ДАҒДАРЫСТЫ ЕҢСЕРУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ
Бірқатар шаруашылық жүргізуші нысандардың дәрменсіз борышкерлер қатарына қосылып, банкроттыққа ұшырап жататыны жасырын емес. Әлемдік қаржы дағдарысының салқыны тиген кәсіпорындар мен мекемелерді сауықтыру жайы қалай? Облыстағы дәрменсіз борышкерлерді оңалту рәсімінің тиімділігі қандай, қаншалықты қайтарымды?«Егемен Қазақстанның» Ақтөбе облысы бойынша тілшісі Сатыбалды Сәуірбай Қаржы министрлігі дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің «Батыс» өңіраралық департаментінің бастығы Аманғос Дербісәлинге:
– Сіз бұған не дейсіз? – «Банкроттық туралы» Заңда таратумен қатар, мекемені оңалтуға бағытталған рәсімдер көзделген. Экономикалық жағдайы қиындаған мекемелерге қаржы дағдарысына байланысты оңалту шараларын кеңінен қолдану Қаржы министрлігінің стратегиялық жоспарында көрсетіліп, оны орындау мақсатында жұмыстар басталған болатын. Егер 2001-2007 жылдары оңалту рәсіміне Ақтөбе облысы бойынша кіргізілген кәсіпорындар саны 4-еу ғана болса, 2008-2011 жылдар ішінде 23-ке жетті. Бұл рәсімді енгізу көрсеткіштері бойынша Ақтөбе облысы елімізде көшбасшылардың қатарында келеді. 9 айдың қорытындысы бойынша еліміздегі барлық оңалту рәсімінен өтіп жатқан мекемелердің 25 пайызы Ақтөбе облысының үлесіне тиесілі. Бірақ, бұл жерде әңгіме оңалту рәсіміндегі мекемелердің санында емес, оның сапасында болса керек. Бұлай дейтін себебім, бұл рәсімді кіргізу онша қиын емес, алайда, оның әрі қарай жұмысын жүргізу, табыс табу мәселелерін шешу оңайға түспейді. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, соңғы екі жылда барлық рәсімді өтіп жатқан мекемелер бойынша көптен бері төленбеген жалақыдан берешекті 185,2 млн. теңге немесе 99,3 пайыз өтеу арқылы әлеуметтік шиеленісті жағдайлардың алдын алдық. Жалпы, 650 адамның ала алмай жүрген еңбақылары қолдарына тиді. Жалақыдан басқа, банктердің, конкурстық кредиторлардың 506,7 млн. теңге алашақтары өтелді. Алты мекеме оңалту рәсімінен өтіп, жұмыстарын қалпына келтірді. Бір сөзбен айтқанда, оңалту рәсімін кеңінен пайдалану дағдарыстан шығаратын негізгі жолдың бірі болып отыр. Ақтөбе облысы.