Ел экономикасының күретамыры саналатын темір жол саласында бүгінде халық үшін игілікті жұмыстардың көптеп атқарылып жатқандығы белгілі. Бұл тұрғыда алыс-жақын шетелдермен барыс-келіс, тауар айналымын арттырудың маңызы ерекше орында тұрады. Осы орайда ежелден көрші Ресей мен Қазақстан бүгінде бұл салада бірқатар байыпты байламдар жасап, болашақта атқарылуы тиіс міндетерді жолға қоюда барынша қарқынды жұмыстар атқаруда.
Қос мемлекет арасындағы темір жол төңірегіндегі ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Бұл сөзімізге жуырда Ресейдегі Қазақстан елшілігінде «Ресей темір жолы» ААҚ президенті Владимир Якуниннің Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградаларының бірі – «Достық» орденімен марапатталғаны тағы бір дәлел бола алады. Ресей темір жол басшысын достық пен ынтымақтастықты нығайтып, халықтар арасындағы өзара келісімді сақтаудағы жемісті еңбегі үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев марапаттады.
«РТЖ» ААҚ өзінің шекаралас елдерімен көп жақты ынтымақтастық қатынасты дамытып отырғандығын айрықша атаған жөн. Аталған ынтымақтастық ТМД Темір жол көлігі кеңесіне қатысушылардың әріптестік мүдделілігі негізінде жүзеге асырылып отыр. Бұл ынтымақтастықтың еліміз үшін маңызы зор болғанын айтып жатудың өзі артық. Екі ел арасындағы темір жол саласындағы өзара тығыз байланыс Кеден одағының құрылуымен айтарлықтай жақсара түскен. Мәселен, қазақстандық және ресейлік темір жолдың электронды төлем жүйелерін біріктіру шарасы қазіргі кезде басталып та кетті. Ресей мен Қазақстанда темір жолды басқару мен сараптау негізіндегі кездесулер уақтылы жүргізілсе, мұнда тарифтік саясат, мүліктік қатынас және транзиттік тасымалдың жақсаруы төңірегіндегі түрлі мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданады.
Темір жолы бар елге әрине, бірінші кезекте темір жол техникасының түрлері қажет. Осы орайда елімізге темір жол техникасын жеткізу мақсатында «РТЖ сауда үйі» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Бұл күндері аталмыш кәсіпорын Ресейде өндірілген темір жол жабдықтарымен Қазақстан рыногын қамтамасыз етуде. Сонымен қатар «РТЖ» ААҚ-тың еншілес кәсіпорындары мен темір жол техникаларын жасайтын өзге де кәсіпорындардың инновациялық жұмыстары да енгізілмек.
Ресейлік темір жолмен серіктестік Қазақстанға үлкен пайда әкелері сөзсіз. РТЖ халықаралық тәжірибесі мен келешекке бағдарлы жоспары бар әлемдік көліктік компаниялары қатарында. Ол көлемі жағынан әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орынды алса, электрлендірілген магистралдық тораптарының ұзындығы бойынша алғашқы орында тұр. Қазіргі таңда Ресей Федерациясы дүние жүзінің жүк айналымының 20 пайызын, ал жолаушылар айналымының 10 пайыздан астамын жүзеге асырып отыр. Жолаушыларға ыңғайлылықты жоғарылату мақсатында 447 жаңа заманауи үлгідегі вагондар сатып алынған. Ал екі жылдың ішінде жоғары жылдамдықтағы «Сапсан» пойызы Мәскеу мен Санкт-Петербург бағытында 5 миллион жолаушыны тасымалдаған. Келесі жылдан бастап «Сименс» компаниясы «Сапсан» пойызына қосымша жабдық енгізуді бастамақ. «Сименс» демекші, «Сименс», «Тальго», «Альстом», «Ансальдо» компаниялары «ҚТЖ» ҰК» АҚ-пен бірлесіп Қазақстанда жолаушылар вагонын және локомотив құрастыру зауыттарын, ел темір жолына қажетті электрмен жабдықтау, белгі беру және байланыс құралдарын шығаратын кәсіпорындар сала бастағанын да айтып өткен жөн.
«Қазақстан темір жолы» АҚ 2008-2011 жылдары тарифты өсіру және қаржы тарту арқылы 2050 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіп, 12109 жүк вагоны мен 134 локомотив сатып алған. 47 локомотив күрделі жөндеуден өткен. Магистралдық желі нысандары қайта құрылып, Достық стансасы дамытылған.
2012 жылға арналған бағдарламада жолдың жоғарғы қабатын жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту мен қайта жарақтандыру, пойыз қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, Достық стансасын одан әрі кеңейту сынды өзге де шаралар қарастырылған.
Компания магистралдық желінің тарифын көтеру арқылы 600 шақырым жолды жөндеу, 2699 жүк вагондарын, 134 локомотив сатып алу, Қостанай – Железорудный темір жол телімінің 46 шақырымын электрлендіруге мүмкіндік алмақ.
Келер жылы «ҚТЖ»ҰК» АҚ қызмет көрсету аясын кеңейте түседі. Оның ішінде жүк айналымы 2012 жылы 221 145 миллион тонна шақырым метрге жеткізіліп, 2011 жылғы көрсеткіштен 2,5 пайызға жоғары болады деп күтілуде.
«ҚТЖ»ҰК» АҚ мен «РТЖ» ААҚ үйлестірілген қатынастарды жүзеге асыру мақсатындағы құжат шеңберінде темір жол көлігі мен халықаралық жүк тасымалына кеден ісінде мүмкіндік жасау және аталған көлік пен жүк тасымалына тұрақтылық пен бақылаудағы өзара көмекке келуді қамтамасыз ету көзделген. Сонымен бірге, халықаралық жүк тасымалында ақпарат алмасуды ұйымдастыру, бірлескен жобалар мен жұмыстарды дамыту және кеден ісінде құқықтық негіздерді сақтауда ынтымақтастықта болу мәселелері сияқты кешенді істер де атқарылуда.
– Қазақстан мен Ресей Еуропа мен Азия құрлығының құрамдас бөлігі болғандықтан, Азия мен Батыс Еуропа елдері арасындағы тиімділігі жоғары және жаңа бәсекеге қабілетті маршруттардың ішіндегі өзгеше транзитті көпір саналады. Темір жол көлігі аясында Қазақстан мен Ресейдің өзара тиімді ынтымақтастығы болашақта да өзінің үлкен нәтижесін береді. Біздің жүк тасымалдаушыларымыз әлемдік дәрежеге шыға отырып, мұны әрі қарай жалғастыра түсуі керек, – дейді «ҚТЖ»ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.