____________________
2011 жылғы 30 желтоқсаннан бастап сайлаушылар сайлаушылар тізіміндегі өздері туралы мәліметтерді тексере алады
Әрбір сайлаушы сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тексере алады. Бұл үшін жеке басын куәландыратын, сондай-ақ тұрғылықты жерін растайтын құжаттарымен учаскелік сайлау комиссиясына барып, сайлаушылар тізімімен мұқият танысуы керек. Сайлаушының аты-жөні тізімде болмай шықса немесе ол туралы деректерде жаңсақтықтардың бар екені анықталса, сайлаушы тиісті құжаттардың негізінде өзін тізімге енгізуді немесе қажетті түзетулер жасауды талап етуге құқылы. Сайлаушының аты-жөнін тізімге енгізуден немесе ол туралы деректерге түзетулер енгізуден бас тартылған жағдайда сайлаушының сотқа шағымдануға құқығы бар.____________________
2011 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2012 жылғы 14 қаңтарға дейін сайлаушылардың дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуына болады
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында дауыс беру күні сайлаушы өзінің тұрғылықты жерінен тыс жерде болса, ол басқа сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Бұл үшін 2011 жылғы 30 желтоқсан мен 2012 жылғы 14 қаңтарға дейінгі аралықта тіркелу орны бойынша учаскелік сайлау комиссиясына барып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алу керек. Ол жазбаша өтініш негізінде, жеке басты куәландыратын құжатты көрсеткен кезде беріледі. Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясы, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі мен сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде, оны барған жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізеді. Бір елді мекен аумағында басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі берілмейді. Сондай-ақ мәслихаттардың депутаттарын сайлауда дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі берілмейді.____________________
Сайлау күні дауыс беру тәртібі
Өзінің сайлау учаскесінде жеке куәлігін немесе республика азаматының паспортын, уақытша жеке куәлікті, жедел қызметтегі әскерилердің әскери билетін ұсына отырып, сайлаушы үш сайлау бюллетенін алады. Бір дауыс беру бюллетені – партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша. Екінші бюллетень – облыстық немесе Астана мен Алматы қалалары мәслихаттарының депутатын сайлау бойынша дауыс беру үшін. Үшінші бюллетень – қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутатын сайлау бойынша дауыс беру үшін. Астана мен Алматы қалаларының сайлаушылары екі бюллетень алады. Әрбір сайлаушы бюллетеньді жасырын дауыс беру кабинасында толтырады. Сайлаушы өзінің дауысын беретін саяси партия атауының немесе мәслихат депутаттығына кандидаттың аты-жөнінің оң жағындағы бос шаршыға белгі қою керек.Бір белгіден артық белгі қойылған, қарындашпен толтырылған, сондай-ақ сайлаушының ерік білдіруін анықтау мүмкін емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы.