Сайрам ауданы Тассай ауылында мектеп жоқ еді. Сондықтан балалар ауыр сөмкелерін мықшия көтеріп ауыл сыртындағы мектепке баратын. Көктем, күз оңайырақ шығар, ал, Оңтүстік қысының мінезі түсініксіз. Бірде қатып, бірде ми батпақ болып жататын жолда ағылған машиналармен қабаттасып, тайғанақтап, бүрсеңдеп бара жатқан оқушыларды ту сыртынан көру ауыр еді.
Ауыл тұрғындарының арманы орындалды. “Стандарт Цемент” ЖШС-інің құрылтайшысы Серікжан Сейітжанов Тассай ауылының қақ ортасынан 240 орындық жаңа үлгідегі орта мектеп салып берді. Мектептің құны 215 миллиондай теңгені құрады.
Бәзбіреулер ойлауы мүмкін, “Сейітжановта ақша көп қой. Қайда жаратарын білмейді. Әйтеуір, сауап болсын деп балаларға мектеп салып бергеніне рахмет” деп. Дау айта алмағандайсың. Қисыны келіп тұр. Бірақ, Серікжан Сейітжанов құрылтайшылық ететін әлемдік үлгідегі жаңа цемент зауытын салуға Елбасының тапсырмасымен БТА банк арқылы шетелдік Эксимбанктен 100 млн. доллардан астам несие алғанынан неге сырғытып өтіп кетуге болады? Қазақстан тұрғай ТМД-да саусақпен санайтындай жаңа зауытты несиеге салады да, сол қаржыдан жырып орта мектеп көтереді.
Үкімет ұсынып, Елбасының Жарлығымен бекітілген “30 корпоративті көшбасшы” бағдарламасына кірген осы зауытта бүгіндері бір мыңға тарта адам жұмыс жасайды. Егер осыны әр отбасыға бөлсек, зауыттың мыңдаған жандарға нәпақа тауып беріп, жұмыссыздық мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосып отырғандығы қуантады. Өндірген өнім сапалы, экономикалық жағынан залалсыз. Бұлай дейтініміз, елімізде цементтің бұған дейін ылғалды түрі шығарылып келді. Ал, “Стандарт Цемент” ЖШС құрғақ түрін ұсынып отыр. Мұнда шикізаттар арнайы қорапта сақталады да он метр тереңдіктегі өндіріс орындарына жіберіледі. Табиғатқа залал келтірмейтіндей барлық технологиялар сақталынған. Ауаға былғаныш шығармайтын қолданбалы сүзгілер мен электрлі сүзгілер жұмыс істеп тұр.
Бүгінде мыңнан аса адамға жұмыс тауып беріп отырған зауыт жылына 1 млн. тонна цемент дайындайды. Сайрам ауданының бюджетіне жылына 2 млрд. теңге шамасында қаржы құйылады.
Біздің білетініміз, экологиялық жағынан зиянсыз құрғақ цементті дайындау технологиясын ғылыми негізде жасаған ғылым докторы Серікжан Сейітжанов. Қондырғы – Қытайдың Тяньзин қаласындағы цемент өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының өнімі. Дәл осындай зауыттар осы институттың жетекшілігімен азуын айға білеген Америкадан бастап, қоршаған ортаға зияны білінсе қолына ұрандарын ұстап көшеге шығып кететін талапшыл тұрындары бар Еуропаның талай қалаларында жұмыс жасап тұр.
Жақында зауыт директоры Бауыржан Сейітжановпен тілдестік.
– Елбасымыздың «30 корпоративті көшбасшы» жобасының қатарына осы зауыт та кірген, – дейді ол. – Сол кезеңдерде әлемді қаржы дағдарысы құрсаудай қысты да біз дағдарыңқырап қалдық. Осы жобаны әрі қарай жалғастыру қаншалықты қисынды, тұлыпқа мөңіреген сиырдай болып қалмаймыз ба деген де қауіп болды. Осы қаупімізді әкем, осы зауыттың құрылтайшысы Серікжан Сейітжанов сейілтті. “Мен Елбасыға зауытты іске қосуға уәде бергенмін. Ер жігіт уәдесін жұтпау керек. Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетімізді өте ауыр жағдайда орнынан тік қойды, әлем санасатын елге айналдырды. Осындай жағдайда біздің кері шегінгеніміз намысқа сын” деді.
Қазақта “Елде болса ерінге тиеді” деген нақыл бар. Сол елге болсын дейтін азаматтардың бірегейі – осы зауыттың құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов. Секеңнің сақылығы, «Атымтай жомарттығы» жөнінде ел ішінде әңгіме көп. Мемлекет тарапынан “Құрмет” орденімен марапатталған азаматтың есімі сыртқы елдерге де мәлім. Ресейдің “Звезда содружества” орденіне ие болған Серікжан Сейітжановтың меценаттығы “Алтын жүрек”, “Парыз” қайырымдылық қорлары тарапынан лайықты бағаланды. Ғылым докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Калифорния ғылым академиясының мүшесі осы азаматтың атақ-даңқтарын айта бастасаң бірер парақ жетпейді-ау. Әдетте, атақ, құрметті билік орындарынан өзі сұрап жүретін адамдар болады да, абыройдың өзі іздеп жүретін азаматтар болады.
Шетел марапаттарын айтпағанда, Қазақстанда Серікжан Сейітжановтың ел игілігі үшін атқарған жұмыстары көп. Өзі туып өскен “Шілік” ауылында мешіт салды. Кейіннен балабақша көтерді. Мемлекетке, елімізге жәрдемім болсын деп атты кісі түсіп қарайтындай мектеп салып берді. Шілік – қазақ тарихында өзіндік орны бар киелі мекендердің бірі. Мектеп ауласында осы өңірдегі алғашқы ұстаз Сейітжан Құртаевқа еңселі ескерткіш орнатылыпты. Ташкенттегі педагогика институтын қызыл дипломмен бітіріп келіп, Алматыға шақырылса да әке бұйрығын аттап өтпей, ауыл балаларын оқытқан, талай жайсаң азаматтарға ұстаз болған Сейітжан атаның өнегелі ғұмырбаяны өскелең ұрпаққа үлкен үлгі.
Қазақта “ұстазы жақсының ұстанымы жақсы” деген аталы сөз бар. Елге осыншалық қайырымды істер жасап жүрген Серікжан Сейітжанов бастаған азаматтар өзі оқу орнын тәмамдаған институт ректоры Сұлтан Сүлейменовке Шымкент қаласының ортасынан ескерткіш көтерді. Сұлтан ағамыз абыз Абай айтқандай адамзатты бауырым деп сүйетін қасиеті бар, шын мәнінде ұлттың зиялысы бола білген қадірменді азамат. Осындай тұлғалардан тәлім алған жігіттерді ұлттың ұстыны десең жарасар...
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.