• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
30 Желтоқсан, 2011

Еңселі мешіт ел игілігі үшін

406 рет
көрсетілді

Ұлан ауданының ор­та­лығы  – Қасым Қай­се­нов атындағы кентте ел есінде қалатындай елеулі оқиға болды. Осы ауданның тумасы, ауған соғысының ардагері, таяуда ғана кәсіпкерлікті дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған, алдыңғы жылы Елбасының қолынан «Парыз» сыйлығын алған Қайрат Мусин өз қаржысына соққан, ішіне 500 адам еркін сыятын еңселі мешітті жерлестеріне сыйға тартты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы­мен осыдан екі жыл бұрын «Туған елге – тағзым» ак­ция­сы жүзеге аса бастаған. Оның мақсаты – жергілікті жерден шыққан қалталы азаматтарды кіндік қаны там­ған өлкеге бастарын бұ­рып, мектеп, балабақша, спорт кешендері мен мешіттерді өз қаржыларына салғызу болатын. Соның нақты дәлелі емес пе, екі жылда өңір бас­шы­сының бастамасына үн қос­қан елуге тарта азамат жер­лестерінің алғысына бөленді. Енді, міне, Ұландағы еңселі мешіт ел игілігіне айналды. Мешіттің ашылуына өңір басшысы Б.Сапарбаев, Ауған­станда Қ.Мусиннің командирі болған еліміздің біртуар аза­ма­ты, «Халық Қаһарманы» Ба­қытжан Ертаев, Шымкент, Тараз, Семей, басқа қалалардан кәсіпкердің  достары арнайы келді, қуаныштарын бірге бөлісті. «Қайрат сияқты елінің келешегін ойлаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ол бұдан бұрындары да спорт, мәдениет сайыстарына демеушілік жасайтын. Бүгін құны 200 миллион теңгеден асатын мешітті жерлестеріне сыйлап тұр», деді өңір бас­шысы. «Қайрат мен басқарған батальонда ерлікпен шай­қас­ты. Қазір оның омы­рау­ын­да жиырмадан астам жау­ынгерлік наградалар бар. Жақында Елбасының Жар­лы­ғымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Біз Ауған соғысының ардагерлері аты­нан Қайратқа ақбоз ат сый­лаймыз», деп Б.Ертаев кә­сіп­кердің иығына шапан жау­ып, тұлпарға  мінгізді. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.