Алматыда теннистен өткен дәстүрлі қайырымдылық турнирінің басты мақсаты көмекті қажетсінетін жандарға қамқорлық аясын кеңейтуге бағытталды. Бағанашылдағы орталық кортта биыл алтыншы жыл қатарынан өткізіліп отырған бұл турнирді «Play4life» (өмір үшін сайыс) бастамашы тобы «Ротари Клубының» алматылық филиалымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Атап айтарлығы, «Ротари Клубы» – іскерлік әлемі және интеллигенция, яғни зиялылар өкілдерінің дүниежүзілік ұйымы болып есептелінеді. Ең бастысы, ұйым мүшелері қайырымдылық көмектің адам өміріндегі ең басты және ең маңызды құндылық екендігіне берік сенеді.
Сонымен қатар, бұл ұйым жер-жаһанда бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ халықтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында көмек қолын созып, оған игі ықпал етуде. Бүгінгі таңда әлемде барлығы 32000 Ротари клубтары жұмыс істейді. Бұл клубтардың құрамында 1 200 000 ерлер мен әйелдер бар және саяси көзқарасы, діні және ұлтының алуан түрлі болғанына қарамастан, олардың барлығы дерлік ынтымақтастық, достық рухында тығыз бірлесіп, әрекет етуде. «Play4life» (өмір үшін сайыс) бастамашы тобының өкілі Ерлан Балғариннің айтуынша, дәстүрлі турнирді ұйымдастырудағы басты мақсат сәбилер үйіне және жетім балалар мен мүгедектерді қолдау орталықтарына қайырымдылық көмек көрсету болып табылады.
– Дәстүрлі қайырымдылық турниріне қазақстандық және халықаралық компаниялардың отыздан астам жетекшілері ұйымшылдықпен қатысты. Олардың арасында «HSBC» банкі, «Omega Chemicals», «Resmi Group», «USAID», «Centras Insurance», «Limpopo», «Samruk Kazyna», «Elsi Tech» және басқа да компаниялардың белді мүшелері бар. Сонымен қатар, қайырымдылық турнирін өткізу ұйымдастырушылар үшін волонтерлік қызмет және жыл сайынғы коммерциялық емес жоба болып табылады. Бұл орайда «Ротаракт» жастар ұйымының волонтерлік көмегін де айта кеткен жөн, – дейді Ерлан Ертөстікұлы.
«Жетім көрсең, жебей жүр» демекші, қайырымдылық көмек көрсетудің маңызы зор. Турнирді ұйымдастырушылардың теннисшілер жарысын қызу қолдап, демеушілік көрсеткен компанияларға деген алғысы шексіз. Бұл орайда, «HSBC» банкі, «Алатау» сақтандыру компаниясы, «ASY» сауда маркалы «RG Brands», «KLM» әуе компаниясы, «Tian Shan Group», «Argento» мейрамханасы, «Mama Mia» және «Ciao Pizza» жүйесі, «Aldo Copola» италиялық сән салоны, «Сұлтан» және «Henkel» ЖШС жоғары талап деңгейінен көріне білді. Бір құптарлығы – жетім балалар мен мүгедектерге арналған қайырымдылық іс-шарасынан жекелеген тұлғалар да шет қалмай, өз үлестерін қосты.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
АЛМАТЫ.