• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қазан, 2018

CADAP: Қазақстандағы есірткі ағымына тосқауыл қоя ала ма?

565 рет
көрсетілді

Алматыда Орталық Азияда есірткі таратпаудың алдын алу бағдарламасына (CADAP) сәйкес өткен ІІ Халықаралық аумақтық конференция жұмысын аяқтады. 

Аумақтығы бес республиканың Ішкі істер министрлігінің есірткіні бақылауды тікелей қолға алып отырған департаменттерінің, денсаулық сақтау министрлігінің наркологиялық-емдеу орталықтары мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ бірқатар алыс шетелден келген мәртебелі маман-меймандардың қатысуымен өткен жиналыстың екі күнге созылатыны туралы кешегі мақалада жазғанбыз.

Мәжілістің екінші күні негізгі әңгіме денсаулық сақтау мен есірткі қауіпсіздігі, оның айналаға тигізетін залалы тақырыбына арналды. Кеңейтілген отырыста елімізде пайда болған жаңа синтетикалық есірткі түрлерін пайдаланудың жаңаша жол табуы мен қазіргі таңдағы оның сандық өсімі, оны жаңаша емдеу үлгілері туралы Қазақстан дәрігерлері ойларын ортаға салды. Тәжікстан мен Түрікменстаннан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген өкілдер өз елдеріндегі есірткі саясатының ақуалы туралы салиқалы  түрде ой бөлісті. Осы күнге дейін нашақорлық пен жезекшөліктен бірден бір ада ел Түрікменстанның өмір салты да қызығарлық, әрине. Алайда, көршіден маза кетсе, қол қусырып ол қалай тыныш отырмақ? 

Пікір білдірушлердің ойын аяқтауына уақыт жетпей, сөйлеушіге сөз жетпей қызу өткен екі күндік конференциядан бір аңғарылғаны – кеңірдекті қанша жерден созсақ та «болар іс болып, бояуы сіңіп қойған.» Қазіргі Қазақстанның аумағында есірткіге тәуелді 23,5 мың адам тұрып жатыр. Мұқият есепке алынғандары. Олардың ішінде 200-дей кәмелеттік жасқа толмағандар, 2000-дай әйелдер бар. CADAP-тың Халықаралық жиынында қазақстандық мәртебелі  өкіл Иван Добрышин сондай уәж айтты. Тіпті, бұл соңғы бес жыл ішінде 35 процентке кеміген көрсеткіш екен.

Дәрігер-мамандар, психологтар, мемлекеттік емес ұйым мүшелері, шетелдік меймандар бұл жиында ғасырлық-ғаламдық дертке тосқауыл қою керектігін ашынып, алқынып айтқанмен, оның алдын алудың, болдырмаудың жолын табуда мүлдем шарасыз екендігі байқалып та тұрды. Өйткені, есірткі трафигінің жолы кесілген жоқ! Бірақ, әдеттегідей, оған қарсы аяусыз күрес жалғаса бермек.

Есітркіге қатысты Халықаралық мәжілістің тамәмдалуына уақыт таяғанда веб-сайттар Алматыда «Амфитамин» психоттроптық затын тасымалдаушының құрықталғаны туралы шұғыл хабар таратты. Экономикалық тергеу қызметінің сарбаздары Еуроодақ (ЕО) елдерінің бірінен почта тасымалы арқылы келген 2,522 грамм есірткілік затты қабылдаған азаматтың қолына кісен салыпты. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ