• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қараша, 2018

Ел мен ер

960 рет
көрсетілді

Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Және ол Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірді. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев кезінде «Рухы мықты халық қана мықты мемлекет құра алады» деп жазып еді. Сол халық рухын көтеру үшін ең алдымен өзі сүйген, өзін сүйген ұлтының тарихына үңілді. 

1994 жылы «Тарих толқынында» атты кітап жазды. Ел Президенті ретінде «Мен өз халқымның кемінде бес мың жылдық тарихын білуім керек» деп еді сонда. Әрі қазақ руханияты өркениетінің негізгі 12 жолын ашып көрсетіп еді. Соған бір назар аударайықшы:

1. Қазақстанның бүкіл аума­ғын қамтитын көшпелі, ежелгі арийлердің қоныстануы. Оған Сынтасты, Арқайым қорым-кешендері кіреді.

2. Осыдан 4-5 мың жыл бұ­рын арийлер солтүстіктен оңтүс­тік­ке, Оңтүстік Оралдан Үнді өзені бойына ығысты. Үндіде Веда, Иранда Авеста жазылды. Мәдени-тарихи өрлеу басталды. Ежелгі дала, қазақ жері әлсіреді. Содан қалған белгі – таңбалы тас. 

Сақ патшаларының Есіктегі, Бесшатырдағы қорғандары одан кейінгі дәуірдің белгілері. 

3. Осыдан 3-4 мың жыл бұрын Гоби маңында ғұндар билік құр­ды. Олардың бір тобы бір ға­сыр­дан соң бүгінгі қазақ даласына құлады. Тәңірге табыну басталды. 

4. Осыдан 1,5 мың жыл бұрын ғұн нәсілдері – түркілер – ашина руының түркілері жинақталып, кейін олар түркі қағанатын құр­ды, Мәңгілік ел қалыптасты. 

«Қорқыт ата» аңызы сол за­ман­ның тарихи сарыны. 

Түркі эпосының үш бұтағы немесе үш бөлігі – Қазақстан­дағы түркі руханиятының қайнар көзіне айналды.

5. Бұдан 1300-1100 жылдар бұрын түркі халықтарының рухани орталығы Шығысқа көш­ті. Ол Орхон-Енисей жазбаларын­да таңбаланды. Тоныкөк, Күл­тегін рунасының жазбаларын, қырық­қа тән жәдігерлерді енгізуге болады. 

6. Осыдан 1100-900 жылдар бұрын Қазақстанға ислам діні дендеп енді. Араб әрпі руна жазуын ығыстырып шығарды. Ғылым-білім дамыды. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари сол заманның сөнбес жұлдыздары. 

7. ХІ ғасыр түркілерден шық­қан тұңғыш сопы – Қожа Ах­мет Ясауи хикметтерімен ерек­шеленеді. Ол қазақтардың рухани мұрасы. Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақ мемлекеттігінің ны­санасы, ол қазақтың ұлы тұл­ға­ларының пантеоны.

8. ХІІ-ХІV ғасырлар Шың­ғыс хан мен оның ұрпағын жау­лау­шылық бірыңғай қазақ хал­қының табиғи дамуына кесел болып жабысты, қанжоса болды. Сол кезде қазақтан Майқы би шықты. Ол қазақтың үш жүзінің таңбаларын тасқа қашады. Үйсіндердің нысаны – ту, арғындардың нысаны – көз, алшындардың нысаны – найза. 

Үш жүз өзінің жауынгерлік ұра­нын алды. Ұлы жүз – Бақтияр – Бақыт, Орта жүз – Ақ жол – Әділет, Кіші жүз – Алшын – От-ана. Олар­дың ортақ ұраны – Алаш болды.

9. XV-XVIII ғасырлар қазақ хан­дығы құрылуымен биік сапа­ға көтерілді. Асан қайғы, Шал­киіз, Бұқар жырау қазақ рухания­тының алтын ағысына айналды. 

Жәнібек пен Керей хан қазақ деген атауды тарих сахнасына алып шықты. 

ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би Тәуке ханмен бірге «Жеті жарғыны» жасады. 

1729 жылы Аңырақай шай­қасы қазақтың болу-болмауы тура­лы мәселені шешті. «Біз күні бү­гін­ге дейін осынау ұлы оқи­ға­ның тиісті бағасын бергеніміз жоқ»!

10. Бұл ХVІІ-ХІХ ғасырлар­ды қамтиды. «Ақтабан шұбырын­ды, алқа көл сұлама» кезі еді. Осы кезеңде тарих сахнасына Абылай хан келді. Қазақ елі Ресей­дің бода­нына кірген тұс та осы кезең. Осы сәтте жарқ етіп қазақ көгіне Шоқан мен Абай шықты. 

11. ХІХ ға­сырдың соңы ХХ ғасырдың басы, Ре­сей­­дің гүл­денуі де құлағалы тұр­­ған кезе­ңін белгілейді. Қазақ өз мем­ле­ке­т­ін құруды көз­деді. Әли­хан Бөкей­ханов, Ах­мет Байтұр­сынов, Міржақып Дула­тов Алаш­орда үкіметін құруға ұмтылды. 

Қазан төңкерісі қазаққа сөз жүзінде тәуелсіздік әкелгенімен, шын мәнінде қасіретті жаңа бір кезеңге ұласты. 70 жыл бойы ком­мунистік жүйе қазақтың ұлт­тық рухын жоғалтуымен айна­лыс­­ты. Тілінен, дінінен айырыл­ған халық қалыптаса бастады. 

12. 1986 жылы Желтоқсан көтері­­лісі қазақтардың рухын оят­ты. Алып КСРО құлады, қазақ тәуел­­сіз мемлекет құру құқығына ие болды. 

13. Әрине, бұған тағы бір сая­си, теңдессіз шешім Қазақ­стан­ның егемендігін жариялауын қосайық. Сондай-ақ егемен ел құрудағы Қазақстан дамуының президенттік басқару жүйесі және Назарбаев феномені. 

Одан кейін Президент «Мә­дени мұра» бағдарламасын ұсынды. Бізге мәлім, беймә­лім ұлт жә­дігерлері жиналды, жи­нақ­талды, сараланды, монографиялар жарық көрді. Онан соң Ұлытаудағы қасиетті бұлақ қасында тұрып сұхбат берді. 

Осы кезеңде Президент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қол­дауымен М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты 100 томдық «Бабалар сөзін» шы­­ғар­ды, ғылыми айналымға қосылды. 

Міне, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы дала өркениетінің жеті қырын атап өтіп, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Олар қандай?

 Президент жазғандай «Төл тарихымызға оң көзқарас керек». «...Энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деп жазды Елбасы. 

Оны ат әбзелдерімен, әскердің киген киімдерімен үйлестіре зерттеу керектігін Президент қадап айтады. Бұл арнаулы ғылы­ми тақырыпқа сұранып тұр. Ұлы даладағы ежелгі металлургияны да ғылыми-танымдық тұр­ғыдан зерделеп, халыққа жет­кізу міндеті тұр. Елбасы әлем­дік өркениетте ерекше орны бар аң стилін ұлттық болмыс, кеңіс­тік пен уақыт өлшемдерін ес­кере отырып бағамдауға ша­қы­рады. Түп-тамырымызды тану үшін өзіміздің ежелгі ата-қо­нысы­мыз­дан табылған жәді­гер­лерге ұлттық өркениет биігінен қарау қажет. Мәселен, 1969 жылы Қазақ­­станның, оның ішінде ежел­гі Жетісу жерінен табылған Алтын адамды алайық. 

«Жауынгердің алтынмен ап­т­алған киімдері ежелгі шебер­лердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті». Күміс кеседен табылған жазу да әлі оқыла қойған жоқ. Оқылғанмен, ол ғылыми тоқтам ретінде мойындалмады. Бұл да лингвистер алдында тұрған үлкен міндет.

Президент жазғандай, Қазақ­стан жерінің Алтайы оның тәжі іспетті. «Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің Ι мыңжылдығы­ның орта шенінде Түркі дүние­сі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды». Міне, осы өркениеттегі әдеби, рухани жәдігерлер туралы күрделі зерттеулер, мақалалар, қажет болса комикстер керек-ау. Әл-Фара­би, Қожа Ахмет Ясауи түр­кі әлемінің ұлы данагөйлері. Олар біздің бабаларымыз, одан қаш­қақтаудың не қажеті бар. Рас, олар түркі әлемінің биігіне шық­ты. Бірақ олардың кіндік қаны қазақ жерінде тамғанын ешқашан ұмытпауымыз керек. 

Түркі империясының аума­ғын қамтыған көне Жібек Жолы жаһандану заманында қандай трансформацияға ұшы­рап отыр? Оның Қазақстан эконо­мика­сының дамуына қандай үлес әкелгенін сана, экономикалық, рухани-мәдени тұрғыда сараптау қажет. Бұған да ғалымдар өз сөзін айтуы керек деп білемін.

«Бәріміз білетін алма − біздегі алманың генетикалық бір түрі». «...Қызғалдақтың «тарихи отаны» асқақ Алатау екені дәлелденген. Шетел ғалымдары әлдеқашан мойын­даған. Бірақ оны иемде­нетін қазақ әлі де бейқам отыр. Міне, осылардың бәрін жүйеге түсіріп, ұлтқа таныту міндеті тұр. Осы ой-толғамдарды айта отырып, Президент Н.Ә.Назарбаев оны шешудің 7 жылдық жолын айқындап арнайы бағдарлама жасауды тапсырды. Бұл «Архив – 2025» деп аталады. Бұл «ежелгі дәуірден қазіргі заман­ға дейінгі кезеңді қамтитын бар­лық отан­дық және шетелдік мұра­ғаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін» қажет. 

Ұлт тарихын, ұлт өркение­тін санаға сіңіру ұлттық патриотизм­ді, өз ұлтына, өз мемлекетіне деген құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастырады.

Елбасы айтқан жобалар әртүр­лі форматта қолға алынса рухани жаңғырудың кемелденуін тездете түседі. Өйткені бұл мақаладағы ойлар мен тұжырымдар «Мәде­ни мұра», «Халық тарих тол­қы­нында», «Рухани жаңғыру: бола­шаққа бағдар» жобаларының заңды жалғасы болып табылады.

Осы үлкен рухани жаңғы­ру жолында елімізбен, Елбасы­мызбен бір болайық! 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 

ҰҒА академигі