Биыл жыл басынан бері халқы тығыз Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан 188 отбасы немесе 877 адам Қостанай өңіріне Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша көшіп келді. Бәрі дерлік жұмыс тапты, енді ел қатарлы көшін түзеп кетудің қамында жүр. Соның бірі Ерлан мен Кәмшат Қаңтарбаевтар Маңғыстаудың Жаңаөзен қаласынан биылғы қыркүйек айының басында көшіп келді. Олар облыс орталығына 50 шақырымдай болатын Алтынсарин ауданындағы Силантьев ауылына тұрақтады.
Қаңтарбаевтар қиналған жоқ
– Қостанайға қоныс аударғанымызға еш өкінбейміз, құтты қонысымыз болар деп отырмыз, – деді Кәмшат Қаңтарбаева. Ағашты, жайылымы да бар, газбен қамтамасыз етілген аудан Ерлан мен Кәмшатқа ұнайды да, олар еш ойланбастан Жаңаөзендегі үйі мен көлігін сатып, Силантьевтен ескі болса да 3 миллион теңгеге шағын 4 бөлмелі үй сатып алды. Бес баласының алды жұмыс істейді, кейінгілері мектепте оқып жатыр, Кәмшаттың өзі кішкентайымен үйде отыр. Жаңаөзенде төрт түліктің жағдайын жақсы білетін Ерлан мұнда да мал өсіруді мақсат тұтқан болатын. Қазір несиеге мал алып, шаруасын ыңғайластыра бастады.
– Туған жеріміз ғой, Жаңаөзенді жамандамаймыз. Ол жақта да біз еңбектен қашқан жан емеспіз. Мал ұстадық, бірақ мұндағыдай шөп қайда? Ал көшіп келген жерімізде малдың жем-шөбі мол екен, соған қуандық. Мемлекет жақсы іске мүмкіндік жасады. Әрі қарай ауыз аша беруге болмайды. Аллаға шүкір, біреуден кейін, біреуден ілгері тұрып жатырмыз, – дейді Кәмшат.
Қостанайға қоныс аударған Қаңтарбаевтар келгелі ешнәрседен қиналмапты. Екіншіден, үйін, көлігін сатып, қаражатпен келуі де ой-шұқыры көп, әлі таныс емес ортада тұрмысын төмендетпеген. Алтынсарин ауданындағы жұмыспен қамту орталығы мамандарының қоныс аударып келгендерді қарсы алып, қандай мәселе болса да жанынан табылып, білікті кеңес беруі де Қаңтарбаевтардың жолында Қыдыр кездескенмен бірдей болыпты. Жергілікті жердегі іс қағаздарын жүргізуде, адамдардың араласуында әлі орыс тілінің таразысы басым. Ал Қаңтарбаевтар таза қазақ тілді ортадан келді. Бұл орайда да адамдардың оларды бауырындай жылы тартуы жағдайды жеңілдетіп, ортаға тез сіңісіп кетуіне ықпалы болды. Қазір Қаңтарбаевтар жеке бизнесін дамытуды ғана ойлайды, қалған қиындықтар олар үшін мақсатқа жетудегі жолдың кедір-бұдыры ғана болып қалды.
Бар мәселе баспанаға тіреледі
Наурызым ауданы – Қостанай облысындағы шалғай аудандардың бірі, аудан орталығы Қарамеңді Қостанайдан 200 шақырым, ал Қайғы сияқты шалғай ауылдары 400 шақырым болады. Бірақ құтты қоныс еткісі келген жанға жердің шалғайлығы жоқ екен. Наурызым ауданына қазір Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстарынан 8 отбасы көшіп келіп, тірлігін бастап кетті.
– Келіп жатқан ағайынның ешқайсысы да жұмыссыз қалған жоқ. Бірі аспаз, бірі мұғалім, дәрігер, балабақша тәрбиешісі болып орналасты, тіпті мемлекеттік қызметке кіргені де бар. Бір азамат өзінің жеке бизнесін бастады, – дейді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлжанат Тәжібекова.
Сол бизнесін бастаған Абзал Бегімбетовтің Алматы облысынан көшіп келгеніне 5 айдың жүзі болыпты. Төрт баласы бар. Өзі ағаштан түйін түйетін шебер екен.
– «Өз үйім – өлең төсегім» деген емес пе қазекем? Біз жақта халық тығыз ғой. Өмір бойы төрт баламен үй жалдап келдік. Көшіп-қонуға сол жақта-ақ үйреніп кеткенбіз. Тозығы жеткен үйлер ауылдың өзінде 7 миллион теңге тұрады. Ал мен бұл жақтан дәл содан кем емес үйді 600 мың теңгеге алдым. Бұл жерде өз бизнесімді ашуға талпынып жатырмын. Мен – ағаш шеберімін, бұл өнерсіз өмір сүре алмайтындай көремін өзімді. Жасаған бұйымдарым бұл жерде де өтіп жатыр. Наурызым да қазақтың керемет жері ғой, өгейситіндей ештеңе жоқ. Еңбек етсең, қазақтың қай жерінің де бөтендігі жоқ. Ал еңбек етпейтіндер көшпесе де болады, – дейді Абзал.
Алайда, Қостанай өңіріне қоныс аударғандардың барлығы бірдей баспанасын Абзал секілді алып жатқан жоқ. Облыс орталығына іргелес Қостанай, Алтынсарин секілді аудандарда қамыстан салынған, тозығы жетіп тұрған шағын үйлердің өзі 1,5 миллион теңгеден 4 миллион теңгеге дейін барады. Одан да қымбаттары бар. Оңтүстіктен қоныс аударушыларда да, оралмандарда да ондай ақша табыла бермейді. Ал мемлекеттің берген қаржысы баспанаға жетпейді. Биыл жыл бойы келгендерден 105 отбасы үй сатып алған, 66 отбасы әлі жалдап тұрып жатыр. Ауылдарда қарағайдан салынған еңселі үйлер жоқтың қасы. Барлығының да салынғанына 40-50 жыл болған, тозығы жетіп тұр. Қостанайға түпкілікті орналасамын деп келген ағайынның көңілін алаң ететін де осы баспана мәселесі.
«Білмейтін жердің ой-шұқыры көп»
Иә, осы бір ауыз сөзден қоныс аударушылардың бірталай өзекті мәселесі қылтияды. Қостанай өңіріне қоныс аударушылардың орналасқанша өткеретін қиындықтары жетерлік. Оны Наурызым аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлжанат Тәжібекова да айтады.
– Көшіп келген адамдардың тұрмыс жағдайы әртүрлі. Кейбір кісілердің жол қаражаты өзінде, ешкімге салмағын салмауға тырысады. Бірақ қоныс аударғандардың көпшілігі көк тиынсыз келеді. Сондай бір отбасына ауыл болып, киім-кешегін, керек-жарағын жинап берді. Қостанай жері оңтүстікке, батыс облыстарына қарағанда салқын, оның үстіне қақаған қыс та келді. Сондықтан оларға жылы киім, ыдыс-аяқ керек. Біз келгендерге қолдан келгеннің барлығын жасаймыз, жергілікті ағайын қонақжайлылығын да көрсетеді, – дейді Гүлжанат Төлеуқызы.
Мұның барлығы ұсақ-түйек көрінгенімен, қоныс аударушыларға оңайға түспейді. Бұл қоныс аударушылар келіп жатқан аудандардағы көрініс, қоныс тепкен ағайындар үшін де ортақ қиындық болып отыр. Облыс орталығына жақын Алтынсарин ауданына да оңтүстік және батыс облыстардан 10 отбасы келген.
– Ауданға нағыз қажет дәрігерлер, малшылар келіп жатыр. Барлығы да жұмысқа орналасты. Олар үйренісіп кеткенше жұмыспен қамту орталығының мамандары қолдан келгеннің барлығын жасайды, кеңес береді. Алайда, олар әбден орналасқанға дейін қолайсыздықтар болғанын мен де айтар едім. Ауылда қаладағыдай қонақүй жоқ. Ауылдағылар ағайынгершілікпен үйіне шақырады, қондырады. Бірақ бұл бар мәселені шешпейді ғой. Қарсы алу ісінің белгіленген, қаржы қарастырылған жүйесі болғаны дұрыс болар еді, – дейді Алтынсарин аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қойшығара Оспан.
Осы кезге дейін облысқа қоныс аударғандардан үш отбасы ғана кері қайтыпты. Олардың екеуі отбасындағы қайғылы жағдайға байланысты амалсыз кетуге мәжбүр болған. Бір адам мемлекеттің берген көмегін азсынып, «жылы орнын суытпауды» ойлапты. Қоныс аударушылардың ұсынған жұмысқа бармай, бірсыпырасының өз ісін ашуға талпынуы қуантады. Алайда, ол бірден біте қалмайды, жер телімін, несие алу, жергілікті жерді танып, білуі уақытты қажет етеді.
Облысқа алыс-жақын шетелдерден келетін қандас бауырларды орналастыру да осы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Жыл басынан бастап Қостанайды атамекен деп келген 514 адам оралман мәртебесін алған. Негізінен ағайындар Өзбекстаннан келіп жатыр. Олардың ішінде 125 адам, яғни 38 отбасы квотамен келген. Жұмыс жасындағы 54 адамның 29-ы жұмысқа орналастырылған, бір адам өзінің ісін ашқан.
– Атамекенге келген ағайындарға жергілікті жерді таныстырып, кеңес, көмек беру жағынан еш кінәрат жоқ. Балалары мектептерде оқып жатыр. Оларда бір ғана өзекті мәселе бар. Бұл – баспана. Қайдан келсе де оларға баспана жағынан көмек болса, олардың жерсінуі, ертеңгі күніне сенімі де мығым болар еді, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және мемлекеттік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Дәмила Ақпанбетова.
Осы мәселелер шешімін тапса, Қостанай талай жанға құтты қоныс болары хақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ