Жуырда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Кентау бөлімінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай физика және химия пәнінен дәстүрге айналған аймақтық олимпиада болып өтті. Дәстүрге айналған бұл олимпиадаға өткен жылы да 750 000 теңге бөлініп олимпиада өткізілген болатын. Биылғы жылы «Біліммен болашаққа» тақырыбындағы пән жарысын өткізуге «Кентау трансформатор зауыты» АҚ мен Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ұйытқы болды. Оған Қызылорда облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының біршама аудандарындағы білім ордаларының 11 сынып оқушылары қатысты.
Олимпиада екі бөлімнен тұрды. Алғашқы күні тест тапсырған қатысушылар, келесі күні әртүрлі деңгейлі есеп шығарып өз білім деңгейлерін көрсетті. Жастардың физика мен химия пәніне деген қызығушылығын арттыру және аталған мамандықтарға оқуға түсулеріне ықпал жасау мақсатында өткен білім сайысына өз ісінің білікті мамандары, доцент, профессорлар қазылық етті.
Олимпиаданы салтанатты түрде ашқан «Кентау трансформатор зауыты» АҚ бас директоры Серғазы Күнтуаров, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ оқу-әдістемелік ісі жөніндегі вице-президенті Сәрсенбек Тұртабаев, қала әкімінің орынбасары Махмұт Қонысов қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Біз жыл сайын облысымыздағы мектептермен бірлесіп жұмыс істеп, пән олимпиадасын өткізіп отырамыз. Биыл физика мен химия пәнін жақсы оқитын жастардың басын қостық. Оған «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-дан қаражат бөлдік. Мақсатымыз «Alageum Electric» компаниясы бойынша инженерлік әлеуетті көтеру. Ел егемендігін алғалы 20 жылдың көлемінде бұл мамандықтарға ешкім мән бермеді. Біздің ойымызша олимпиадаға қатысушы балалар Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-ға оқуға түсіп, бізге маман болады деген ойымыз бар. Және де осы сәтті пайдаланып, «Alageum Electric» компаниясының жуырдағы қол жеткізген жетістіктерімен бөліскім келеді. Оның бірі, ҚР Үкіметінің «Кәсіби білім беру мен бизнес: серіктестердің диалогы» ІІІ-ші халықаралық форумда Білім және ғылым министрлігі тұсынан «Alageum Electric» компаниясын «2011 жылы техникалық және кәсіби білім беруде ең үздік серіктес» болып тағайындалып тиісті дипломдарымен марапатталды. Ал екіншісі, «Эксперт – 100-Қазақстан» ІІІ-ші экономикалық форумда рейтинг қорытындысы бойынша «Alageum Electric» компаниясы «Ең қарқынды дамып келе жатқан компания» номинациясында жеңімпаз атанды.
Бұл жетістіктер біз үшін ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы есте қаларлық үлкен сый болды. Бүгін сіздерге де осы мерекені жадыларыңызда қаларлық етіп өткізуге мүмкіндік туып отыр. Сіздерге бүгінгі сайыстарыңызда сәттілік тілеймін! – деді, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ бас директоры Серғазы Күнтуаров.
Бұл білім бәсекесінде 500 000 теңге көлемінде жүлде тағайындалды.
Сайыс өткізілген алғашқы күні олимпиадаға қатысушы жастар Кентау қаласының тарихи-мәдени орындарына және «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ға экскурсия жасады. Зауыттың жұмысымен танысты.
Тәуелсіздік күніне орай өткізілген «Біліммен болашаққа» атты физика мен химия пән олимпиадасының қорытындысында Кентау қаласындағы М.Әуезов атындағы №22 мектеп-гимназиясының оқушысы Тахир Абдуллаев пен №3 Кентау қазақ-түрік дарынды ер балалар лицей-интернатының оқушысы Бекзат Садуллаев Кентау трансформатор зауыты мен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті тағайындаған бас жүлдені және «Alageum Electric» АҚ дайындаған арнайы сертификатты жеңіп алды.
Білім деңгейінің жоғары екендіктерін көрсеткен оқушыларда білім бәсекесінде бірінші, екінші, үшінші орындардың және арнайы жүлделердің иегері атанып, қаржылай қомақты сыйлықтармен марапатталды.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.