• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қазан, 2018

Елбасы Жолдауын ұстаздар мен шәкірттер тыңдады

1004 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауын теледидар арқылы еліміздегі көптеген жоғары оқуы орындарында арнайы тыңдалды. Солардың қатарында елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстаздары мен студенттері де Н.Назарбаев атындағы аудиторияға жиылып, бір жарым сағатқа созылған тікелей көрсетілімді тапжылмай тамашалады.

Білім мен денсаулық, адами құндылық, қоғамдық мәселеле, ұлт пен ұрпақтың келешегіне қатысты болған келелі құжаттан әркім өзінің санасында сабылысқан сан түрлі сауалдың жауабын тапқандай болды. Тікелей эфир аяқтаған соң университет ғалымдары және тәлімгер жастарын әңгімеге тартып, пайымды пікірлері мен орамды ойларын білген едік.

Қайрат САҚ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

Биылғы жолдаудың жылдағы дәстүрден бөлек бір ерекшелігі, яғни 3 ай бұрын ұсынылуы, бұл дегеніміз тапсырмаларды орындауға бюджет осы бастан қаралып, келесі жаңа жылдан бастап іске кірісуге мол мүмкіндік береді деген сөз. Жолдаудың негізгі бағыты – халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайын көтеру болды. Оның ішіне жұмыспен қамту, жалақының өсуі, білім, денсаулық сынды маңызды салалардың бәрі кіреді. Жолдаудағы міндеттелген мәселелердің басты бағыттарына келсек, алдымен Елбасының азаматтардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстауды талап етуі. Яғни халықтың қамын ойлап, жағдайын жасауға бағытталған Президенттің әкімдіктер мен құзырлы орган басшыларына берген нақты тапсырмалары көпшіліктің көкейінен шықты.

Өзім қызмет ететін жоғары білім саласы туралы айтсам, Жолдауда айтылғандай маманның санына емес, сапасына мән беру және бүгінгі нарықтың сұранысына қарай мамандар даярлауға баса мән берілмек. Сонымен қатар, жоғары білімге қатысты Елбасы айтқан тағы бір сын, ол – ЖОО бәсекелестікке төтеп беруі мен түлектердің университетті бітірген жұмыспен қамтамасыз етілуі. Бұл тұрғыда біздің Еуразия ұлттық университетінде арнайы бағдарлама бар және жыл сайын түлектеріміздің жұмысқа тұру жағдайына мониторинг жасап отырамыз. Атап айтсақ біз журналистиканың 1 курс студенттерін болашақта БАҚ саласының қай бағыты бойынша жұмыс істегісі келетінін анықтап, соның негізінде БАҚ құралдарымен байланыс жасап тиісті мамандарды ұсынып отырмыз. Бүгінгі Жолдаудағы ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытындағы тапсырмалар бізді ерекше қуантты.

Талал АВВАД, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-не Дамаск университетінен шақыртылған топ-менеджер, PhD доктор:

Мен Қазақстанның жоғары білім саласында, оның ішінде топ-менеджер қызметі бойынша 2 жылдан бері жұмыс істеймін. Айтпағым әлемнің үздік университеттерінің маңдайалды топ-менеджерлері мен оқытушы, профессорларын бір жерге жинақтап олардың озық тәжірибелерін қолдану бұл әлемдік қолданыста бар тиімді әдіс. Мен жұмыс істейтін Еуразия ұлттық университетінде алыс-жақын шетелден келген түрлі мамандар бар. Бұл жерде біз Қазақстан жастарына білім беріп қана қоймай өзара тәжірибе алмасамыз. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бүгін жоғары білімге қатысты өзіміздің мамандарды даярлау бағытын айтты. Мен өз тәжірибемнен айтар болсам Қазақстанда ғалымдар жеткілікті, тек Елбасы атап өткендей ғылымға қолдау мен көңіл бөлу жағын нақтылау керек. Осы тұрғыда Президент Білім және ғылым министріне нақты тапсырма берді. Одан бөлек Қазақстанда Назарбаев универсиетінен бөлек тағы бір беделді ЖОО құру идеясы ерекше ұнады, себебі Президенттің өзі айтқандай университеттер бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бұл күнде білім сапасы сұранысқа сай болмаса ол университеттің болашағы жоқ. Оған дәлелдер де аз емес.

Баубек СОМЖҮРЕК, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің халықаралық байланыстар және инновация жөніндегі проректоры:

Елбасының әрбір жолдауы елдегі әртүрлі салалар бойынша күрделі проблемаларды шешу мен бар жағдайды одан әрі дамытуға бағытталады. Өзім үшін түртіп алған және көңіліме қонған тұсы ол – әлеуметтің әл-ауқатты көтеруге басымдық берілуі. Яғни 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап  бюджет қызметкерлерінің жалақысы 1,5 есеге артады. Біз бәріміз білеміз көп шетелдерде ұстаздар, оқытушылар, полиция қызметкерлері мен дәрігерлер жоғары деңгейде жалақы алады және оларға жақсы жағдай жасалған. Міне, біздің көздеген мақсатымыз осы. Әсіресе мұғалімдер мен оқытушылардың қоғамдағы мәртебесін көтеру аса маңызды. Бұл менің ойымша, кезек күттірмейтін реформа. Одан бөлек ғылым баса назарға алынып қаражат көлемінің артатыны және жаңа ғылыми орталықтару ашылатыны қуантып отыр. Сол сияқты педагогтардың статусына қатысты жаңа заң жобасының әзірленетіні ерекше қуантты.

Бауыржан ТОЛЫСБАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің менеджмент кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Биылғы жолдаудың басты ерекшелігі – еліміздің ішкі саясаты мен тұрақтылыққа көп мән берілуі. Оның ішінде экнониика бойынша ішкі нарықты ұлғайту отандық өнімнің аясын кеңейту мен ол өнімнің қарапайым халықтың қалтасына сай келуін ерекше атап өтті. Отандық өнімдерді қолдау мен қолдану. Шетелдік тауарлардың ағымын азайып, тиісінше біздің өнімдерді шетелге экспорттауға басымдық берілмек. Бұл біздің өнімді шетелдіктер пайдаланады деген сөз. Мысалы, Президент осы СҚО-дағы Зенченко сүт өнімдері зауытын жақсы үлгіге келтірді, онда сүт өнімінің барлық түрі бар және халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Соны неге одан әрі ілгерілетпеске. Тағы бір ерекше ұнаған тұсы Елбасының тауарлардың сапасы бойынша бірыңғай комитет құру, бізде тауар сапасын қатысты жауап беретін құзырлы ұйымдар бар, дегенмен оны бір орталықтандыруы қажет.

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті, жас қаламгер:

​Жыл сайын Елбасымыздың кезекті Қазақстан Халқына әр Жолдауында жастарға көп көңіл бөліп келе жатқандығына ризашылығымыз шексіз. Елбасымыз жастарға ерекше көңіл бөліп, өзінің басты назарында ұстап келеді. Қазіргі таңда білім мен ғылымға, мәдениет мен әдебиетке, техника сынды салалардың барлығына да мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалынып келеді.

Осы орайда, Елбасымыз кезекті Жолдауда  өңірлік деңгейдегі бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыруды және кемінде 100 фитнес-орталықтар салу керектігін, сондай-ақ, спорттық ғимараттарды, әсіресе мектептерде, дене шынықтыру үшін аулаларды, саябақтарды, алаңдарды жабдықтауды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Қазірдің өзінде әр аймақтарда фитнес - орталықтардың саны өсіп келеді, Елбасымыз осындай орталықтардың мейілінше қатары толығу керектігін атап айтқан болатын. Салауатты өмір салтын қалыптастыру яки дені сау ұрпақ өсіру ұлт алдындағы абыройлы міндет.

Ұлықбек ЕРМЕКБАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінің студенті: 

Студент болғандықтан жолдаудағы мен үшін маңызды тұсы ол Елбасының Ғылым және білім министрлігіне және ЖОО бәсекеге қабілетті болуды күшейту керектігін нықтағаны.

Президент егер 4-5 жыл уақыт өткізіп оқығанымен бітірген соң нарық талабына сай келмесе, бәсекеге төтеп бере алмаса ондай маманның не керегі бар деді. Бұл бізге де ой салды. Демек мен өз мамандығым бойынша сұранысқа иел болмасам жұмыссыз қалам және елге пайдам жоқ. Осыны түйдім. Одан бөлек ЖОО-ның бітірген түлектерінің жұмыспен қамтылуын қадағалауды тапсырды, бұл да маңызды. Себебі, университетті бітіріп алып жұмыссыз жүрген жастар қаншама. Олардың көбісі өз мамандығымен жұмыс істемейді. Яғни қай сала маманы болсаң да бәсекеге қабілетті бол, бұл жерде берілетін білім сапасы да үлкен рөл атқарады. Және бір өзіме түртіп алғаным, жасанды интеллект, блокчейн, биотехнология мен биомедицинаны дамыту өте маңызды. Себебі бұл қазіргі тренд, ал дамыған елдердің қатарында боламыз десек трендтен қалмауымыз керек.

Дайындаған, Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»