Ел биігінің бір өлшемі – әлемге танылуы, дүниежүзілік қоғамдастық тарапынан мойындалуы. Бұл тұрғыдан да жақында Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өткен Қазақстанның абыройы асқақ. Жаһанға аты мәлім саясаткерлер, қоғамтанушылар, қаламгерлер еліміздің жемісті жолын, елді бір асудан бір асуға бастаушы Елбасымыздың ерен еңбегін айтып та, жазып та келеді. Солардың бірі – Ұлыбританияның белгілі жазушысы әрі қоғам қайраткері Джонатан Айткен. Оның алдымен ағылшын тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» атты кітабы Батыс оқырмандары арасында кең тараған еді. Бұл кітап орыс және қазақ тілдеріне аударылып, өткен жылы Мәскеудің беделді «Художественная литература» баспасынан шыққан.
Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы тұсында Джонатан Айткен жаңа еңбегін оқырман қауым назарына ұсынды. Қазірше орыс тіліндегі нұсқасы «Казахстан. Сюрпризы и стереотипы» деген атпен жарияланған бұл кітап автордың Елбасымызға арналған еңбегінің заңды жалғасы болып табылады. «Д.Айткеннің жаңа деректі туындысы белгілі бір дәрежеде мұның алдындағы кітапта публицистикалық тұрғыдан зерттелген тақырыптарды өрбітеді. Жазушы Ресей ғасырлар бойы тату көршілік пен ынтымақтастық арқауларымен байланысып жатқан елдің жиырма жылдық тәуелсіздік тәжірибесін жинақтайды. Кітап авторға тән еркін мәнерде жазылған. Бұл туынды, елдің өткені мен болашағына көз салдыра отырып, бүгінгі Қазақстанға өзінше бір саяхат жасатады, ол саяхаттың барысында мүдделі оқырманның алдынан талай жаңалық пен тосын тартулар шығады. Мұнда қыздырманың қызыл сөзі жоқ, мұнда, бірінші кітаптағыдай әлемдік саясат пен экономиканың алдыңғы легіне шыға бастаған далалық держава туралы, сол елді тұрақты да лайықты болашаққа сенімді бастап бара жатқан тұлға туралы боямасыз, дабырасыз әңгіме бар», делінген кітаптың аннотациясында.
Джонатан Айткеннің өзі кітаптың кіріспесінде былай дейді: «Батыс демократиясы елдеріндегі жұртшылық билік алдында шексіз шімірікпеушілік танытып, саяси көшбасшыларға сенімсіздік көрсетіп жатады. Қазақстандағы қоғамдық пікір керісінше үрдісті ұстануда. Бұл біршама дәрежеде жасы үлкендерді сыйлайтын, лауазымға құрметпен қарайтын дәстүрдің арқасы, ал негізгі себебі – адамдардың өз Президентіне шынайы сенетіндігі».
Біз бүгін, Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы түйінделер тұста «Егемен Қазақстан» газеті оқырмандарының назарына Джонатан Айткеннің «Қазақстан. Тосын тартулар мен қасаң қалыптар» атты жаңа кітабының кіріспесінен үзінді ұсынып отырмыз. Мұнда автор сөз басында Батыстағы жұртшылықты Қазақстан тарихының өзіндік ерекшеліктерімен таныстырып алуды мақсат тұтқан сыңайлы. Жалпы, Джонатан Айткен бұл кітапты жазудағы мақсатын «Өзімнің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» атты соңғы кітабымды аяқтаған кезде менің бірнеше достарым оны жалғастыруды ұсынды. Олардың айтуынша, Президенттің батыс оқырмандарына арналған алғашқы саяси ғұмырбаянын жазғаннан кейін мен елдің өзінің келбетін көрсетіп шығуға тиісті екенмін» деп түсіндіреді.
Қазіргі Қазақстан туралы әңгімелеу адам аяғы баспаған жерлерге сапар шегу сияқты – бұл кеңестен кейінгі кеңістіктегі әлі де көп таныла қоймаған, сонымен бірге ең бір таңқаларлық елдердің бірі. Тегінде, дәл қазір осы жас елдің портретін көрсететін кез, өйткені ол өзінің тарихи белесінің – Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойының табалдырығында тұр.
Қазақстан Кеңес Одағының күйреуі кезіндегі астан-кестен берекесіздікте 1991 жылдың желтоқсанында тәуелсіздігін алған тұста бұл жас ел еңсесін тіктеп кету үшін тым кедей, саяси тұрғыдан тым тұрақсыз деген пікір белең алған еді. Кейіннен «Борат» фильміндегі кемсітушілік сөздер мен қисынсыз хикаялармен үстемелене түскен ол пікір біраз жылға дейін орнығып келді.
Бүгінде халықаралық қоғамдастық елдің өсе түскен экономикалық және саяси мәнінің арқасында Қазақстанға байыпты көзбен қарайды. Әйтсе де, қазірдің өзінде Батыстағы адамдардың көпшілігі бұл халықтың тарихы, мәдениеті, мінез-құлқы және елдің әлеуеті туралы өте аз біледі немесе тіпті ештеңе білмейді. Алайда, уақыт өте бере әлемде дала төсінде жаңа держава қалыптасып келетінін ұғыну кеңейе түсуде. Ресей, Қытай, Орталық Азия және Батыс өркениеттері тоғысатын стратегиялық қиылыста Қазақстан тұрақты әрі елеулі егемен мемлекет ретінде орнықты.
Бұндай өзгерістердің бір белгісі Қазақстанның халықаралық танымалдығының арта түсуі болып табылады. ЕҚЫҰ саммитін жарқын күйде өткізуден бастап шығармашылық ұжымдар мен музыканттардың табысты өнер көрсетулеріне дейін бұл ел өзін әлемдік аренада бар дауыспен танытып келеді. Оның мұнайдың, бидайдың, уранның әлемдік рыноктағы мен қор биржаларындағы конъюнктураға әсер ете алатын экономикалық әлеуеті бүкіл әлемдегі коммерсанттарға жақсы мәлім. Әлемді көбірек аралап, шет елдерде көбірек оқыған сайын қазақстандықтар дүние дидарында өздерін еркінірек сезіне түсуде. Қазір бұл ел де, бұл халық та өрлеп тұр.
Әлемдік БАҚ-тардағы ел туралы көбіне біліксіз және бірсарынды берілетін репортаждарға қарамастан, Қазақстандағы мемлекеттік басқару тетіктері мен саяси үдерістер де өзінше қызғылықты. Әлгі репортаждарда «полицейлік мемлекет»; «аяусыз диктатура»; «түнерген режім», тіпті «Солтүстік Кореядан да жаман» деген сияқты қатып қалған қасаң қалыптар мен күйдіргі клишелер өріп жүреді. Мен осындай сілтемелер мен ебедейсіз журналистік еркінсулерге кешіріммен күле қараймын. Өйткені, мен осы елге етене еніп, оның еңбекпен түзеу мекемелері немесе құпия қызметі сияқты қапас «қуыстарын» көрсетуге, тамаша ғалымдары мен студенттері туралы, театрлары, балеті, музыкасы мен басқа да мәдени құндылықтары жайында қалам тербеуге, алыстағы ауылдар, зияткерлік мектептер, аса бай кәсіпорындар, қажырлы жас кәсіпкерлер, елдің екі ірі қаласы туралы жазуға, аса көрнекті мемлекеттік қайраткерлермен сұхбаттасуға мүмкіндік алдым. Осынау жазушылық саяхатымның соңында мені бір жерге кіргізбеді немесе маған бір нәрсені ашық көрсетпеді деп шағым айта алмаймын. Бұл кітапта сын да, қошемет сөз де бар. Алайда, ең бастысы, онда қызғылықты жаңа ашылымдар бар деп үміт етуге батылым жетеді. Сол ашылымдардың ең бойды баурап алатыны, әйтеуір маған, авторға осылай көрінеді, жаңа ұлттық сана-сезім мен қайта өрлеу нышандарының пайда болуы.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу тұсында ұлттық сана-сезімді суреттеу оңай да емес, өйткені оның суретінің өзі өзгеріп тұрады. Бұл елде талай нәрсе даму үстінде, тез өзгеру үстінде. Сөйте тұра, көз алдымызда өсіп бара жатқан дәулетке қарамастан, Қазақстанның ең маңызды ресурсы оның адамдары болып отыр. Адамдардың бойында дарын мен дәстүрдің таңқаларлық тоғысуы бар, олар болашаққа кеудешіл жоспарлар белгілеуде, сонымен бірге өздерінің ата-бабаларымен, өздерінің ежелгі мәдениетімен терең тамырластықты да сезінеді. Мұндай тамырларға дәл анықтама бере қою қиын, өйткені мұның өзі Даланың көне құндылықтарының, түркі-ислам мұрасы мен кеңес дәуіріндегі кереғар тәжірибенің қорытпасы. Қазақстанның өткені мен болашағын жақсырақ пайымдау үшін бір-бірімен байланысып жатқан үш нәрсені: азап пен ауыртпалық арқылы алға жылжуды, жанталаста жан сақтау мен табысқа жетуді ескерудің маңызы өте үлкен.
Халықтың мінезі қилы замандарда шыңдалады. Қазақ этносының пешенесіне мұндай қилы замандар аз тап келген жоқ, халықтың табандылығы ХХ ғасырдағы трагедиялық жағдайлар барысында жеріне жеткізе сынға түсті.
Мұндай алғашқы трагедия 1917 жылғы большевиктер революциясы болды. Революция құйыны мен Ресей империясының күйреуі өздерінің атамекендерінен түбірімен жұлып түскен 1,5 миллион көшпенді қазақтар 20-шы жылдардың басында үйірімен, табынымен малын айдап, Қытай мен Моңғолияға қарай қашты.
Екінші трагедия ауыл шаруашылығын ұжымдастыру болды, ол елде қалған көшпенділер мен олардың малына күйрете соққы берді. 1930-1933 жылдар аралығында үш миллионнан астам қазақ аштықтан қырылды, өйткені олар өздерінің дәстүрлі мекендерінен қуылып, кеңес билігінің жетекшілігімен жасалған колхоздар құру жөніндегі өлімші экспериментке айдап тығылған болатын.
Ұжымдастырумен қоса-қабаттасып Иосиф Сталин заманының террор мен репрессия сұмдығы келіп жетті. Ол қазақтарды аяусыз басып-жаншыды. 1937-1954 жылдар аралығында 300 000-нан кем түспейтін адам қырылды немесе түрмелерде көз жұмды. Оған қоса Кеңес Одағының әр өңірлерінен сталиндік сүргіннің 500 000 құрбандығы Қазақстанға әкелінді.
Депортациямен келгендердің көпшілігі ГУЛАГ жүйесіндегі қанқұйлы түзету лагерлерінің тұтқындары болатын. Елдің теріскейдегі территориясы Сібір сияқты сондай лагерлердің ордасына айналғаны Қазақстанның ХХ ғасырдағы жан жарасы еді.
ГУЛАГ-тың сұмдығынан ба, колхоздарға күштеп қуып тыққандықтан ба, әйтеуір КСРО-ның көптеген халықтары өкілдерінің еркінен тыс миграциясы түпкілікті жер иесі – қазақтарды одан сайын араластырып жіберді. Сталин тұсындағы депортацияланғандарға қоса Никита Хрущев басқарған кезде Кеңес Одағында 1,5 миллион адам қазақтар жерінде тағы да бір күмәнді ауыл шаруашылық экспериментін – тың және тыңайған жерлерді игеру жобасын жүзеге асыруға қоныс аудартылды. Бұл кезде қазақтар өз елінде азшылыққа айналып, іс жүзінде өздерінің дәстүрлі өмір салтынан айырылған еді. Халықтың 37 пайызына дейін түскен қазақтар кеңестік кезеңде ұлт ретінде қатты кемсітілді – мысалы, 1961 жылы Алматыда қазақша оқытатын жалғыз ғана мектеп болды.
Әйтсе де, Қазақстанның кеңестік кезеңдегі ең сұмдық трагедиясы Семей облысын ядролық қаруды сынау полигоны ретінде пайдалану еді. 1949-1989 жылдар аралығында сынақтар әр үш апта сайын ұдайы өткізіліп тұрды. Қырық жылдың ішінде Қазақстанда 752 ядролық жарылыс жасалды – оның 114-і атмосферада немесе жер бетінде тұрғылықты халықты ешқандай қорғаусыз жасалды. Мұндай сынақтардың ұдайылығы және олардың ауаға радиоактивті заттар шығаруы қоршаған ортаға және тұрғылықты халықтың денсаулығына сұмдық әсер етті. Осының салдарынан ядролық қаруды сынаудың мәскеулік бағдарламасының құпиялары жергілікті халықтың ішінде туабітті кеселдер пайда болуымен, рак ауруларының қатты өсуімен, астықтан уланумен және басқа да бәлелермен бірге шыққан кезде үрей мен наразылық ауаны Кеңестік Қазақстанды кернеп кетті. Радиация әсерінің психологиялық және тәни салдарлары әлі де қазақ қоғамының жанының түкпірінде жатыр.
ХХ ғасырда елдің үлесіне тиген ауыр сынақтардың мәнін түсіну оның ХХІ ғасырдағы болашағы жайында айқын пайымдауға мүмкіндік береді. Қазақтар даланың экстремалды климат жағдайында және кеңестік кезеңдегі саяси қысым ахуалында арпалыса жүріп аман қалудың амалдарын тапқан мойымас, берік халық болып шықты. Жойып жіберуге талай рет әрекет жасалғанына қарамастан, қазақтың тілі, поэзиясы, музыкасы мен ұлттық мінез бітімі азапты жылдарда да аман қалды, енді өрлеу мен табыс кезеңінде өркендей бастады.
Кеңестік кезең келмеске кеткеннен кейінгі 1991 жылы осы арпалыса жүріп аман қала алу қайта қажет етілді. Құлаған алып державаның қирандыларына тұрғызылған тәуелсіздік әуелде қуаныштан гөрі проблеманы көбірек туындатты. Ел банкрот болып, тиісінше әрекет ете алмай жатты. Елдің өз валютасы болмады, инфляция ауыздықталмады, азық-түлік өнімдері жетіспеді, зауыттар тоқтап қалды. Үкімет зейнетақы мен жалақыны төлей алмады. Талайлар ішер асқа жарымады. Ел экономикалық және саяси берекетсіздіктің жар жағасына тірелді. Алайда, өзін өзі басқарған алғашқы бірнеше жылдың ішінде-ақ Қазақстан халқы елге көптеген дағдарыстардан ойдағыдай өтуге көмектескен материалдық тетіктерге ғана емес, моральдық сипаттарға да ие бола алды.
Мұндай сипаттардың алғашқысы – толеранттылық. Қазақстанда 138 ұлт пен этностық топтардың өкілдері өмір сүреді. Бүгінгі буынның әкелері мен аталарын жалпыға ортақ бақытсыздық біріктірген. Олардың ұрпақтары өркендеу жағдайында тату тұруға үйренген. Икемділік пен толеранттылықтың осынау әмбебап ұлттық қорытпасын халық екі дәуірдің тәжірибесінен – тирания мен еркіндіктің қосындысынан құйып шығарған. Иә, Қазақстан Азияның бірегей қайнатпа қазанына айналды, қазір сол азапты жылдар естеліктер елесіне көміліп барады. Бұл жас ел, 16 миллион адамның орта жасы – 31 жас. Жастар өміршеңдікпен болашаққа көз тігеді, ұлттық толеранттылық адамдардың бір-біріне және ел көшбасшысына деген сенімінің арқасында нығая түсіп келеді.
Табыс нақты көрініп тұрса, жаңа державаны тұрғызу ісі құштарлықпен жүреді. Нәтиже бар жерде сенім де арта түседі. Жиырма жыл бұрын Қазақстан КСРО-ның кедей әрі артта қалған ортаазиялық шет аймағы еді. Бүгінде ол экономикалық қуаты артып, халықаралық қоғамдастықтың құрметіне бөленіп келе жатқан өңірдегі ықпал орталығы.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі он екі есе артып, 9 000 доллардан асты – бұл Малайзия деңгейіне тең өркендеу көрсеткіші (2011 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша ішкі жалпы өнімнің халықтың жан басына шаққандағы қайта есебі 11 мың АҚШ долларына жетеді деп шамаланып отыр – Ред.). Бұл көрсеткіштің басқа дамушы елдердің көбімен салыстырғанда тез өсетіні сондай, 2020 жылы, болжам бойынша, жан басына шаққандағы ІЖӨ 28 000 долларды құрайды.
Жұмыссыздықтың 5,6 пайызды құрайтын ағымдағы деңгейі қысқаруда, ол АҚШ-тағыдан, Британиядағыдан, Франциядағыдан, Германиядағыдан төмен. Өсудің неғұрлым қуанышты әрі көп үміт еткізетін белгісі жас әрі кеудешіл орта таптың пайда болуы. Рас, оның көптеген өкілдері қазірше кәсіпкердің бизнестегі мансабынан гөрі мемлекеттік құрылымдардағы қауіпсіз мансапты тәуірлеу көреді, дегенмен бұл да өзгеріп жатыр.
Экономикалық статистика жалпы жағдайдың бір бөлігін ғана көрсетеді. Мына кітаптың тақырыбынан байқалып тұрғандай, мен Қазақстанның тосын тартуларға толы екенін көрсетемін. Бұл елдің адамдары қайырымды, қонақжай, ақкөңіл, ашық, мәдениетті, өзінің тарихын сүйеді, талайы ән салады, араласып-құраласуға бейім, көңілді, өмірге құштар. Бұл – сүйкімді ұлт, оның дидарынан сан түрлі сипатты – тән сұлулығы мен далалық романтизмді қатар көруге болады.
----------------------------------------
Суретте: Н.Ә.Назарбаев пен Дж. Айткен.