2012 жылғы Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығынан үміткерлерге
КОНКУРС ЖАРИЯЛАНАДЫ
Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясы 2012 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа конкурс жариялайды. Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы отандық мәдениетті дамытуға ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік шығармалары үшін беріледі. Конкурстық шығармаларды қабылдау 2012 жылдың 1 ақпанына дейін жүргізіледі. Мемлекеттік сыйлыққа үміткер авторлар, олардың конкурсқа ұсынған еңбектерінің тізімдері және үміткерлерді ұсынып отырған ұйымдардың аттары ашық жариялылық түрде кеңінен талқылану мақсатында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Мемлекеттік сыйлықты алуға жұмыстарды қабылдау аяқталғанға дейін бес жылдан әрі емес және кемінде бір жыл бұрын көпшілік айналым үшін орындалған бір автордың немесе авторлар ұжымының жұмыстары қабылданады. Жұмыс Мемлекеттік сыйлыққа бір рет қана ұсыныла алады. Бұрын Қазақстан Республикасы сыйлықтарына ие болған жұмыстар Мемлекеттік сыйлық алу конкурсына жіберілмейді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы лауреатының жаңа жетістіктері болған ретте бұл сыйлық оған қайтадан, бірақ көрсетілген сыйлық осының алдында берілгеннен кем дегенде бес жылдан кейін берілуі мүмкін. Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ізденушілер ұжымы 5 адамнан аспауы тиіс. Бір ізденушінің кандидатурасы Мемлекеттік сыйлыққа екі және одан да көп жұмыстар бойынша ұсыныла алмайды. Бір автор немесе авторлар ұжымы Мемлекеттік сыйлыққа қатарынан екі рет ұсыныла алмайды. Тұлға мемлекеттік сыйлық алуға ұсынғаннан кейін қайтыс болған жағдайды қоспағанда, Мемлекеттік сыйлық қайтыс болғаннан кейін берілмейді. Бұл жағдайда қайтыс болған лауреаттың дипломы, төсбелгісі мен ақшалай сыйақысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұра бойынша беріледі. Үміткерлердің кандидатураларын мемлекеттік органдардың алқалары, шығармашылық одақтар мен ұжымдар ұсынады. 2012 жылғы Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі шешім Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында республикалық баспасөз беттерінде жарияланады. Ұсынылған еңбектерді тіркеу үшін мына құжаттар қажет: 1. Мемлекеттік органның немесе шығармашылық одақтың ұсынысы. 2. Жиналыс хаттамасы. 3. Шығармашылық мінездеме. 4. Үміткердің жеке іс қағазы. 5. 2 дана суреті (3*4). 6. 20 дана ұсынылған еңбек. 7. Тұлғаны растайтын құжаттың көшірмесі. 8. Шығарманың авторы және шығарма жөнінде қысқаша нақты мәлімет (мемлекеттік және ресми (орыс) тілдерінде). 6-шы пунктке байланысты түсініктеме. Кітаптар, ноталық жазбалар, бейнелеу өнері туындыларының репродукциялары, сәулет өнерінің схема-сызбалары, ғимараттардың, кешендердің т.б. фотосуреттері, кинофильмдер мен спектакльдерден бейнетаспалар немесе фотокөріністер, концерттік қойылымдар мен орындаушылық өнердің бейне немесе аудио-таспалары 20 дана етіп ұсынылады. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын еңбектер және тиісті құжаттар мына мекен-жайда қабылданады: 010000, Астана қаласы, Есіл өзенінің сол жағалауы, Орынбор көшесі, 8, Министрліктер үйі, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі, 15-кіреберіс, 5-қабат, 521-бөлме. тел.: 8 (7172) 74-04-75, факс: 8 (7172) 74-05-68.