ҮКІМЕТ "Егемен Қазақстанның" апталық қосымшасы
Он бір айлық қорытынды осыны дәлелдеді Осы аптада өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 11 айлық қорытындысы қаралды. Бірден айтайық, ол ойдағыдай болып шықты. Аталған мәселе бойынша негізгі баяндаманы жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов 11 айдың ішінде ішкі жалпы өнімнің 7,5 пайызға, ал қысқа мерзімді экономикалық индикатор 7,3 пайызға өскендігін мәлімдеді. Осы ретте атап көрсететін маңызды бір жәйт, өңдеу өнеркәсібі мен қызмет секторының шапшаң қарқынмен дамуы болды. Мәселен, аталған мерзім ішінде тау-кен өндірісінің, яғни шикізат секторының өсуі 1,6 пайызды құрағанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 6,7 пайыз болып шыққан. Соның ішінде химия өнеркәсібіндегі өсім 22,5 пайызды, мәшине жасау саласындағы өсім 19,6 пайызды, металлургия өнеркәсібіндегі өсім 6,7 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер елімізде қолға алынған экономикалық салаларды әртараптандыру мен индустрияландыру ісінің жалпы көрсеткішке жағымды ықпал етіп отырғандығын дәлелдейді. Қазақстан экономикасының осылайша қарқынды дамуына үстіміздегі жылы үлкен үлес қосып отырған бірқатар өңірлерді атап көрсете кетейік. Олар 11 айдың ішінде өздерінің өнеркәсіптік өндірісінің өсімін 31,5 пайызға қамтамасыз ете алған Жамбыл облысы, 28,2 пайызға қамтамасыз ете алған Астана қаласы, 16 пайызға қамтамасыз ете алған Ақмола облысы және 14,9 пайызға қамтамасыз еткен Алматы қаласы. Сонымен қатар биылғы жылы экономиканың бірқатар секторлары жақсы жұмыс істеп, атап көрсететіндей көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы ретте ең алдымен үстіміздегі жылы 2 миллиард пұтқа жуық астық өндіріп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген ауыл шаруашылығы саласының табыстарын айту парыз. Бұл салада астық жинау көрсеткіші 2010 жылмен салыстырғанда 2,1 есе артып, жиыны таза салмақпен алғанда 26 миллион тонна астық өндірілген. Соның нәтижесінде 11 айдың ішіндегі салалық ішкі өнімнің өсімі көлемі 27,3 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ құрылыс саласында да қозғалыстың бар екендігі байқалып отыр. Мұндағы даму деңгейі 2,9 пайызды құрауы басқа экономикалық салалармен салыстыра қарағанда төменгі көрсеткіш болып табылғанымен, саладағы бірқатар қиындықтарды еңсеру мәселесі тұр-ғысынан алғанда үлкен үмітке лайық көрсеткіш болып саналады. Оның үстіне құрылыс секторы дамуының мультипликативтік тиімділігінің экономикамыз үшін үлкен екендігін еске алсақ, халқымыздың «қанағат қарнын тойдырады» деп айтқанындай, осынау аздаған алға басудың келешегіне үмітпен қарайтындығымызды білдіре кетпекпіз. Осы ретте Қайрат Келімбетов есепті кезең ішінде тұрғын үйлерді іске қосу көрсеткіші 3,2 пайызға, ал тұрғын үй саласындағы инвестициялардың өсім көлемі 24,7 пайызға өскендігін атап көрсетті. 11 айдың ішінде тұтыну рыногындағы сұраныстың ұлғаюының да экономикалық дамудың маңызды факторы екендігін айта кетейік. Мұндағы бөлшек сауда тауар айналымының өсуі 12,5 пайызды құраған. Ал көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 22 пайызға өскен. Экономиканың нақты секторындағы жоғарғы өсу қарқыны сыртқы конъюнктураның жағымды ықпал етуі нәтижесінде Қазақстанның сыртқы тауар айналымының 39,7 пайызға ұлғаюын қамтамасыз етті. Соның ішінде импорт 22,4 пайызға өсіп, сауда теңгерімінің оң сальдосы 42,3 миллиард долларды құрады. Бұл 2010 жылдың осы мерзіміндегіден 1,7 есе көп. Экономикадағы осындай жағымды көрсеткіштердің нәтижесінде республикалық және мемлекеттік бюджеттер кірісінің орындалуы да ойдағыдай болды. Осы мәселе жөнінде есеп берген еліміздің Қаржы министрі Болат Жәмішев республикалық бюджет кірісінің 4 триллион 367 миллиард теңгеге қамтамасыз етіліп, жоспардағы көрсеткіштің (4 триллион 346 миллиард теңге) 101,9 пайызға орындалғандығын атап көрсетті. Сондай-ақ оның айтуына қарағанда, жоспарланған мемлекеттік бюджет кірісі де қамтамасыз етілмек. Жоғарыда ел экономикасының көзделген бағыттарға сәйкес дамуына қолға алынған индустрияландыру ісінің жағымды ықпал еткендігін айттық. Осы мәселе жөнінде жеке баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев 11 айдың ішіндегі өнеркәсіп өнімдерінің өсімі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 103,8 пайыз болғандығын мәлімдеді. Соның ішінде электрмен қамту, газ және бу беру көлемі 107,3 пайызға, мәшине жасау өндірісінің дамуы 119 пайызға орындалған. Ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,5 пайызға өсе түскен. Бұл көрсеткіштер индустрияландыру нәтижесінде іске қосылған жаңа жобалар арқылы мүмкін болып отыр. Соңғы екі жылда ғана индустрияландыру картасының аясында жалпы сомасы 1,8 триллион теңгені құрайтын 389 жоба іске қосылды. 90 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл кәсіпорындардың 70 пайызы қазіргі күні өздерінің қуаттық жүктемелерінің 50 пайызы мен 100 пайызы аралығында жұмыс істей бастады. Олар жалпы жиыны 390 миллиард теңгенің өнімін, соның ішінде 106 жаңа өнімді игерді. Өнеркәсіп өндірісі саласындағы еңбек өнімділігі де артуда. Мәселен, жалпы сала бойынша үстіміздегі жылдың 11 айында оның көрсеткіші 20 пайызға көтерілген. Соның ішінде химия өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі 58 пайызға, мәшине жасау саласында 38 пайызға, металлургиялық өнеркәсіпте 29 пайызға өскен. Қазіргі күні 220 жобаны іске қосу бойынша жұмыстар жалғасуда. Солардың қатарында ірі жобалар ретінде Балқаш жылу электр стансасының құрылысын, мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту ісін, Шардара су электр стансасы, Бурабай курорты секілді нысандарда жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтуға болады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қазіргі күні біздің экономикамызда үлкен қаржы әлеуеті мен қор қалыптасу үстінде. Мәселен, ұлттық қордағы қаржы көлемі 11 айдың ішінде 27,3 пайызға өсіп, жалпы жиыны 75,4 миллиард долларды құраған. Дегенмен, экономиканың барлық секторлары бірдей өздері межелеген көрсеткіштерге қол жеткізе алмады. Соның бірі мұнай саласы. Аталған мәселе жөнінде сөз алған еліміздің Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мұнай мен газ конденсатын өндіру көрсеткіші өткен жылдан жоғары болғанымен, жоспарлы көрсеткіштен төмен болып шыққандығын мәлімдеді. Бұған бізге белгілі себептермен бірқатар кәсіпорындардың өндіру көлемін төмендетіп алғандығы әсер еткен. Мәселен, «Өзенмұнайгаз» компаниясы өндіру көлемін 14,8 пайызға азайтып алды. Сондай-ақ екі кешенді технологиялық электрлі жүйедегі апат салдарынан «Теңізшевройл» компаниясы да желтоқсан айында өндіріс көлемін күрт азайтуға мәжбүр болған. Осы Үкімет отырысында бірқатар министрлер сөз алып, өздері басқарып отырған салалардағы жұмыс барысын баян етті. Соның ішінде еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова есепті кезең ішінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру ісіне қатысуға 84 мың адамның өтініш бергендігін айтып өтті. Олардың 58 мыңы қазіргі күні бағдарламаға қосылып, олармен арада әлеуметтік келісімдер жасалған. Бұлардың 59,6 пайызы немесе 34,5 мыңы – 29 жасқа дейінгі жастар. Сонымен қатар елімізде жұмыссыздарды қайта оқыту арқылы жаңа жұмыс орындарына қарай бейімдеу ісі одан әрі жалғасуда. Қазіргі күні осындай кәсіптік оқуларға 69,2 мың адам тартылып отыр. Бұл – жоспарланғанның 94,8 пайызы. Еліміздің Кеден одағына қосылуы экономикалық дамуға оң ықпал еткендігін айта кетсек артық болмас. Әлеуметтік-экономикалық дамудың 11 айлық қорытындысы осыны дәлелдеп отыр. Осы жайында Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің сөзімен айтсақ, аталған мәселеге байланысты жүріп жатқан үдерістер Қазақстанның алдында келешек дамудың зор әлеуетті мүмкіндіктерін ашты. Бұл факторлар ең бірінші, елімізде өндірілетін өнімдерді өткізу рыногының кеңеюіне, сауда және кедендік бөгеттердің алынып тасталуына, өзге елдердің инфрақұрылымдарында қол жетімділікке үлкен ықпал етті. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылдың 10 айында Кеден одағы елдерімен өзара сауда көлемі 43,3 пайызға немесе 19,6 миллиард долларға өсе түскен. Соның ішінде экспорт көлемі 51,4 пайызға (6,2 миллиард долларға), импорт көлемі 39,8 пайызға (13,4 миллиард долларға) артқан. Сонымен, осы аптада өткен Үкімет отырысында қаралған еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 11 айлық қорытындысы еліміздің Елбасы жолдауларында белгіленген бағыттар бойынша нәтижелі түрде алға басып келе жатқандығын тағы бір дәлелдеді. Елбасының Үкіметке тапсырғанындай ел экономикасының 7 пайыздық дамуы қамтамасыз етілді. Қазақстан әлемдік экономикалар арасында барынша қарқынды және тұрақты дамушы елдердің алдыңғы легінен орын алды. Енді осы қол жеткен нәтижелерді іспен бекітіп, одан әрі алға баса беруіміз қажет. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
•
30 Желтоқсан, 2011
Ел экономикасы тұрақты даму үстінде
581 рет
көрсетілді