Бірлік идеясына үлес
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің лидері. Ол – дана көшбасшы ғана емес, халықаралық аренадағы сыйлы саясаткер. Жаһандық мәселелерді шешуге араласып, бүгінгі тарихтың толқынында өз ізін қалыптастырған бітімгер. Мақаласындағы түркі әлемінің келешегіне байланысты жоспары 300 миллион өкілі бар түркі халқының «Тілде, пікірде, істе – бірлік» идеясына елеулі үлес қоспақ. Қазақстан Президентін түркі халқының және мұсылман қауымының өкілі ретінде құрметтеймін.
Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында Википедияның үлгісінде Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашудың маңыздылығын атап өтті. Бұл жобаға Қазақстан жетекшілік ете алатынын да сөз етті. Сонымен қатар Түркістанды облыс орталығы етіп, аймақты дамыту арқылы оның халықаралық аренадағы беделін арттыратынын айтып өткен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ежелгі астанасы тек қазақтардың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын саналатынын еске салды. Назарбаев мырза Қазақстанның күллі түркі халықтарының талбесігі екенін, олардың Жер шарының әр түкпіріне дәл осы топырақтан тарағанын айтты.
Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұсынылған «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресі және әлем музейлеріне ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндері өтеді. Бұлар түркі әлемінің бірлігі мен бейбітшілігін одан әрі дамыта түсетін бастамалар екені сөзсіз.
Ялчын ТОПЧУ,
Түркия Президентінің Бас кеңесшісі
Түгел түркінің мүддесін көздеген мақала
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып шығып, шынымды айтар болсам авторына ризашылығымды білдіргенше тағат таппадым.
Алдымен 2011 жылы Н.Назарбаевтан сұхбат алғандағы біздің халықтарымыз арасындағы бауырластық қарым-қатынастар туралы қызықты әңгімесі ойыма оралды. Сондықтан да басы ашып көрсетілген тарихи дәйектер тек қазақ халқы үшін ғана емес, оған қоса түрік өркениетіне қатыстылығы дәлелдеуді қажет етпейтін әзербайжан халқы үшін де зор мақтаныш болып отыр. Өйткені түркі әлемінің бесігі болған Алтай тауларының тек қазақтардың ғана емес, күллі Еуразия халықтарының тарихы үшін маңызы зор. Дәл осы жерде, біздің дәуіріміздің I мыңжылдығында біздің түрік әлемі пайда болды. Қазіргі уақытта сол көшпелі халықтар заманауи Еуропаның аумағындағы көптеген мемлекеттердің бастауында тұрғаны белгілі. Демек, осы тұрғыда түрік-қазақ халықтарының бүкіләлемдік даму мен өркениетке қосқан үлесі өлшеусіз деуге болады.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мақаласында «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты», деп атап өтті.
Бүгінде Еуразияның ұлан-ғайыр даласында түркі әлемі бар екендігі белгілі. Түркіішілік экономикалық және мәдени байланыстар біздің әлемді әрдайым нығайтып және біріктіріп келеді. Соңғы 20 жылда Түркияда, Қазақстанда, Өзбекстанда, Қырғыз елінде, Әзербайжанда түркі мемлекеттері мен халықтарының достығы мен ынтымағын арттыруға бағытталған съездер өтті.
Ал 1991 жылдан бастап қоғамдық негізде түркі халықтарының Дүниежүзілік Ассамблеясы жұмыс істей бастады.
Сондай-ақ 1992 жылдан бері түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммиті тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Түркі халықтарының мәдени байланыстары саласында мемлекетаралық ТҮРКСОЙ ұйымы жұмыс істейді. Оған қоса, түркі мемлекеттерінің Парламентаралық Ассамблеясының сессиясы тоқтаусыз шақырылып келеді. Тіпті, бұл ұйымның ресми байрағы де бекітілген.
2010 жылы Астанада түркі әлемін ғылыми негізде зерттеумен айналысатын Халықаралық Түркі академиясы ашылды. Түркі әлемінде көптен бері Еуропадағы «Еуровидение» байқауының баламасы іспетті «Turkvizyon» эстрадалық әндер байқауы өткізіліп келеді.
2014 жылдың қыркүйек айында Қазан қаласында түркі жастарының фестивалі өтті.
Міне, осындай мәдени байланыстар мен үдерістердің әсерінен бірте-бірте аталған бірліктің идеологиясы анықталып, қалыптасуы мүмкін.
Мен осы орайда, түркі әлемінің өзінде «Түркі дүниетанымы» атауымен терең әрі кең ауқымды идеологиялық негіздеме, көзқарастар жүйесі болуы қажет деп ойлаймын. Оның барлық қыры Нұрсұлтан Әбішұлының мақаласында анық көрініс тапты.
Түркі халықтарын біріктіретін жалпытүркілік дүниетаным діни, тіпті бір дін құндылықтарының негізінде қалыптаспауы керек, өйткені түркі әлемінде бірнеше конфессия шоғырланған – ислам, христиан, буддизм, иудаизм, сондай-ақ тәңіршілдік те бар. Оның үстіне халықтың көбі зайырлы өмір салтын ұстанатыны да белгілі.
Мен Қазақстан Президентінің мақаласын өте мазмұнды және пайдалы еңбек деп есептеймін. Өткеннің бай мұрасы, уақыт пен ұрпақ арасындағы тарихи жарастықтар кез келген заманауи қоғам дамуының рухани іргетасы болып саналады.
Осынау жаһандану дәуірінде, оның үстіне мемлекеттерді бөлшектей бастаған халықаралық кикілжіңдер күшейіп тұрған уақытта ұлттық негізіңді сақтап қалу тек Қазақстанның тіршілігі үшін ғана емес, барша түркі әлемі үшін де маңызды болып отыр. Сондықтан да бүгінгі әлемде тек қоғамдық сананы ғана емес, тарихи сананы жаңғыртпай тұрып, тиімді ынтымақтастықты өркендету жолындағы кедергілерді жою мүмкін емес.
Ал әлеуметтік тұрғыда Президенттің мақаласы жаңа идеологияға тарихи негіз болуы да мүмкін. Бүгінгі заманауи ғылыми көзқараспен қарасақ, «біз кімбіз?» деген мәңгілік сауалға орнықты дәйектер арқылы еш қиналыссыз жауап табуға болады. Мақаладағы жауап – орнықты. Өйткені өткенімізді еске алмасақ, болашағымыз – бұлыңғыр! Мақала авторы – Қазақстан Республикасының Президентіне үлкен рахмет!
Фаик ГУСИЕВ,
«Әзербайжан телевизия және радио хабарларын тарату» ЖАҚ ақпараттық бағдарламалар студиясының бас директоры