Бүгінгі күні республикамызда ұлттық спортты дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Оның себебі, Қазақстан Республикасы Президентінің Дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде көптеген іс-шаралардың қамтылуына болып отыр. Тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет қабылданған мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде бұл күндері ұлттық спорт түрлері бойынша өткізілетін жарыстар тек қана облыс орталықтарында ғана емес, қазіргі кезде аудан мен ауылдарды да қамтып келеді. ҚР Туризм және спорт министрлігі оның ішінде Спорт комитеті облыстардағы дене шынықтыру мен спорт басқармалары және жергілікті әкімдіктер жәрдемімен ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ал, бұған өз кезегінде республикалық Ұлттық спорт түрлерінің қауымдастығы мен спорт федерациялары, және олардың жергілікті бөлімшелері өз үлестерін қосуда. Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы министрліктің Спорт комитетімен тығыз байланыс орната отырып, өз қарамағына 15 республикалық федерацияны, 18 облыстық және 115 аудандық, қалалық бөлімшелерді біріктірген. Жыл көлемінде республика бойынша ұлттық спорт түрлерін насихаттау үшін 100-ден астам халықаралық, және республикалық жарыстар ұйымдастырылып жүр. Спорт комитеті ел ішіне жете танымал болған ұлттық ат спортынан өзге де «Тоғызқұмалақ», «Саят», «Құсбегі», «Жұдырықтасу» сынды ойындар түрлеріне де қолдау көрсетіп отыр.
Қазақтың жекпе-жек өнерінің негізі болған жұдырықтасу ойыны бүгінде ұлттық спорт түрлері құрамына енгізілген. Қазіргі кезде республика бойынша федерацияның облыстық, қалалық бөлімшелері жұмыс істеп келеді. Жақында ғана Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесіне арналған «Ұлы дала батырлары» атты халықаралық жарыс өткізген республикалық Жұдырықтасу федерациясының президенті Әбіл ҚОЖАПОВ мырзамен сұхбаттасқан едік.
– Әбіл Абзалұлы, біз жұдырықтасу деген сөзді естісек – боксты елестетеміз. Алайда сіз жетекшілік ететін федерация қазақтың ұлттық спорт түрі ретінде танылды. Оқырман қауымды жұдырықтасу өнерінің тарихымен таныстырсақ.
– Ең бірінші айтарым, жұдырықтасу – ұлттық спорттың ең жарқын түрі. Оны біз бүгін ойдан шығарған жоқпыз. Ұлы даланы жаңғыртып, тұлпардың тұяғы, жігіттің білегімен талай биікті бағындырған дала көшпенділерінің, батыр да ержүрек бабаларымыздың аса қадірлі спорт өнері. Бұл – қазақша күрестің Кеңестің озбыр саясаты арқасында еленбей, ұмыт қалған түрі. Олимпиадалық спорттағы жекпе жек, күрестің барлық түрінің қолданбалы, қорғаныс тәсілдері бар. Бірақ бұл қазақша күресте ғана жоқ. Бәріңізге белгілі каратэнің – ушу-саньда, дзюдоның – госин-дзюцу сынды ерекше түрлерін білеміз. Осыдан келіп, «біздің қазақша күрес шын мәнінде дәл бүгінгідей тек ойын-тойдың ғана көрінісі болды ма?» деген сұрақ көкейде тұратыны даусыз. Қазақ даласының түрлі мұрағаттарын ақтарып, осы өнерді терең зерттегісі келген жігіттер, дәлірек айтқанда Бекайдар Тойлыбаев сынды азаматымыз ерте кездегі бабаларымыздың қазақ батырларының бүгінгі қазақша күреске қарағанда әлдеқайда айбарлы жекпе жек түрімен соғысып, бақ сынасқанын анықтады. Мұрағат қағаздары 1726 жылы «күресте мертіккендер болмау үшін, жерге жығылғандарды ұрмау туралы» патша жарлығы шыққанын көрсетті. Кеңес Одағы кезінде «өзін қорғау шегін асыра пайдалану» заңмен қудаланатын болғандықтан жекпе жектің барлық ізі жойыла бастады. Осыған байланысты соғыс өнерімен тек қана НКВД сынды орындардың қызметкерлеріне шұғылдануға рұқсат берілді. Күрестің бұл түрі яғни, жұдырықтасу сайысы ерте кезде елден кеткен ағайындардың арасында күні кешеге дейін өткізіліп келгені жайлы мәліметтер жетерлік.
– Жұдырықтасу қазақша күрестің бір бөлігі деп отырсыз, егер дәл осылай болса, онда біздің батыр бабаларымыздың бәрі осы өнерді терең меңгерген болар?
– Әрине, алысқа бармай, бәрімізге белгілі Абылай хан – 19 жасар Әбілмансұрдың қалмақ батырын жеңген тарихын алыңыз. Бұл да жекпе жек өнері ғой. Мұндай күресте дайындықсыз, тамаша меңгерген тәсілсіз алға шығу мүмкін бе? Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай,т.т. қаншама батырлар – бәрінің де жекпе жекте, күресте жауын жеңген батырлығы олардың білек күші мен жүректілігімен әспеттеледі. Ендеше, олардың барлығы да жекпе жектің, жұдырықтасу өнерінің хас шеберлері болды. Кешегі Қажымұқан палуанды алыңыз. Күллі әлем оны нар палуан деп қана емес, сол заманда-ақ, 50-ге тарта медаль тағып, спортта өзіне теңдесі табылмаған әлемнің ең атақты чемпиондарының қатарына қосты. Егер тарихқа жүгінсек, атақты Саракики атты жапондық спортшы әлем чемпионаты аяқталған соң, аренаға шығып, кез келген чемпионды жұдырықтасудан жеңетінін мәлімдеген. Ол ешқандай ережелер сақталынбайтын жуй-житсу аталатын жекпе жек түрінен әлем мойындаған чемпион еді. Мұны естіген Қажымұқан шапанын шеше салып, алаңға атып шығады. Ұрыс барысында жапондық оның құлағын шайнап үлгереді, бірақ көз ілеспес жылдамдықпен біздің батырымыз оны жерге алып ұрады. Осылайша Қажымұқан жеңіске жетіп, жапондықтың бұл жекпе жекте жүрегі жарылып қайтыс болады. Осы арқылы Қажымұқан бабамыздың да жұдырықтасудан алдына дес бермеген батыр екенін мойындаймыз.
– Сіздің әңгімеңізге қарағанда жұдырықтасу – ережесіз сайыс («бои без правил») аталып жүрген қызықты спорт ойынының қазақша түрі сияқты?
– Қарапайым тілмен айтсақ, бұл қазақша – төбелес. Ережесіз сайыста партерде күресу сынды тәсілдер бар. Еденде күресу деген сияқты ғой, бірақ бұл қазақша күресте жоқ. Ертеректе қазақ жігіттері үшін жерде жығылып жатып, күресу намыс саналған шығар. Біз де осы бабаларымыздың дәстүрімен жұдырықтасуға ондай тәсілдерді қосуды жөн көрмедік. Бірақ біздің жұдырықтасумен айналысатын жігіттер үшін «ережесіз сайыс» үлкен мақсаттардың бірі болып қалады. Қазіргі кезде біз таңдаулы жігіттерді іріктеп алып, оларды әлемде өткізілетін «ережесіз сайыс» чемпионаттарына дайындауға мүдделіміз. Өйткені спорттың бұл түрі дүние жүзі бойынша аса беделді сайыстар қатарына жатқызылады. Сондықтан да мұндай күреске шыққан жігіттер арқылы қазақты, елімізді әлем танитын болады.
– Атышулы спорт саңлақтары туралы жасалған фильмдерде шетелдік жасырын, жабық коммерциялық сайыстарға қатысып ақша тауып, жауларын тізе бүктіріп жатады. Коммерциялық тұрғыда мұндай жарыстар бізде де өткізіле ме?
– Жоқ, сіз ойлағандай сайыстар өткізілмейді. Әрине, белгілі ережелермен мұндай ойындар өткізуге болар еді. Бірақ біздің қоғам әлі бұған дайын емес. Оның да өз уақыты келер. Әзірге қалталылар спорт үшін миллиондаған қаржыларын бәске қойып, желге шашатындай жағдайға жеткен жоқ.
– Бұл спорт түрін жаңғырту да оңай болмаған шығар. Сіздің кәсіби спортшы емес екеніңізді білеміз. Алайда, осы спорт өнерінің негізін қалаған басты тұлға болатыны даусыз ғой.
– Әрине. Негізінен, мен қазақша күрес, самбомен бала кезден айналысқам. Бірақ, бұл спорт шеберлігіне кандидаттықтан ары асқан жоқ. Қазіргі күні спорт – тіршілігімнің бір бөлшегіндей. Экономикамызда қиыншылық басталған жылдары бәрін тастап, күнкөріс қамына кірістік қой. Сондай кездері осы жігіттермен араласып тұратынмын. Ол кезде спорт – кімге, кім – спортқа керек болды дейсіз? Сонда біраз жігіттердің азын-аулақ айлықтарын, әйелдеріне өтірік айтып, бала-шағасынан жырып, осындай істерге жұмсағанын көзбен көретінмін. «Әттең, қолыма түссе, сендерге көмектесер едім» деп, тіршіліктеріне қарап, бас шайқайтынмын. Уақыт өтіп, істеген жұмыстарымыз берекесін берді. Ісіміз алға жүріп, табыс молайды. Осылайша мен бір кезде өзіме берген уәдемді орындап, жігіттердің барлық шығындарын көтеруге күш салдым. Соның арқасында қазір федерация құрылып, Ұлттық спорт академия басшылары жұдырықтасуды ұлттық спорт түрі ретінде бағалап, кафедра ашып, қазір осы мамандық бойынша спортшылар дайындауға кірісіп кетті. Өз кезегінде еңбегіміз бағаланып, жұдырықтасу ұлттық спорт түрі ретінде Қайрат Сатыбалды басшылық жасайтын Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіріп, еліміздегі Спорт және туризм министрлігінің спорттық күнтізбелік жоспарына кіргізіліп, мемлекеттік деңгейде жылына 7 жарыс ұйымдастырылатын болды. Айта кетер бір жағдай, қазіргі кезде ұлттық спортты қолдауға мемлекет ықпалы ерекше.
Жоғарыда айтқанымдай, біздер газеттерден, мұрағат құжаттарынан қазақша күрестің жұдырықтасу деп аталатын түрі бар екенін ғана білдік. Ол жайында ешбір мәліметтер, оның спорт түрі ретінде қабылданған ережесі, тәсілі жоқ екені белгілі. Сондықтан заманға сай, оның үстіне қазақ жігітінің бар мүмкіндігін аша алатын нағыз спорттық жекпе жек өнерін туындату керек болды. Шындығында бұл жұмыстарды жасау үшін, оны қоғамға мойындату үшін тұп-тура жеті жыл уақытымыз кетті. Ал енді мұның бастауында тұрған адам жөнінде сұрадыңыз. Ең бастысы, бұл саланың басында ҰСТҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Шақан Нұрғалиев сынды азаматтың еңбегін ерекше айтуға тиістіміз. Кейде өнерге шын берілген адамдар болады. Бұл спортта да, жалпы өнерде де, шығармашылықта да солай. Шақан – мамандығы бойынша инженер-геофизик. Ал мен дәрігермін. Біздерді табыстырған – спорт. Оның спортқа деген сүйіспеншілігі бүкіл өмірінің мағынасына айналған. Сондықтан да болар, «ел ағасы» атанған жасқа жеткенде ол жылдар бойы еңбек еткен саласын тастап, өміріне серік болған спорт саласына түбегейлі бет бұрды. КСРО заманында жекпе жектің қолданбалы түрлері бойынша чемпион атанған Шақан мырза, 2000 жылдары еліміздің әйелдер ұлттық құрамасында бас жаттықтырушы қызметтерін атқарды. Тай боксынан жоғары дәрежелі жаттықтырушы. Аз ғана уақыт ішінде кикбоксинг, тай боксы сынды жекпе жек түрлерінен Азия, әлем чемпиондарын, спорт шеберлерін дайындады. Міне, осы азаматтың еселі еңбегі арқасында жұдырықтасу спорты қайта жаңғырды.
– Ендігі жерде әңгімені сіздер жаңғыртқан жұдырықтасу өнерінің ережелері, әдіс-тәсілі жайлы өрбітсек. Оқырмандар үшін бұл да бір қызықты дүние болар еді.
– Ата-бабаларымыз мұсылман үшін жеті саны қашанда киелі деп есептеген ғой. Бізге де о бастан барлығын да 7 санының айналысына шоғырландыру туралы ой келді. Яғни, шабуылдың 7 тәсілі, қорғанудың 7 тәсілі, лақтырудың 7 тәсілі, 7 түрлі оқу-жаттығулары, 7 шеберлік және 7 ауыспалы әдіс-айлалармен толықтырылды. Жұдырықтасу тек қана аяқ-қолды сермеп төбелесу емес, оның тереңінде үлкен рухани аспектісі жатыр. Ағзаның дұрыс жұмыс істеп, денсаулықтың мықты болуына жауап беретін энергетикалық көздерді тазалап, бойдағы энергияны бағыттай білу. Қысқаша айтқанда мұндағы ойын да бокстағы секілді, алыс дистанциядағы негізгі тірек сол қапталдан және оң қапталдан (солақай) тұратын бокстағы классикалық боксшының тұрысындай болып, жақын ара қашықтықта бұл тай боксындағы дәстүрлі тұрысқа айналады. Қолмен орындалатын соққылар бокстағындай, тек түрлі шынтақпен және құлаштап ұру сияқты соққылар бар. Аяқпен орындалатын соққылар, тіземен ұру және одан қорғану тәсілдері каратэ мен тай боксының арсеналынан алынған. Лақтыру техникасы түгелдей қазақша күрестікі. Партердегі күрес дзюдо мен жуй-жуйтсудікіне сай келеді. Жұдырықтасудың қолданбалы бөлімі (пышақ, басқа да құралдардан қорғану) самбо мен қол күресінің тәсілдерін қолдану арқылы жүзеге асады. Осыған қарап отырып, бұл барлық жекпе жек түрлерін терең меңгеру қажет деген сөз деп ойламау керек. Бар болғаны аптасына 3-4 жаттығу мен 3-4 ай көлемінде меңгеруге болатын жоғарыда айтқан 7 түрлі үйрену тәсілдерін меңгерудің өзі үлкен нәтиже береді. Ойын барысында қарсы шабуыл мен қарсы соққыларға көбіне баса назар аудару керек.
– Мырза, осы уақытқа дейін тәрбиелеген шәкірттер, жұдырықтасудан шыққан алғашқы чемпиондар да бар болар?
– Біз жас спортшылар тәрбиелеу мен оларды ынталандыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Ең бастысы бізге келген жігіттер мен қыздардың барлығы жекпе жек өнерінің жауынгерлік күрес өнерін жете меңгеріп шығады. Әрине, қандай спортшы үшін де олимпиадаға қатысу ең үлкен арман. Сол үшін біз жалпы көпшілікке танылған – тай боксы, кик- боксинг, бокс сынды негізгі жекпе жек түрлерімен шұғылдандыруды басты бағыт деп алып, жұдырықтасуды әзірге қосымша үйретуге мәжбүрміз. Сондықтан да олар әлемдік сайыстарға негізгі әлем таныған спорт түрлері бойынша қатысады. Ал жұдырықтасу үшін ең алғаш рет біз жігіттерге – «Абылай хан белбеуі» ал қыз балалар үшін – «Баян белбеуі» бас жүлделер тағайындап, ашық республикалық турнир өткізген едік. Қазіргі күні бұл дәстүрге айналып, еліміздің Шымкент, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстан сынды елдерден де жасөспірімдер қатысты. Астана қаласындағы біздің жұдырықтасу федерациясының бөлімін Нұралы Әубәкіров басқарады. Олардың арасынан әлі талай саңлақтар шығатынына кәміл сенеміз. Бізде 7 жыл бойы жаттығып, қазір кәсіби боксқа ауысқан Жұлдызай Иманбаева, муайтай боксынан әлемнің қола чемпионы, кикбоксингтен бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, 2005 жылы қыздар арасынан бокстан алғашқы республика чемпионы, Азия ойындарының бокстан күміс жүлдегері атақтарын қанжығаға байласа, Қазақстан мен Ресейдің кикбоксингтен спорт шебері Қанат Амантаевты, бодьжи-санда бойынша Азия чемпионы Ләззат Кетебаева тай боксынан күміс жүлдегер Серік Кәкімжановтарды атауға болады.
– Ата-бабамыздың құндылығын ардақтап, ұлтымыз үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жана берсін!
– Рахмет, сізге де табыс тілеймін!
Әңгімелескен Бейбіткүл ТОҚАБАЕВА.