• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қазан, 2018

Ұлттық тыңдаулар өтті

238 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы азаматтық қоғам институттарының даму тұжырымдамасын талқылау үшін ұлттық тыңдаулар өтті. Шараға Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» президенті Асылбек Қожахметов және басқалар қатысты.

Азаматтық қоғам дамуының тұжырымдамасы қандай болуы керек, қандай тәсілдер арқылы жүзеге асуы тиіс деген сұрақтарға жауап іздеген ұлттық тыңдауда барынша тың, жаңа ұсыныстар көтерілді. Жалпы, бұл ұлттық тыңдаулар еліміздің 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын қалыптастыруды басты тақырып еткен алғашқы шара болып отыр. 2006-2011 жылдар аралығын қамтитын тұжырымдаманың алғашқы нұсқасы бүгінгі күні жаңартуларды қажет етуде. Жаңа тұжырымдама жыл аяғында өтетін VIII Азаматтық форумда ұсынылады деп жоспарланып отыр. Ал оған дейін Орталық коммуникациялар қызметінде ұлттық тыңдаулар тұрақты негізде өткізіліп тұратын болады. Тұрақты ұлттық тыңдаулар барысында өзекті әлеуметтік мәселелер талқыланып, сондай-ақ оларды шешу үшін азаматтық қоғам белсенділігін арттыру ісі көтеріледі деп күтілуде. «Қазақстанның Азаматтық альянсы» басшысы А.Қожахметовтің айтуынша, осы шараның өтуінің өзі өте пайдалы әрі әлеуметтік маңызы зор. Жаңа заманға сай жаңа форматтағы пікірталас азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы серіктестіктің нәтижесін көрсетеді.

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы жұмыс жүйесі қайта қарауды талап етіп отыр. «Алдағы уақытта шетелден донорлық көмекті алуға қатысты ұстанымды өзгерту керек. Қазірдің өзінде донорлық көмектің көлемі қысқарған. Себебі Қазақстанда жан басына шаққанда ішкі жалпы өнімнің мөлшері артты. Демек, бізге осы саладағы сұхбатты жоғары деңгейге шығару қажет. Енді, өзімізді донорлық көмек алушы ретінде емес, өз аймағында сол көмекті бере алатын мемлекет ретінде көрсетуіміз керек. Сондықтан осы саладағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгерткен жөн. Ашығын айту керек, әзірше бәрі LEGO конструкторы сияқты, әлі нақты бір сипат жоқ. Соның бәрін реттеп, бірыңғай конфигурацияны жинап шығуымыз қажет. Біз мықты үкіметтік емес ұйымдарға басымдық беруге тиіспіз. Себебі олар жақсы идеяларды ұсынады, шетелдің тәжірибесін де жақсы біледі», деді ол өз сөзінде.

Бүгінде Қазақстанда 22 мың­нан астам үкіметтік емес ұйым­дар тіркелген, солардың мемле­кет­ке салық төлейтіні – 14 мың. Ал Қаржы министрлігінде бар-жо­ғы 4600 ҮЕҰ тіркелген көрінеді.

Ұлттық тыңдауда көтерілген мәселелердің бірі – азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру. Елімізде азаматтық қоғам­ды ҮЕҰ деп түсінетіндер жетер­лік. Осы бағытта да жұмыс жүр­гізу қажеттігі, қоғам­ның өзек­ті мәселелерін ұйымдарсыз да көтеру үшін азаматтарды бел­сенді етуге арналған жұмыстар­ды жолға қою керектігі көтерілді. Ұлттық тыңдаулар барысында еліміздің аймақтары тікелей эфир аясында қосылып, пікірлерімен бөлісіп, идеяларын ортаға салды. 

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»