Кеше Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында Қазақстан Үкіметі, қызметкерлердің республикалық бірлестіктері және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2012-2014 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылды.
Бас келісімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің, қызметкерлердің республикалық бірлестіктерінің және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің экономикалық саясат, еңбек рыногын дамыту, халықтың тиімді жұмыспен қамтылуына ықпал ету, жалақы, халықтың табысы мен өмір сүру деңгейі, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау, тең мүмкіндіктер беру саясаты, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік әріптестікті және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту саласындағы позициялары келісілді.
Келісімге қол қоя отырып, тараптар «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыруда, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту және жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру, әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық шарт арқылы реттеудің құқықтық базасын жетілдіруге және ұжымдық еңбек дауларын шешудің тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды және Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп Қазақстан Республикасындағы лайықты еңбек ұлттық бағдарламасын іске асыруда күш біріктіруге келісті.
Келісімге Қазақстан Үкіметі атынан Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, Қызметкерлердің республикалық бірлестіктері атынан – Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев, Жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері атынан – «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының, Қазақстанның жұмыс берушілер конфедерациясы, Тау-кен өндірісі және тау-кен металлургиялық республикалық қауымдастығы, сондай-ақ, Қазақстан Тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағы және Еуразиялық өнеркәсіп ассоциациясының өкілдері қол қойды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.