Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Н.Сүйіндіков Жаңаөзенге байланысты соңғы жағдайды айтып берді. Ол 16 желтоқсанда орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қозғалған қылмыстық істердің нәтижесінде 20 адам ұсталды, олардың 18-і соттың санкциясымен қамауға алынды, деді.
Жаңаөзен қаласындағы тәртіпсіздіктер нәтижесінде 16 адам қайтыс болды. Дегенмен, ресми өкілдің айтуынша, олардың кейбіреулерінің өлімі құқықтық тәртіпті қорғау органдарының әрекеттерімен байланысты емес көрінеді. Мәселен, қайтыс болған лицей оқытушысы Атаберген Дүйсекеновтің әкесі өзінің ұлын тәрбиеленушілерін мерекелік шараларға алып шыққаны үшін бұзақылар өлтіргенін хабарлаған. Ал мәйіті «Сулпак» дүкенінде табылған Нұрлан Мұналбаевтың өлімінің себебі жоғары температураның әсері екен.
Сол сияқты Атабай Құлқаировты өлтіру қылмысы ашылған. Бұл қылмысты жасаған деген күдікпен Жаңаөзен қаласының бір тұрғыны қамауға алынды. Куәлердің айғақтары бойынша дәл осы адам 2011 жылдың 17 желтоқсанында Жаңаөзен қаласының 5-ші мөлтек ауданында Құлқаировқа оқ атқан.
Осылайша, тергеумен адамдардың қаза болуының әрбір фактісі бойынша, оның ішінде қылмыстың жолын кесуде қажетті шаралардың шегінен шығып табельдік қару қолданған полиция қызметкерлері әрекеттерінің заңсыздығы туралы хабарлар бойынша да деректер анықталуда және құқықтық баға берілуде дейді. Бұл орайда Бас прокуратура 2011 жылдың 27 желтоқсанында полиция қызметкерлерінің қаруды адамдарға қарай ату нәтижесінде өлімге соқтыру дерегі бойынша Қылмыстық Кодекстің 308-бабы 4-бөлігінің «б» тармағымен қылмыстық іс қозғаған. Шынайылықты қамтамасыз ету мақсатында бұл іс арнайы прокурордың басшылығындағы топпен тергелуде. Қазіргі уақытта іс бойынша бірқатар қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Оның жұмысына Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың басқаруымен қоғамдық комиссия тартылды. Комиссия мүшелерінің қалалық мүрдеханаға, уақытша ұстау абақтысына баруы және қылмыстық іс бойынша ұсталған тұлғалармен кездесуі қамтамасыз етілді.
Қала тұрғындарын заңсыз ұстауға және оларға тыйым салынған тергеу әдістерін (қинау) қолдануға қатысты шағымдарды қарау мақсатында бөлек комиссия құрылды. Оның құрамына прокуратура және басқа құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қатар еңбек ардагерлері, қаланың ақсақалдары, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік кезінде және одан кейін ұсталған адамдардың туыстары енді.
Комиссия мүшелеріне қамауға алынғандардың және әкімшілік тәртіппен ұсталғандардың тізімдері ұсынылды, олармен уақытша ұстау абақтысына, әкімшілік қамауға алынғандарға арналған қабылдағышқа бару жүзеге асырылды. Сөйтіп, комиссия мүшелері ұсталғандармен әңгімелесті, оларды ұстау жағдайын жеке өздері көріп, денсаулықтары дұрыс екендігіне көз жеткізді. Сондай-ақ, комиссия мүшелері қалалық ІІБ-ның шаруашылық ауласын, гараждарын және қалалық аурухананың жертөлесі мен мүрдеханасын қарап шықты. Бұл шара комиссия мүшелеріне адамдарды заңсыз ұстау, оларды қорлау және өлтіру туралы қауесеттердің негізсіздігіне көз жеткізулері үшін қажет болды.
Осындай қауесеттердің негіздігін анықтауда құқық қорғау органдары Жаңаөзен қаласындағы оқиғаларға қатысты ресми қуатталмаған ақпараттарды да тексеруде екен. Мәселен, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзінің келіні Шолпан Жаңаөзен қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде мерт болған 23 адамның көздерін жапқанын айтқан А.Унгаровадан жауап алынды, дейді ресми өкіл. Осы орайда сұралған Шолпан Өтекеева Унгарованың сөздерін жоққа шығарды және өлгендердің көздерін жаппағанын, өзі тікелей 2011 жылғы 16 желтоқсанда қаза болған тек 3 адамды көргенін хабарлады. Сонымен қатар, ол Унгароваға келін емес көрінеді. Сондықтан да қазіргі уақытта А.Унгарованы бұқаралық ақпарат құралдарына көрінеу жалған мәліметтер бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда, деді Н.Сүйіндіков.
Александр ТАСБОЛАТОВ.