• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қазан, 2018

Әбдіманап Бектұрғанов: Елбасы Жолдауы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады

193 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауы  дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады, барша қазақстандықтарды жігерлендіреді. Стратегиялық маңызы зор құжатта белгіленген міндеттердің шешім табуы халықтың әл-ауқатын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайтады.

Қай елді алып қарамасақ та, бiлiм беру жүйесi экономика, саясат, мәдениет саласындағы өзгерiстер мен дамуға әсер ететіндігі анық. Әлемнің кез келген елінде бiлiм тұлғаны әлеуметтiк-экономикалық үдеріске тиiмдi қатысуын қамтамасыз ететiн негiзгi фактор болып табылады. Сондықтан Елбасы Жолдауда бала бақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі кезеңде білім берудің жаңа сапасына қол жеткізуге баса назар аударып отыр.

Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту қажеттілігін атап өтті. Осы бағытта бізде әлі де шешімін таппаған біраз мәселелер бар. Мысалы, бүгінгі күні 5 жасар балаларға арналған (0) нөлдік сыныптар мектептерде және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істеуде. Егер мектептерге енгізілген нөлдік сынып жалпы білім беретін ұйымның санатына жатпайтын болса, онда нөлдік сыныптың мемлекеттік стандарттары, бағдарламалары қалай бекітіліп жатыр, оқу-әдістемелік құралдары қандай қаржы көзінен қаржыландырылуда, мектептерде бұл нөлдік сыныптарда сабақтарды мұғалім-педагог жүргізетін болса балабақшаларда тәрбиешілері жүргізеді, сонда, балабақшадағы және мектептегі (0) нөлдік сыныптарда оқыған балалардың мектепке даярлық деңгейі қандай болмақ сынды сұрақтарды біз депутаттық сауал ретінде тиісті органдарға жолдадық, болашақта шешімін табар деген үміттеміз.

Орта білім беру саласында Елбасы Назарбаев зияткерлік мектептерінің әдістемесін жалпы білім беретін мектептердің тәжірибесіне енгізуге, жоғары сынып оқушыларын нарық сұранысына сәйкес мамандықтарға бейімдеуге, олардың білім сапасын бағалауды халықаралық стандарттарға негіздеуге, барлық оқу орындарын бейнебақылау жүйесімен қамтуға, психолог мамандардың жұмысын жандандыруға көңіл бөлді. Өкінішке орай, еліміздің кейбір аймақтарында демографияға, урбанизацияға байланысты үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің проблемасы әлі де бар, осы орайда 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды Үкіметке тапсыруы өскелең ұрпаққа, мемлекет болашағына жасалған қамқорлық деп білемін. Ал мұғалім – қоғамда болып жатқан өзгерістер мен халықтың санасын жаңғыртушы елші екендігін ескерсек, «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау дер кезінде қолға алынған игі бастама деп санаймын.

Қазақстан Республикасындағы «Білім туралы» Заңда белгіленгендей, еліміздегі жоғары оқу орындарының академиялық және өзін-өзі басқаруын кеңейту мүмкіндіктері қарастырылған. Жоғары оқу қызметіне қатысты бірқатар мәселелер олардың құзіреттіліктеріне берілген. Тиісінше, енді жоғары оқу орындарының қызметіне де талап күшейтілетін болады. Олардың жұмыс нәтижесінің басты көрсеткіші - бітірген мамандардың жұмысқа орналасуы, соның ішінде еңбекақысы жоғары жұмыспен қамтылуы болмақ.

Жалпы, Жолдауда белгіленген міндеттердің барлығы дерлік халықтың өмірін жақсартуға, өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Әрине, ел дамуының стратегиясын дұрыс таңдап әрі қарай табысты жүзеге асыру, ең алдымен, адам капиталына байланысты, сондықтан Елбасы айқындап берген нақты міндеттерді ел болып бірлесе жүзеге асырайық.

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты