• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Ақпан, 2012

900 күндік қырғынды бастан кешкен

1181 рет
көрсетілді

900 күндік қырғынды бастан кешкен

Ленинград шайқасы ардагерінің есімін қалай қастерлесек те орынды

Үстіміздегі жылғы 27 қаңтар күні қаһарман қала – Ленин­градтың фашист басқыншылары қоршауынан азат етілгеніне 68 жыл толды. Бұл күнді ТМД елдерінде үлкен қастерлі сезіммен атап өтті. Әсіресе Ресейде, оның ішінде қазіргі Санкт-Петербург, бұрынғы Ленинград қаласында қоршаудан босаған күн ежелден-ақ жалпыхалықтық, мемлекеттік деңгейде аса маңызды іс-шара ретінде, кең ауқымда аталып өтіледі.

 

Ленинград шайқасы ардагерінің есімін қалай қастерлесек те орынды

Үстіміздегі жылғы 27 қаңтар күні қаһарман қала – Ленин­градтың фашист басқыншылары қоршауынан азат етілгеніне 68 жыл толды. Бұл күнді ТМД елдерінде үлкен қастерлі сезіммен атап өтті. Әсіресе Ресейде, оның ішінде қазіргі Санкт-Петербург, бұрынғы Ленинград қаласында қоршаудан босаған күн ежелден-ақ жалпыхалықтық, мемлекеттік деңгейде аса маңызды іс-шара ретінде, кең ауқымда аталып өтіледі.

Ленинградты жау қоршауынан азат ету күні Қазақстанда да ес­керусіз қалған жоқ. Мысалы, Алматыда қоршауда болғандардың қо­ғамдық ұйымы бар. Осы ұйым мүшелері өткен аптада 28 гвардия-шы-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алау мен «Ленинград тасына» гүл шоқтарын қойып, қор­шау құрбандарын еске алды. Сон­дай-ақ Алматының Әуезов ауда­нының әкімдігі осы ауданда тұ­ратын Ленинград соғысы ар­дагерлерін құттықтау жөніндегі іс-шараларға ұйытқы болып, оларға үлкен құрмет көрсетті, сый-сияпат жасады.

Қаһарман қала – Ленинград қасіреті туралы көзі қарақты адамдар тарихтан жақсы біледі. Ленинград үшін шайқас 1941 жылғы 8 қыр­күйекте басталып, 1943 жыл­дың қаңтарына дейін созылды. Қа­лаға жеңіс толығымен 1944 жыл­дың 27 қаңтарында ғана келді. Яғни қала осы уақытқа дейін жау қор­шауында болды. Ленинград халқы тұп-тура 900 күн қасірет шекті.

Осынау теңдессіз 900 күннің жыры да, сыры да ешқашан тау­сыл­­мақ емес. Өліспей беріспеуді серт еткен ленинградтықтар жау­ға тізе бүкпей шайқасып, өшпес ерлік өнегесін көрсетті. Ұлы жырау Жам­был Жабаев атамыздың «Ле­нин­­градтық өренім» деп тебірене, тол­ғана жырлайтын тұсы да сол кез еді.

900 күн бойы жау қоршауында қалған Ленинград шайқасы кезін­де 640 мыңнан астам адам аштық­тан қырылды, жүздеген мың адам жау снарядтары мен авиабомбалардан қаза тапты, эвакуация кезін­де оққа ұшқандары қаншама?!

Тарихи деректерде Ленинград қоршауы кезінде 850 мыңға жуық бейбіт тұрғын көз жұмды делінеді. Ал бұған қоршау кезінде жаумен жағаласып жүріп шейіт болған жауынгерлерді қоссаңыз, жалпы құрбандардың саны миллионның үстіне жетіп жығылатыны айтпаса да түсінікті.

Осы тақырыпқа орай біз бүгін сондай боздақтардың біреуі туралы сөз еткенді жөн көрдік. Ол – бұрынғы Қаратас, қазіргі Қазы­ғұрт ауданындағы Қаржан ауылы­ның тумасы, Оңтүстік өңірінен шыққан тұңғыш авиаинженер, Ленинград қоршауында бастан-аяқ болып, әс­кер қатарында жаумен шайқасқан жауынгер Жүніс Тасқұлұлы.

Бір өкініштісі, жергілікті мұра­ғаттарда ол кісі туралы тарихи деректер мүлде жоқ. Оның аты-жөні Оңтүстік Қазақстан облысында жарық көрген «Боздақтар» ескерт­кіш кітабына да енгізілмеген. Шымкенттегі үлкен мемориалдық ескерткіштегі тізімнен де таппайсыз. Оны айтасыз, осынау арда азаматқа тіпті өзі туып-өскен же­рін­дегі бес-алты көшенің атауы да бұйырмай қалған.

Бұл келеңсіздіктердің басты себебі – Ленинград шайқасына бас­тан-аяқ қатысушы Жүніс атамыз соғысқа өз ауылынан, өз өлкеміз­ден шақырылмаған. Ұлы Отан со­ғы­сы басталған кезде ол кісі мүлде басқа жақта әскери борышын өтеп жүр­ген. Жүніс Тас­құлұлының бұл жақ­тағы тізім­дерде жоқ болуының негізгі себебі осы ғана.

Ол кісі сонда соғыс бастал­ғанда қай жерлерде жүрген? Жү­ніс атаның өмірбаяны жайлы не біле­міз? Енді осы сұрақтарға жауап бере кетейік.

Жүніс Тасқұлұлы – үлкен де үлгілі отбасындағы жеті ұл бала­ның бірі болған. 1905 жылдың желтоқсан айында Қаржан ауылында дү­ниеге келген ол 1920 жылдары комсомол қатарына өт­кен, 1924 жылдан бастап ВКП(б) мү­шесі болған.

Кеңес өкіметі ор­­­­­наған жылдары жо­­­ғары жақтан әр ауылдан бір баладан оқуға жіберу жөнінде тапсырма келеді. Бұл хабардан елдің бәрі үрейі ұшып қорқып, балаларын оқуға жіберуге жүректері дауаламай тұрғанын көргенде бір үйдің екі бірдей ұлы суырылып шығып, екі ауылдың есебінен оқуға баруға бел буады. Олар – Жүніс пен оның бірге туған бауыры Үсен Тасқұ­ловтар еді.

Ағайынды екі жігіт 1920-шы жыл­дардың соңында Ташкент қа­ла­сындағы Ким атындағы «ФЗУ» мектебінде білім алады. Сол тұста түскен олардың суреттері ұрпақ­тарының архивінде күні бүгінге дейін сақтаулы. Көненің көзіндей болған сол суреттегі оқу-білімге ұмтылған 20-21 жастағы жігіттер­дің жүздері ерекше жалындап, көздері от шаша қарайды.

Иә, олар бұл төңіректен шық­қан тұңғыш оқымысты адамдар болатын. Бұл ешбір әсірелеусіз ай­тыл­ған талассыз шындық.

Ташкенттегі «ФЗУ»-ді, яғни фаб­рика-зауыт училищесін, ауыз­екі әңгімеде «рабфак» деп аталатын оқу орнын бітіргеннен кейін аға­йынды жігіттер сол деңгейде қа­лып қоймай, одан әрі білім алуды көздейді. Сөйтіп Үсен заңгер­­­лік оқуды таңдаса, Жүніс авиаинженер мамандығын алуға бел буады.

Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, Үсен институтты бітірген­нен кейін Ленинград қаласында бірқатар жауапты қызметтер атқа­рады, Ленинградта аудандық партия комитетінің хатшысы лауазымында болады. Кейіннен заң саласына ауысып, Қазақстанға қоныс аударады. Талдықорған облысы­ның Алакөл ауданында, яғни Үш­арал қаласында прокурор қызме­тін­де жүргенде 1942 жылдың 12-қаңтарында соғысқа аттанады. Алайда, өкінішке орай, ол ағамыз соғыстан қайтып оралмады, артында үш перзенті қалды.

Әрине, мұның бәрі де өз алдына бөлек тақырып. Ал біз енді Ленинград қоршауының куәгері Жүніс ағамыздың жайына қайта оралайық.

Айрықша назар аударарлық жәйт, Жүніс ағамыз «рабфактан» кейін сол тұстағы өте сирек әрі жоғары бағаланатын мамандық бойынша Ленинград қаласындағы Аза­маттық әуе флоты (ГВФ) институтына оқуға түседі. Оны 1935 жылы ойдағыдай бітіріп, авиация инже­нері мамандығын алып шығады.

Осы арада бір сәт ой жіберіп көріңіз. Сонау 1935 жылдары бір қиырдағы Ленинградта авиация инженері атану дегеніңіз үлкен же­тістік, ерекше оқиға емес пе? Ол кезде мұндай дәрежеде білім алу түкпірдегі ауыл қазағының баласы үшін өңі түгілі түсіне де кіре бер­мейтін жағдай екені де рас. Егер сұм соғыс басталып кетпегенде ол кісілер әлдеқайда биіктен көрініп, халқына бұдан да зор қызмет көрсетер еді-ау деген ойға келесің.

Сонымен, Жүніс ағамыз 1935 жылы институтты бітіргеннен ке­йін қызыл әскер қатарына шақы­рылады. Әскерде Қызылтулы Балтық флотының ұшқыштар полкінде авиация инженері болып қызмет атқарады.

1940 жылы олардың әскери полкі Таллин қаласына көші­ріледі. Жүніс Тасқұлұлы Ұлы Отан соғысын сол жақта қарсы алады. 1941 жылдың жазында, яғни соғыс бас­талған кезде Бал­тық флотының ұш­қыштар полкі Ленинград қа­ла­сына жіберіледі. Міне, Жүністің бұ­дан кейінгі жа­уынгерлік өмірі осы қаламен тіке­­лей байланыста өрбиді.

1941 жылдың күзінде Ленинград қаласы жау қор­ша­уында қалған кезде алда 900 тәулікке созылатын азапты күн­дер күтіп тұрғанын ол кезде кім болжапты дейсіз? Жүніс ағамыз да мың­даған ленинградтық­тармен бірге барлық ауыртпа­шылықты бастан кешіреді. Аш­тықтан, суықтан, жау бомбасынан ондаған мың адам ажал құшып жатқан шақта Жүніс ағамыз да жараланып әрі ауыр науқасқа шалдығып, госпитальге түседі.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер» деген емес пе, сондай алапат ажал апанынан аман шығу да тағдырдың тарт­қан сыйы шығар.

Алайда, бір өкініштісі, Жү­ніс ағамыз Ленинград қоршауы­нан айықпас дерт жапсырып шыға­ды. Соғыстың соңғы жылдары аға­мыз соғыс мүгедегі ретінде әскерден босатылады. Бұл тұста ол көптеген жауын­герлік наградалармен марапатталған.

Жүніс ағамыз соғыс басталмай тұрып-ақ отбасылы болатын. Оның жұбайы мен қызы бастап­қыда Ленинград қала­сын­да тұр­ған. 1942 жылы олар қор­шаудағы қаладан тылға эва­куа­цияланған елдің қа­тарында Татар АССР-ін паналайды. Ал со­ғыс аяқталар тұста Жүніс аға­мыз отбасымен табысып, 1945 жылы Ташкент қала­сына оралады. Сол жылдары ол Өз­бек ССР-і Ет және сүт өнер­­кәсібі министр­лігінде ми­нис­трдің орын­басары болып қыз­мет атқарады.

Ол кездерде оқыған, көзі ашық азаматтардың аз кезі ғой. Жүніс ағамыз дені сау, өзі аман болғанда бұдан да үлкен жауап­кершілік жүгін арқалар ма еді, бірақ, әттең, ол кісінің ғұмыры ұзақ болмады. Ленинград қор­шауы кезінде тапқан ауруы асқы­нып кетіп, ақыры дауасыз дерт дегенін істеді. 1955 жылдың тамыз айында қазіргі «Алтынтөбе» ауылында тұратын туған ағасы Омардың үйіне келген ол көп ұзамай осы жерде көз жұмады. Сонда ол 50-ге әлі толмаған екен.

Көңілге бір медеу болары, кезінде туған жерден жыраққа кетіп, оқу-білім соңында жүр­ген, ел-жұртының үлкен үмітін арқа­лап, сан түрлі қызмет атқар­ған, содан сұрапыл соғысқа тап болып, Отан үшін от кешуді де бастан өткерген абзал азаматқа түбінде өзі туған жердің топы­рағы бұйы­рыпты. Ол кісінің бейіті қазіргі «Алтынтөбе» ауы­лы­ның шығыс тұсындағы зиратта жатыр. Жұ­байы Әсия мен қызы Ғалия сол заманның өзін­де оның бейітінің басына арнайы түрде алыстан әкеп құлпы­тас орнатқан екен. Ары өткен – бері өткенде ол құлпытас әлі күнге дейін мен­мұндалап көзге түседі. Содан бері арада алпыс жылға жуық уақыт өтіпті.

Жүніс ағамыздың артында жалғыз ғана тұяқ қалды. Ол – Ғалия Жүнісқызы Тасқұлова. Ке­зінде ол кісі ұзақ жылдар бойы өзі туып-өскен Ленинград қала­сында ғұмыр кешті, сол жақта отбасылы болды, екі ұлынан бірнеше немере сүйді. Ал осыдан біраз жыл бұрын олар Израиль мемлекетіне қоныс аударды.

Асылдың сынығы, тұлпар­дың тұяғындай болып арда аза­маттың артында қалған Ғалия Жүнісқызы алдағы ақпан айында мерейлі жетпіс бес жасқа толмақ.

«Өмір – өзен» деген осы да. Су ағады, тас қалады. Отан үшін отқа түсіп, елі үшін етігі­мен су кешкен ерлердің есім­дері де ерекше құрметпен еске алынып, әрдайым жадымызда жаң­ғы­рып тұруға тиіс.

Иса ОМАР.

Шымкент.