жұмыстарына басшылық жасайды. Алакөлдіктердің әлеуметтік жағдайына оң әсер ететін мұнай стансасының жұмысын одан әрі дамыту мәселесі де шешімін табуда. Мәселен, алдағы 2012-2013 жылдары №8 және №10 мұнай айдау стансалары салынып, «Атасу –Алашаңқай» құбырымен жылына 20 млн. тонна мұнай жөнелту жоспарланған. Демек, әлі де жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуы оң шешімін табатыны анық. Сонымен бірге екі ел арасындағы байланыс жақсарып, экономиканың одан әрі дамуына жол ашады деп күтілуде.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.