ЖЕЗДІ ӨҢІРДЕ БОЛДЫ
Қазіргі таңда Оңтүстік Жезқазған және тағы басқа 16 кеніште бір жылда 33 миллион тоннаға жуық мыс қорытылады. Ол 10 байыту фабрикаларында өңдеуден өткізіледі. Осылайша кәсіпорын қорытынды өнімді өзі шығарады. Кеше нұротандықтар Жезқазған қаласына келіп, сайлауалды тұғырнаманың негізгі ұстанымдарын өндіріс орналасқан жер астында кеншілермен талқылады. Кездесу барысында өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және өндірісті кеңейту мәселелері көтерілген болатын. Осы маңызды аспектілер бағдарламалық құжатта ескерілген. Бағдарламада ел Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған Индустрияландыру стратегиясын іске асыруға баса назар аударылады. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары, республикалық штаб жетекшісі Нұрлан Нығматулин айтып өтті. Кездесуге қатысқандар партиялықтарды қолдап, таңдалған бағыттың кәсіпорынды бұрынғыдан да табысты ететініне сенім білдірді. Ол, әрине, тек Жезқазған емес, бүкіл еліміз үшін қажет. Шахтерлер «Қазақмыстың» жұмыспен қамтып қана қоймай, сонымен қатар, қалаға да үлкен қолдау көрсетіп отырғанын жақсы біледі. Партиялық бағдарлама өндіріске, әлеуметтік салаға құйылатын инвестициялардың өсімін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай туғызуды көздейді. Сондай-ақ осы құжатта жергілікті жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселесі де қарастырылған. Шахтерлер инновациялық экономиканы құруға алынған бағдарды қолдайды. «Нұр Отанды» жезқазғандықтар тұрақтылық пен береке әкелетін партия ретінде түсінеді. Біз «Нұр Отанды» толық қолдаймыз, дейді олар үлкен сенімділікпен. Дастан КЕНЖАЛИН. Қарағанды облысы.* * *
КӘСІПКЕРЛЕР ПАРТИЯҒА ҮМІТ АРТАДЫ
Қазақстан Патриоттары партиясы соңғы кезде кәсіпкерлерге қамқорлық көрсету бағытында көптеген бастамалар көтеріп келеді. Астанада өткен партия белсенділері мен Тәуелсіз кәсіпкерлер ассоциациясы мүшелері арасындағы кездесуде осы мәселе кеңінен сөз болды. Аталған кездесуге кәсіпкерлер көп жиналды. Кәсіпкерлер Қазақстан Патриоттары партиясы өкілдері алдында бірқатар проблемалардың ұшығын шығарды. Соның ішінде кәсіпкерлерді мазалайтын мәселе салық төлеу тәртібі бойынша есептілік жүйесін оңтайландыруды жүзеге асыру. Соның ішінде артық төлем төлегені үшін айыппұл төлету немесе есеп-шотқа тыйым салу сияқты кедергі келтіретін тетіктерді алып тастау мәселесі қойылды. Осы ретте инвестициялық жобалар үшін жер телімдерін тегін беру сияқты мәселе де көтерілді. Кәсіп қуған азаматтар өз сауалдарында ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) неліктен жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету тарифтерін әр түрлі етіп тағайындайды дегенді алға тартты. Олардың пайымынша, қызмет екі жаққа да бірдей көлемде көрсетілгендіктен, кәсіпкерлерден артық төлем алудың еш реті жоқ. Патриоттар партиясы тізімі бойынша Мәжіліс депутаттығынан үміткер Ботагөз Лесова бастаған белсенділер өз сөздерінде кәсіпкерлер еліміз азаматтарына жұмыс тауып беріп отырған ерекше кәсіп иелері екендігін баса айтып өтті. Қазіргі таңда осы салада жүрген азаматтарға ерекше үлкен жауапкершілік жүктеледі. Әлемнің көптеген елдерін тығырыққа тіреген қаржы дағдарысы қыспаққа алған кезде осы орта және шағын кәсіп иелері жұмыс орындарын сақтап қалуға барын салды. Соның ішінде қазақстандық кәсіпкерлер де өз жұмысшыларына жалақыларын уақтылы төлеп, қолдарынан келгенше әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.* * *
АҚЖОЛДЫҚТАР – АБАЙ ЕЛІНДЕ
Ақжолдықтар Семейге келіп, осындағы қала жұртшылығымен жүздесті. Кездесуге халық айтарлықтай көп жиналды. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жиналғандарды өз партияларының тарихымен және сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Келер жылы құрылғанына он жыл толатын партияның бағдарламасы салмақты ма дедік. Он бағытты қамтитын бұл бағдарламада, әсіресе, әлеуметтік мәселелер кеңінен қозғалғаны байқалады. Соның ішінде сынақ салдарының зардаптары да назардан тыс қалмаған. Сынақ туралы Үкімет қаулысына сәйкес семейліктерге ай сайын экологиялық төлем төленуі тиіс деді партия басшысы. Ал соны мұнда жекеменшік кәсіпорын иелері төлейтін көрінеді. Бұл деген әлеуметтік әділетсіздік емес пе? Үкіметтің мұны жеке кәсіпкердің мойнына іліп қойып отырғаны дұрыс емес. Партия төрағасының Семей сынды үлкен қаланы дамыту, жылу, жарық төлемдерін төмендету, медицина сапасын жақсарту секілді ой-пікірі жиналғандардың көңілінен шыққаны аңғарылды. Жедел жәрдемге дейін ақылы етуге тырысып жатқандардың тірлігін түсінбеймін, деді ол. Осы мәселелерге орай жиынға қатысушылар тарапынан да сұрақтар көптеп қойылды. Айталық, сұрақ иелерінің бірі қала тұрғындарының сынақ туралы заңда қарастырылған көптеген жеңілдіктерден сырт қалып отырғанын айта келіп, сонда бейбіт заманда қырық жылға созылған апатты жағдай Семей қаласын айналып өткен бе деді. Өзіне қойылған қай сұраққа болсын тиянақты жауап беруге тырысқан Азат Перуашев өз партияларының Парламентке өткен жағдайда халықтың көңіліндегі мұндай мәселелерді назарларынан тыс қалдырмайтынына сендірді. Жүздесу соңы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, белгілі әнші Кенжеғали Мыржықбаевтың тамаша концертіне ұласты. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.* * *
САЙЛАУ МҰРАТЫ – ЖЕҢУ
Жол мұраты – жету болса, сайлау мақсаты – жеңу. Бұл күндері Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның серкелері Жаңаөзен оқиғасына орай баспасөз мәслихатын жиі ұйымдастыруда. Кеше ЖСДП жетекшілері өздерінің Алматыдағы бас кеңселерінде БАҚ өкілдерімен қайта кездесіп, Жаңаөзен оқиғасына қатысты қоғамдық комиссия қойып отырған талаптарды қайта алға тартты. Ал бұл кезде Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның тең төрағасы Жармахан Тұяқбай Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданының тұрғындарымен жүздесіп, партия көздеген көкейкесті мәселелермен бөлісіп жатқан болатын. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілдері «Шаңыраққа» сайлау кезінде ғана келіп отырған жоқ. Олар «Шаңырақ» мәселесімен екі жылдан бері айналысып келеді. Олар мұндағы тұрғындардың әрбіріне көмек беруге әзір екендіктерін білдіруде. Бұл ауданның тұрғындары үшін жер телімдері мен салынған үйлерді заңдастыру басты түйткіл болып отыр. Тұрғын үйлері заңдастырылмағандықтан, өздері тіркеуде жоқ азаматтар сайлауға қатыса алмайды. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл – азаматтардың конституциялық құқығының шектелуі, сондықтан 15 қаңтарға дейін бұл мәселе шешілуі тиіс. Партия белсенділерінің айтуынша, қоғамдағы тепе-теңдікті сақтау үшін кешенді іс-шаралар керек. Сондай-ақ, олар өз бағдарламаларын әрбір сайлаушыға етене жақын деп мәлімдеуде. Социал-демократтар қоғамның әл-ауқат деңгейін әлеуметтік саясатты күшейту арқылы көтеру қажет деп санайды. ЖСДП атынан сайлауға түскелі отырған үміткерлер күнкөріс деңгейінің төмен мөлшерін есептеуді өзіндік әдістерімен жасамақшы. Партиялықтар еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер көлемін осыған сай есептеп ұсынбақ. Айнаш ЕСАЛИ. * * *ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ЖАЛҒАСТЫРУДА
Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы Орталық комитетінің хатшысы Владислав Косарев Өскемен қаласындағы тәуелсіз баспасөз-клубында баспасөз мәслихатын өткізді. Оған В.Косаревтен басқа ҚКХП-ның Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің хатшысы Ю.Кушкунов пен қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар Г.Ботабаева, Н.Борисова, В.Литвинов қатысты. В.Косарев партияның сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, ҚКХП алдында тұрған перспективалы міндеттер мен оларды шешудің жолдары туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Сондай-ақ, алдағы сайлауға байланысты қойылған журналистердің көптеген сұрақтарына жауап қайтарды. Мәслихаттан соң В.Косарев партияның облыстық комитетінің офисінде ҚКХП-дан қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттармен кездесу өткізді. Үгіт-насихат жұмыстарымен Қарағандыға партиядан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Жамбыл Ахметбеков, Борис Сорокин және Төлеш Кенжин келді. Серіктерінің қолдап, қолпаштауымен олар қаладағы орталық базарда болып, Д.Қонаев атындағы университетте сайлаушылармен кездесті. «Шығыс» базарына Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының мүшелері түстен кейін келді. Кіре берісте қызыл жамылғы мен сондай түстегі шарф таққан адамдар пайда болғаны сол еді, базардағылар бірден оларға назар аударды. Халықшыл коммунистер көптеген сатушылар мен сатып алушыларды, олардың проблемаларын үкіметтік деңгейде көтеруге уәде етіп, алдағы сайлауда өздеріне дауыс беруге шақырды. Партияның Ақмола облыстық комитеті мектептерді қолдау мақсатында «Болашақ» акциясын ұйымдастырды. Мамандандырылған мектепте халықшыл коммунистер ертеңгілік өткізді. Балаларға кітаптар мен сыйлықтар тарту етілді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.* * *
АУЫЛДЫ КӨТЕРУ – БАРШАНЫҢ МІНДЕТІ
«Ауыл» партиясының өкілдері мұнайлы өңірдегі ауыл шаруашылығымен көбірек айналысатын Махамбет, Қызылқоға аудандарына бет бұрды. Ауыл еңбеккерлерінің мұң-мұқтажын көбірек білетін, соған орай сайлауалды бағдарламасына осы саланың проблемаларын молырақ түзген партия өкілдері келешекте шопандар мен егіншілердің мүддесін қорғауды көздейді. Өңір орталығындағы кездесу Атырау аграрлы техникалық колледжінде жалғасын тапты. Мұның өзіндік себебі бар. Бұл – облыста ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын бірден-бір оқу орны. Колледжде болашақ мал дәрігерлері мен зоотехниктер, механизаторлар мен балық өнеркәсібінің мамандары дәріс алып жүр. Оқу орнының мәжіліс залына жиналған болашақ ауыл шаруашылығы мамандарын «Ауыл» партиясының өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Ауыл-селолар мен ауыл шаруашылығын дамытудың жолдары туралы ойларын ортаға салды. «Ауыл» деп аталғанымен, біздің партия қала мен далаға ортақ проблемаларды қамтиды. Себебі, елімізді азық-түлікпен қамтып отырған ауыл шаруашылығы екені даусыз. Ендеше, ауыл тұрмысы, ондағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын баршамыз бірлесіп шешуіміз керек. Өйткені, ауыл – қазақтың алтын бесігі». Бұл – «Ауыл» партиясы өкілдерінің жүрекжарды пікірі. – Ауыл шаруашылығы саласын өркендету үшін лизингтік жолмен жұмыс жасау тиімдірек болады. Бұл салада бірден табысқа жету мүмкін емес. Яғни, ұзақ үдеріс шыдамдылықты қажет етеді. Сол себептен, ауыл шаруашылығына ұзақ мерзімді несие берілуі керек деп есептейміз. Біз осы мәселенің оң шешілуін қалаймыз. Бұл – біздің бағдарламамыздың басты тармағы, – дейді «Ауыл» ҚСДП төрағасының орынбасары, академик Көпмағамбет Елемесов. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * *ӘДІЛЕТТІЛІККЕ ҮН ҚОСУДА
«Әділет» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары біздің өңірде де белсенді жүргізілуде. Облысқа Парламент Мәжілісіне депутаттыққа «Әділет» партиясының тізімімен түскен үміткерлер – партия төрағасының бірінші орынбасары Уәлихан Қайсаров және төраға орынбасары Мәди Артығалиев келді. Олар Ақтөбе қаласындағы «Бұлбұл» балабақшасының, Қ.Жұбанов атындағы университет пен колледж қызметкерлерімен және студенттерімен кездесті. Ақтөбе қаласындағы №КА–168/1 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің қызметкерлерімен, жылжымалы механикалық стансадағы темір жол қызметкерлерімен, №7 лицей ұжымымен де жылы жүзді жүздесулер өткізілді. Кездесулердің басты мақсаты «Әділет» партиясының бағдарламасымен халықты таныстыру, тұрғындардың көкейкесті мәселелері бойынша сұрақтарына жауап беру, сонымен қатар, азаматтарды белсенді түрде сайлауға қатысуға шақыру болып табылады. Олар бұл жұмыстарды өңірде ұйымшылдықпен өткізуде. Әділеттіктер Қазақстан Парламенті Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға өздері ұсынған үміткерлердің сайлауда жеңіске жететініне сенімді. Жүздесулерде “Әділет” демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Уәлихан Қайсаров партияның сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын жүйелей әңгімелеп, бірталай өзекті мәселелерге тоқталды. Ол Отанымыз үлкен мүмкіндіктердің алдында тұрғанын, өздерінің мақсаты – күрмеуі қиын мәселелердің түйінін шешуге құқықтық тұрғыдан көмектесу екенін жеткізді. Қазақстанның «Әділет» демократиялық партиясынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар сондай-ақ «Капитал Плаза» бизнес-орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, оған облыстағы қоғамдық бірлестіктер өкілдері, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, денсаулық сақтау органдарының қызметкерлері және мүгедек азаматтар мен шетелдік байқаушылар қатысты. Мұнда да Парламент Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлаудың ашық және заңдылықтарға сай өткізілуі, еліміздің экономикалық дамуына қатысты мәселелер төңірегінде, құқық және заңдылық талаптарын сақтау жайы әңгіме болды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.