Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары оңай болмағанын бүгінде аға ұрпақ жақсы біледі. Осындай ауыр кезеңде мемлекеттің етек-жеңін енді жинай бастаған Елбасының алдында Қызылорда облысының үлкен мәселесі тұрды.
Сонау бір жылдары даңқы әлемге тараған Арал теңізінің бағы қайтқан. Өлі теңіз десе де болады. Аралдың табанынан ұшқан улы тұз мәңгі мұз жастанған Арктикаға дейін ұшып барып, сіреу-сіреу мұздақтарды ерітіп жатқанына әлем ғалымдары мазасызданып дабыл ұруда. Экологиялық ахуалдың асқынғаны сонша, есі шыққан жұрт жан-жаққа жан сауғалап көше бастаған. Экономикасы титықтаған Қызылорда облысының да жағдайы мәз емес.
Сол кездері Мемлекет басшысының жанында қызметте болған, бүгінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының алдында екі таңдау болғанын айтады.
Біріншісі – қаржылық қауқары аз, әлтек-тәлтек күйде тұрған Қызылорда облысын тарату, Арал халқын өзге облыстарға көшіру. Екіншісі – тәуекелге барып облысты сақтап қалып, теңіздің жағдайын жақсартатындай шешім қабылдау. Ұзақ ойланған Елбасы қиындау болса да екінші таңдауға тоқтапты. Бүгінде барлық сала бойынша республикадағы облыстардың кеуде қатарында жүрген Қызылорда облысы Елбасының тәуекелімен таратылмай қалды.
Ал теңізінен улы тұз ұшқан Аралдың мәселесі қалай шешілді?! Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 1993 жылы 26 наурызда Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Осының нәтижесінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бойын сақтау» (САРАТС) жобасы дүниеге келді. Бүгінде жобаның алғашқы төрт бөлігі жүзеге асырылып жатыр. Бұл жайында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Арал ауданында өткен жиында жан-жақты таратып берген.
Жобаның бірінші кезеңін іске асыру теңіз бен Арал қаласының арасын 100 шақырымнан 17 шақырымға дейін қысқартуға, бұрын жоғалып кеткен балықтың 22 түрінің теңізге қайта оралуына мүмкіндік берді. «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл республикалық бюджет есебінен САРАТС-2 жобасының 4 бөлігін жүзеге асыруды бастадық. Олар – Қызылорда су торабына кешенді жөндеу жүргізу, қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзен арнасын түзету және Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекенінің тұсынан көпір салу», деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Өткен жылы ауланған 8740 тонна балықтың 3410 тоннасы экспортқа жіберілді. Бүгінгі таңда облыста жылдық қуаты 11 мың тоннадан аса өнім шығаратын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі соңғы бес жылда салынды. Сондай-ақ «еурокод» белгісі бар 4 зауыт өнімін экспортқа шығарып отыр. Мәселен, өткен жылы 3410 тонна балық өнімі 9 мемлекетке – Ресей, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Польша, Голландия, Дания, Германия және Қытайға экспортталды.
Сонымен қатар балық өңдеу зауыттарын қосымша шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында өңірдің аквамәдениетін дамыту жұмыстары жүруде. Өткен жылы облыстағы 10 шаруашылық 107 тонна тауарлы балық өсірді. Биыл бұл көрсеткішті 130 тоннаға дейін көбейту жоспарланып отыр. Ал балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер өз өнімдерін өткізу үшін өзге мемлекеттерден кәсіпорын ашып жатыр.
Әрине, бәрі жақсы болды, жұмыстар кедергісіз орындалып жатыр деуге болмайды. Облыс әкімі Дүниежүзілік банкпен келіссөздер жүргізілген уақыттары жыл сайын Үлкен Аралға қайтарымсыз 2,5-3 млрд текше метр су кетіп жатқандығын айтқан. Сол кезеңде 12 жылда 30 млрд текше метр су жоғалған. Ал Кіші Аралдағы су көлемі – 27 млрд текше метр. Яғни, бір теңіздің суы осылай құрдымға кеткен. Жыл сайын диқандардың бас ауруы ағын су екендігін ескерсек, бұл – орны толмайтын шығын.
Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев та 8 бөліктен тұратын ғасыр жобасының бүгінде бесеуі іске асырылып жатқандығын айтады. Қазір Кіші Арал теңізі қаладан 17 шақырым қашықтықта. Егер САРАТС-2 жобасы күткендегідей нәтиже берсе, қала мен теңіздің ара қашықтығы 1-1,5 шақырымға дейін қысқарады екен. Балық қоры да азайып кеткендіктен, Үкімет бір учаскеге екі қайықтан шығару туралы қаулы алған. Алайда нәпақасын ұлы теңізден тауып қалған балықшылар бұл қаулыға келіспей, өз уәждерін айтып жатыр. Аудан әкімі қалай болғанда да теңізді бір-екі жыл тынықтырып, балық қорын көбейтудің маңыздылығын көлденең тартады. Дұрыс шешім, оң талап.
Бүгінде Арал ауданы облыстағы жетекші аудандардың қатарына кірген. Кезінде көзі тұманданып туған жерінен қимай көшкен ағайын қайта оралуда. Үлкен өндірістер ашылып, жаңа жұмыс орындары іске қосылып жатыр. Уақытында сағымға жұтылған Арал теңізі жыл санап жағалауға жақындап келеді...
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы