Елбасы биылғы Жолдауында елдің ахуалын жақсарту үшін жаңа әлеуметтік саясаттың аса қажеттігін атап көрсетіп, Үкіметке халықты еңбекпен қамту жөнінде жаңа бағдарлама қабылдауды тапсырғаны белгілі.
Жамбыл жүйке аурулары интернат үйі қаладан 40 шақырым жердегі табиғаты сұлу таулы аймақтың етегіне орналасқан. Таяқ тастам жерде Теріс-Ащыбұлақ тоғанының айдыны жарқырап көрініп жатыр. Бүгінде 3 қабаттан тұратын ғимаратта әкімшілік, дәрігерлік бөлімдер, дәрісханалар, асхана және интернат тұрғындарының көптеген бөлмелері орналасқан. Ол бөлмелерде күтімге зәру жасы 18-ден асқан 340 адам мемлекеттің қамқорлығына алынған. Оларға әлеуметтік жағдай жасау үшін қажетті нәрселердің бәрі қарастырылған. Шомыламын, кір жуамын, шашымды қидырамын, киімімді тігемін немесе денсаулығымды тексертемін дей қалса, интернатта не қажеттің бәрі сақадай-сай дайын.
Өткен жылдан бастап интернат үйіндегі мемлекет қамқорлығындағы азаматтарға жаңа стандарт бойынша әлеуметтік сала мамандары көмек көрсете бастады. Соған сай жаңа штат құрылып, мамандар алынды. Бүгінде психолог, дефектолог, мұғалім, музыка мен әлеуметтік қызмет көрсету мамандары, еңбек терапиясы нұсқаушылары, дене шынықтыру және мәдени ұйымдастырушылар мемлекет қамқорлығындағы азаматтардың көңіл-күйін жасқарту мақсатында күндіз-түні еңбек етуде.
Қазір интернатта халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандартының 8 бағыты бойынша жұмыстар жасалуда. Олар: бірінші, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет, яғни қызмет алушылардың күнделікті өмірде тіршілік әрекетіне көмектесуге бағытталған; екінші, әлеуметтік-медициналық қызмет, яғни қызмет алушылардың денсаулығын жақсарту және қолдау әрекетіне бағытталған; үшінші, әлеуметтік-психологиялық қызмет, яғни қызмет алушылардың қоршаған ортаға әлеуметтік бейімделуі, психологиялық жағдайын түзетуге бағытталған; төртінші, әлеуметтік-педагогикалық қызметтері, яғни 18 жастан асқан азаматтарды тұрмыстық дағдыға үйрету, педагогикалық коррекция мен оқытуға бағытталған; бесінші, әлеуметтік-еңбек қызметі, яғни қызмет алушылардың еңбек қабілетін қалыптастыру, 18 жастан асқан азаматтар, мүгедектер мен қарттарды еңбекке баулу мен оларға жағдай жасау; алтыншы, әлеуметтік-мәдени қызметтері, яғни әлеуметтік-мәдени шараларды ұйымдастыру және оған қызмет алушыларды тарту; жетінші, әлеуметтік-экономикалық қызмет, яғни қызмет алушылардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған және сегізінші, әлеуметтік-құқықтық қызмет, яғни қызмет алушылардың құқықтық статусын демеуге немесе өзгертуге бағытталған, заңгерлік көмек көрсету, құқықтарын заңды түрде қорғау.
Биыл шілде айында интернатқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова келіп, осындағы ұйымдастыру жұмыстарына ризалық білдіріп, жақсы баға берді.
Қайырымды жүрек қартаймайды. Интернат қызметкерлері жарымжан адамдарға тәулік бойы тік тұрып қызмет етіп, қажетті ем-домдарын жасап, уақтылы тамақтандырып, жүйкесi шаршаған жандардың көңілін тауып, қайта өмір сүруге құштарлығын оятуға қолдарынан келгеннің бәрін жасап жатыр.
Мына алмағайып заманда адамға ең керегі қайырымдылық пен мейірім, шапағат. Бұл жұмысты мекеме басшысы Балабек Нарбаев сияқты үлкен жүректі азаматтар ғана жауапкершілікпен атқара алса керек деп білеміз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қызылтаң ауылы.