«Егін» ЖШС негізінен егіншілікпен айналысады. Биыл 7 мың гектар жерге өсірілген астықтың гектар берекелілігі 30 центнерден айналды. Ауылшаруашылық техникаларын жаңартып алудың арқасында көктемгі, күзгі дала жұмыстары сапалы атқарылып жүр. Былтыр күніне 120 тоннаға дейін астық өңдей алатын диірмен-макарон кешенінің бірінші кезегі іске қосылды. Оны салуға «ҚазАгроҚаржы» компаниясы тарапынан 150 миллион теңге лизингтік қаражат бөлініп, құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінді. 44 жұмыс орны ашылып, астық сақтайтын екі қойма бой көтерді. Шаруашылық биыл үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өндірісті одан әрі кеңейтіп, 220 миллион теңгелік жобаның екінші кезегін жүзеге асырды. Цехтарға бір миллион доллардың италиялық қондырғылары орнатылды. 24 адам жұмыспен қамтылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан телекөпір кезінде Явленка кентінде орналасқан осы заманғы технологияларға негізделген диірмен-макарон кәсіпорны пайдалануға берілді.
Жалпы, жобалық қуаты жарты миллиард теңгені құрайтын және жылына 4 мың тонна макарон өнімдерін шығаратын кешен бүгінгі күні толық қуатында жұмыс істей бастады. Ол тәулігіне 14 тоннаға дейін макаронның ондаған түрін шығарады. 100 тонна ұн тарта алады.
– Жаңа жылдан бастап өз өнімдерімізді Қазақстаннан тысқары жерлерге, атап айтсақ, Ресей мен Өзбекстанға жөнелте бастайтын боламыз,– дейді басты инвесторлардың бірі Владимир Чубыкин.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы.