• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қазан, 2018

Мақта бағасы бойынша бәсекелестік жоқ

913 рет
көрсетілді

Мақталы аудандардың ди­қан­дары су тапшылығы мәсе­лесін шешіп берген Мем­­­лекет басшысына ал­ғы­­сын айтуда. Биыл суға қа­­тыс­­ты диқандардың жа­н­ай­қайынан хабардар бол­ған Елбасының араласуы­нан кейін Тәжікстаннан қо­сым­ша су жіберілген болатын. Сөйтіп «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының арқа­­сында жетісайлық ди­қан­дар су тапшылығын көрген жоқ.

 

Түркістан облысы, Жетісай ауданының Ш.Ділдәбеков ауыл­дық округінде орналасқан Тәуел­­­сіздіктің 20 жылдығы атын­дағы машиналық каналға 13, 523 млрд теңге жұмсалып, 2011 жы­лы салынған болатын. Канал 86,7 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. 

Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мақта­лы өңірге келген сапарында аталмыш каналдың ГНС-1, ГНС-2 ара­сындағы өзекті мәселе болып тұрған 9 шақырымдық бөлігіндегі су өткізу қабілетінің техникалық жағ­­дайымен танысты. Аудан әкі­­мі Жамантай Бейсенбаев министрге биыл жетісайлық шаруалар атал­ған каналдың игілігін көр­ге­нін, «Достық» каналынан ке­­летін ағын судың тапшы бө­лігі осы канал арқылы тол­ты­ры­­лып отыр­ғандығын жет­кізді. 

Алай­да ка­налдың су өткізу қабі­леті тө­­мен­­деген. Яғни, жоға­ры­да атал­­ған бөлігі күрделі жөн­деу­­ді қа­жет етеді. Бұл мәселе ал­да­­ғы уақыт­та шешімін таппақ. Канал үш кезеңде қайта құ­ры­лым­­дау­дан өтетін болады. Оған рес­пуб­­лика­лық бюджеттен 6,5 млрд теңге ба­ғытталмақ. Егер жоба толық іс­ке асса, 120 мың гек­­тар егі­стік ал­қапты ағын сумен қам­­т­а­масыз ету­ге мүмкіндік туады. 

Министрдің мәлімдеуінше, ал­да­ғы жылы іске асқалы отырған қай­та құрылымдау жұмыстарының бі­рін­ші кезеңіне мемлекет тарапынан 1,2 млрд теңге бөлінетін бо­ла­­­ды. Ал екінші кезекте аудан аума­­­ғын­­дағы мемлекеттік мен­шік­­­ке өт­кен барлық каналдар­ды кү­­тіп-бап­­тап ұстау үшін жер­гі­лік­ті «Қазсу­шар» мекемесіне қа­­жет­­ті тех­ни­калар сатып алына­ды. Бұдан бөлек, құрылысы 10 жы­л­­ға со­зылған К-30 және К-26 ка­нал­дары­ның ішкі тармақтарын қал­пына кел­тіру мақсатында арнайы мем­ле­кет­тік бағдарлама бекітілмек. 

Сондай-ақ сапар барысында ми­нистр Қазақстан мен Өзбек­стан­ның шекарасында орналасқан «Достық» каналындағы №73 су реттегіш көлденең тоспаның жағ­д­айымен және ауданда жүзе­ге асқалы тұрған ПУИД-2 бағдар­ла­масы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мақ­таарал ауданында 40 мың гек­тарға жуық жер аталмыш бағ­дарламаға енген. Жобаның бірінші кезеңінде Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтеріне қарасты 8 мың гектар жерде тік дренажды ұңғымалар салу, коллекторлық жүйелер мен каналдарды тазалау жұмыстары басталмақ. Мердігер анықталып, құрылысты бастау үшін дайындық жұмыстары жасалуда. Жобаның екінші кезеңі Иіржар мен Жамбыл ауылдық окру­гтерінің 16 мың гектарын қам­­тыса, үшінші кезең бойынша Ата­кент кенті, Мақтаарал және А.Қалыбеков ауылдық округ­терінің 15 мың гектардан ас­там егістік алқабы жерасты сулары­нан арылып, тұзданудан сақтал­мақ­шы. Бұл орайда аудан әкімі Бақыт Асанов Ж.Нұрлыбаев ауыл­дық округіне қарасты К-17 каналы мен Жаңажол ауылдарына қарасты К-15 каналдарын және 57 дана тік дренажды ұңғымалар­ды республикалық меншікке өткізу қажеттігін айтты. Министрден осы және «Северный» су қашырт­қы­­сы­ның су өткізу қабілетін арттыру мақсатында механикалық таза­лаудан өткізу жұмыстарын жа­сауға байланысты мәселелерді шешуге ықпал етуді сұрады.

Аудандарда мақта терімі қар­қ­ын­ды жүргізілуде. Жетісай және Мақ­таарал аудандарына жұмыс сапары барысында министр бірқатар шаруашылықтарда болып, «ақ алтынның» сапасын жоғары бағалады. Ал Жеті­сай ауданы, Ж.Ералиев ауылын­дағы «Нұралы жол» шаруа қожа­лы­ғын­да Түркістан об­лысының әкі­мі Жансейіт Түй­­ме­баев министрге өңірдегі ауыл­­шаруа­шылық са­ла­­­сын­­дағы же­тіс­тіктер мен ат­­­қа­­­рыл­­­ған жұмыстарды айтып өтті. Атал­мыш шаруа қожалық бү­гін­де 497 гектар жердің 180 гек­­тарына мақта, 253 гектарына бақ­­ша дақылдарын, 37 гектары­на жо­ңышқа, 27 гектарына дән­дік жүгері еккен. Алпысқа жуық адам жұмыс істейтін шаруа қожалығының 47 техникасы бар. Жұмысшылардың айлық жалақысы – 55 мың теңге. Шаруа қожалығының төрағасы Е.Ералиевтің айтуынша, мақта терім науқаны ойдағыдай өтіп жатыр. «Дақылдардан мол өнім алуымыздың сыры – жаңа технологияны жан-жақты қолданумен бірге, ауыспалы егіс әдісін қатаң сақтаймыз. Суармалы жер – алтын қорымыз. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтар оның қадіріне жете бермейді. Өздері қалада тұрып, жерін жалға береді. Оны алған адам жерге агротехника талабына сай күтім жасамайды, тоздырып, рәсуасын шығарады. Сондықтан менің ұсынысым – көрші Өзбекстанда қалыптасқан мына бір жақсы әдісті біз де қол­дан­сақ деймін. Онда бір елді ме­кен­дегі махалла комитеті жері­не қарамаған, егін екпеген ди­қан­­нан жерін алып қояды», – деді Е.Ера­лиев. Фермердің бұл ұсы­ны­сы ми­нистр тарапынан қолдау тапты. 

Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 5 жылда 2,5 есеге көбей­ту үшін әдіс-тәсілдерді меңгеру, өсім­­дік­терді химиялық емес, био­­ло­гия­лық жолмен қорғауды қолға алу қа­жеттігін айтты. Асық­ата кентін­дегі «Корпорация Ақ-Алтын» ЖШС-нің мақта шикізатын өң­деу зауы­тында жылына 60 мың тонна мақта шикізаты қайта өңдеуден өтеді. Науқан кезін­де 265 адам жұмыс істейді. Мұн­да өндірілген өнімдер ТМД және бас­қа да шет мемлекеттерге жө­нел­тіледі. Зауыт жұмысымен та­­ныс­­қан министр мақта шикі­за­ты­­н­ың өзекті мәселелерін де тал­қы­­­ла­ды. Мысалы, «Балмұхан» шаруа қожалығының төрағасы М.Ата­бай­ұлы трейлерлердің биыл мақта ба­ғасын тоннасына 170 мың те­ң­г­е­­ден асырмай отырғанына ша­ғым­­данды. Мақта өсірудің шығы­ны өте көп шаруа екенін айтып, әр тоннасы 190-200 мың теңгеден са­тып алынса деген ұсынысын да жет­­кізді. Бұл сауалға жауап бер­­ген Өмірзақ Естайұлы мақта ба­ға­сын Үкімет қоя алмайтынын, тек ық­пал жасауы мүмкін еке­нін біл­дірді. «Зауыттар мақта ши­кі­­­­за­тын өңдеумен айналысады. Ал сатып алушылар неге бір ба­ға­­­ға ғана келісіп, соны ұстап отыр­­­ған­ын зерттеу керек. Неге бәсе­­­­ке­­лес­тік орын алмай отыр? Заң­­сыз­­дық­қа жол берілсе шара қолдануға күш саламыз», – деді министр. Сондай-ақ Ө.Шөкеев ал­дағы уақыт­та тиісті сала маман­дары тарапынан мақта бағасы бо­йын­ша арнайы сараптама және зерт­теу жұмыстары жүргізілетінін, мақ­та зиянкестерімен күресте био­логия­лық әдіске бөлінетін субсидия көле­мін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Айта кетейік, Мақтаарал ауда­нын­да 38 593 гектардан аса жерге мақта шиті себілген. Биыл орташа есеппен гектарынан 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Бүгінде аудандағы мақта қа­был­дау бекеттеріне 20 мың тон­на­дан астам ақ алтын келіп түс­кен болса, диқандар терім біт­кен­ше 80 мың тонна ақ ұлпа жи­нап алуды жоспарлауда. Ол үшін 365 терім­шілер бригадасы, 100-ге жуық комбайн мақта теру нау­қа­ны­на жұмылдырылған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы