«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қабырғасында өткен дәстүрлі «Жігіт сұлтаны» мен «Темір жол аруы» байқауы мәресіне жетті! Онда әділқазылардың шешімімен, көпшіліктің таңдау-қалауымен байқаудың жеңімпазы болып «сегіз қырлы, бір сырлы» сайыпқыран жігіт Бағлан Дауысбаев пен ақылына көркі, біліміне білігі жарасқан ару Кәмшат Кәкішева танылды.
Бағланға «Жігіт сұлтаны–2011» дипломымен қатар, қазақы бөрік-шапан тарту етілсе, Кәмшатқа «Темір жол аруы – 2011» дипломы табыс етіліп, «Темір жол аруы – 2010» байқауының иегері Нұргүл Балтаева ауыспалы ару тәжін кидірді. Сондай-ақ, ұлттық нақышта жасалып, асыл тастармен безендірілген қос білезік, сақина-жүзік, шашпау-сырға, алқа бәрі таза ақ күмістен жасалған әшекейлерді сыйға тартты. Бұған қоса, екі жеңімпазға да үлкен-үлкен теледидарлар сыйға берілді.
Биыл ұлттық екі байқауда ұйымдастырушылар қатысушыларға қойылар шарттарды барынша ширатқан болса, өз кезегінде сайысқа түсер жігіттер мен қыздардың бұрнағы жылдардағыдан анағұрлым тиянақты дайындалғаны айдан анық көрініп тұр. «Жігіт сұлтаны» сайысына 21 жігіт түсіп, өз өнерлерін сынға салса, «Темір жол аруы» байқауында 23 ару өнер жарысына шықты.
Ежелгі қазақ арулары салтанатты кештер мен той-жиындарда киген киімдердің сан үлгісі аққудай таранған арулардың салтанатымен сахнаға шықты. «Арулар асыл жандар, шуақ боп шашылғандар» деп, Мұқағали ақын мынадай керемет сұлулықты көргенде жырлаған болар деген ой келеді. Бұл жылы көркіне ақылы сай ару тәжін киюге 23 керім кербез сұлу әрекет етті. Бірінен бірі өткен арулардың қайсысының бағы жанары беймәлім. Олардың жүрген жүрісін, әр айтқан сөзі мен көрсеткен өнерін бес бірдей қазы қас қақпай, қадала бақылап отыр. Байқамай бір ғана шалыс басқан қадам оңдырмай опық жегізері кәдік. Сондықтан арулардың бәрі қателік жібермей, өнерін жоғары деңгейде паш етуге барын салып-ақ жүр. Шынын айту керек, ән шырқап, би билеген, өлең оқып, күй тартқан қыздардың өнері залды дуылдатып жіберді. Өз өнерлерін жұртшылыққа паш еткен 23 арудың арасынан ақылына көркі сай ең керімін таңдау әділқазыларға да, көрермен қауымға да оңай соқпағаны анық.
Десек те, «Темір жол аруы – 2011» байқауының жеңімпазы болған Кәмшат Кәкішеваның өнері баршаны тәнті етті. Халқымыздың көркемсөз шебері, ұлы жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» трагедиялық драмасының соңғы бөлімінен қойылым жасаған Кәмшат қыз сахнада театр әртістерінен бір де кем түспеді десек асыра айтқандық емес. Драма үзіндісі өте қысқа болғанымен өзінің мақсаты мен драмалық сипатын толық ашып бере алғанына дау жоқ. Сайыстың тағы бір тапсырмасы ұршық иіру болды. Бұл кезде де Кәмшат қыз қатарластарын жеңіп шықты. Сайыс соңында 23 арудың арасынан озып шыққан Темір жол аруы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бұқаралық ақпарат құралы және сыртқы байланыстармен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Кәмшат Кәкішева өзінің пікірімен бөлісті: «Қазақстан темір жолы сияқты ұлттық компанияда «Атына заты сай» ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін сайыстың бар екеніне қуаныштымын. Байқау жоғары дәрежеде өтті. Негізі мамандығым тілші болғандықтан ұлтымыздың салт-дәстүрін бір адамдай білемін. Сайыстың бір тапсырмасы бойынша ұршық иіру керек болды. Әжемнің тәрбиесін көргендіктен ұршық иіру мен үшін аса қиын болмады. Бұл жеңіс қазақ қызының болмысын бойыма сіңіре білген, әсіресе әжемнің, ата-анамның жеңісі деп білемін, оларға шексіз алғысымды айтамын.»
Байқау мақсаты – қазақтың ұлттық құндылықтарын қайта жаңғыртумен бірге жас таланттарды анықтау. Әрбір қатысушы өнердің, спорттың сан саласы бойынша зал толы жұртшылықтың алғысына бөленді. Қатысушылардың түрлі қойылымдары мен өнерлеріне көрермендер де тәнті болып, жиі қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Байқаудың барлық қатысушылары «ҚТЖ» ҰК» АҚ арнайы дипломдары мен естелік сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздарға туристік жолдамалар, ұлттық киімдер жинағы, тұрмыстық техникалар табыс етілді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ.