Жуырда Қазақ ұлттық техникалық университетінде әдемі кездесу өтті. Жоғары білімді өндіріспен ұштастыру мақсатында «Дәуір» республикалық полиграфиялық баспа кешені (РПБК) аталмыш оқу орнында полигафия мамандығы бойынша оқитын үздік әрі белсенді студенттерге шәкіртақы тағайындаған болатын. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Дәуір» РПБК төрайымы Светлана Назарбаева ҚазҰТУ-ға келіп, шәкіртақы тағайындалған екі студентке сертификатты салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар, «Полиграфия», «Көлік, көлік техникасы және технологиясы», «Тау-кен ісі», «Мұнай-газ ісі», «Металлургия» мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер мен магистранттарға арналған «Роботты техника және көтеріп-тасымалдау жүйелері» атты оқулықтың тұсаукесерін өткізді.
Оқу орнының басшылары, институт директорлары, «Полиграфиялық өндіріс машинасы мен технологиясы» кафедрасының профессорлары, оқытушылары мен осы мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер қатысқан жиынды университет ректоры Жексенбек Әділов сөз сөйлеп ашып, «Дәуір» РПБК мен ҚазҰТУ арасындағы іскерлік байланысқа тоқталып өтті.
Одан соң сөз алған «Дәуір» РПБК бас директоры С.Назарбаева өзі басшылық жасап отырған кәсіпорынның қызметіне қысқаша тоқтала келе, өздерінің ҚазҰТУ-да полиграфия мамандығы бойынша білім алып жатқан үздік және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан студенттерге шәкіртақы тағайындап, қамқорлық көрсететінін, алдағы уақытта сол екі студентті оқу бітірген соң жұмыспен қамту мәселесін де қарастыратынын жеткізді. Сондай-ақ, ол «Полиграфиялық өндіріс машинасы мен технологиясы» кафедрасының студенттеріне «Дәуір» баспаханасында тәжірибеден тегін өтуге мүмкіндік жасалатынын мәлім етті.
Игі шараның бастамасы ретінде С.Назарбаева үздік үлгерімімен және белсенділігімен көзге түскен екі студентке сертификат тапсырды. Шәкіртақы иелері өндірістік инженерия институтының 4-курс студенттері А.Жүсіпов пен Н.Тұрлыкиева «Дәуір» баспа кешені мен оның басшыларына алғыстарын білдіріп, сенімді ақтауға ұмтылатындарын айтты.
Сонымен қатар, кездесу барысында жақында жарық көрген «Роботты техника және көтеріп-тасымалдау жүйелері» атты оқулық ҚазҰТУ мен «Дәуір» РПБК арасындағы іскерлік байланыстың жемісі болып табылатыны айтылды. Аталмыш оқулықты С.Назарбаева мен өндірістік инженерия институтының оқытушылары Н.Т.Сұрашев пен М.И.Гудович бірлесе жазған болатын. Кітап авторларының бірі көтеріп-тасымалдау машиналары және гидравлика кафедрасының меңгерушісі, профессор Н.Т.Сұрашевтың айтуынша, бұл оқулық металлургия, тау-кен ісі, мұнай-газ ісі, полиграфия салаларында қолданылатын көтеріп-тасымалдау жүйелерінің қазіргі заманғы үлгілері жайлы жазылған зерттеу еңбегі болып табылады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.