• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Ақпан, 2012

Бесеудің бесігі

352 рет
көрсетілді

Бесеудің бесігі

Соңғы уақытта ел-жұртты елең еткізген елеулі жаңалықтың бірі -– халқымыздың аяулы перзенттері Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың және Нәзір Төреқұловтың денелері көмілген жердің жетпіс төрт жылдан кейін жеткен хабары деп ойлаймыз. Газетте осы тақылеттес жарияланым бұдан бұрын болған еді («Құпия құлпытас» // Егемен Қазақстан, 2011 жылғы 28 желтоқсан). Онда өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы кеңестік қуғын-сүргіннің құрбаны болған кейбір белгілі азаматтардың сүйегі Мәскеудің қай түкпірінде жатқаны туралы жазылған-ды. Енді жоғарыда есімдері аталған үш арыстың жер бесігі деп санала бастаған Мәскеудің «Коммунарка» зираты жайында баяндаудың сәті түсіп отыр.

 

Соңғы уақытта ел-жұртты елең еткізген елеулі жаңалықтың бірі -– халқымыздың аяулы перзенттері Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың және Нәзір Төреқұловтың денелері көмілген жердің жетпіс төрт жылдан кейін жеткен хабары деп ойлаймыз. Газетте осы тақылеттес жарияланым бұдан бұрын болған еді («Құпия құлпытас» // Егемен Қазақстан, 2011 жылғы 28 желтоқсан). Онда өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы кеңестік қуғын-сүргіннің құрбаны болған кейбір белгілі азаматтардың сүйегі Мәскеудің қай түкпірінде жатқаны туралы жазылған-ды. Енді жоғарыда есімдері аталған үш арыстың жер бесігі деп санала бастаған Мәскеудің «Коммунарка» зираты жайында баяндаудың сәті түсіп отыр.

Мәскеуден батысқа қарай созылған Калуга тас жолымен жүріп келе жатқанда, көп ұзамай оң қанаттан бұрынғы КСРО НКВД-сінің ар­нау­лы нысаны болған қазіргі «Комму­нар­каның» қоршауы ұшырасады. Зираттың жұрт кіретін қақпасы осы жолдан 400 метрдей жерде ғана. НКВД-нің қалың орман ішіне жай­ғасқан бұл саяжайы өз заманында шаһардың шалғай шеті деп саналса, бүгінде Мәскеудің сақиналы автожолына (МКАД) тиіп тұр деуге болады. Бірақ әкім­шілік бөлінісі жағынан ол Мәскеу облы­сының Ленин ауданына қарайды.

Қасіретті мекеннің қақпасына келгеніңізде сізді «Бұл жерде 1930-1950 жылдардағы саяси террордың мыңдаған құрбандары жатыр» деген жазу қарсы алады. Дәлірек айтсақ, «Коммунарка» арнаулы нысаны – 1937 жылғы 2 қыр­кү­йектен бастап 1941 жылдың 16 қазанына дейін­гі аралықта атылған адамдардың сүйегі көміл­ген жер. 20-жылдардың соңында бұл жерде НКВД халық комиссары (нарком) Г.Ягоданың саяжайы болады (1938 жылғы наурыз айында атылған, қылышынан қан тамған бұл нарком­ның да сүйегі осында жатыр). Г. Ягода тұтқын­далғаннан кейін саяжай мен оған жалғас тұтас аумақ НКВД-нің қарауына бері­­­леді. Сая­жайға іргелес жатқан шағын ұжым­­­дар бірік­тіріліп, НКВД-нің қосалқы шаруа­­­шылығы ретінде «Коммунарка» деген кеңшар ұйымдас­тыры­ла­ды. Жер атауы осылай пайда болады.

Зерттеушілер «Коммунарканың» бүгінде тегістеліп кеткен қабірлерінде Кеңес ода­ғының басшылығында жоғары лауызымды қызмет атқарған көрнекті мемлекет және партия қайраткерлері, Ленин мен Сталинге серік болған Саяси бюро сапындағы белгілі адам­­­дар (Бухарин, Рыков, т.б.), одақтас респуб­­­лика­лардың бірінші басшылары, облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары, биік шенді әскербасылар, басқа да жауапты партия-кеңес қызметкерлері, бірқатар шетелдік азамат­тардың мүрдесі жатыр дейді. Мысалы, Моңғо­лияның 1937 жылғы үкіме­тінің мүшелері түгел­­­дей осы жердің астында екен. Аталмыш жәйіттерді ескере отырып әрі сол кезде атқар­ған қызметтерінің деңгейінен бағамдасақ, Тұрар, Нәзір, Сұлтанбек сынды ардақты ұлдардың асыл сүйегі осындай жерде жат­пағанда, қайда болушы еді деген жеңіл ойдың келіп қалатынын да жасыра алмаймыз. Оның үстіне «Коммунарка» аумағына жер­ленген­дердің дені – Сталиннің жеке санкциясымен КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы ату жазасына бұйырған азаматтар. Қазір мұнда 14 мыңға жуық адамның (60-тан астам ұлт өкілдерінің) сүйегі көмілген деп саналады, ал содан әзірге төрт жарым мың ғана саяси террор құрбандарының аты-жөні белгілі болып отыр. Ресейде бұл мәселемен «Мемориал» қоры мақсатты түрде дәйекті айналысып келеді. Бұған дейін аты-жөні анықталып, атал­­­ған қор шығаратын арнаулы анықтамалық кітап­­­қа енген құрбандар арасынан «Коммунар­­каға» жерленген екі қазақ баласының есімі кездеседі. Бұлар – Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанов пен Ораз Жанұзақұлы Исаев (Орыс тіліндегі құжаттарда тиісінше – Беремжанов Газымбек Кургамбекович, Исаев Ураз Джанзакович).

Анықтамада жазылғандай, Ғазымбек Бірім­­­­жанов 1896 жылы Қазақ КСР Торғай ауданының № 1 ауылында туған, қазақ, білімі жоғары, партияда жоқ, Ақ теңіз каналы коло­низациялық бюросында агроном болып істе­ген. Карелияда, Медвежья Гора қаласындағы Ақ теңіз-Балтық комбинатының қалашығында, 14-үйде, 15-бөл­­­меде тұрған. 1937 жылғы 9 қа­занда тұтқын­­далған, КСРО Жоғарғы Соты­ның Әскери алқа­­сы «контрреволюциялық терро­ристік ұйымға қатысқаны үшін» деген айыппен үкім шығарып, ату жазасына кескен. 1938 жылғы 19 наурызда атылған, 1991 жылғы 11 маусымда ақталған.

Ораз Исаев 1899 жылы Батыс Қазақстан облысының Ілбішін ауданындағы «Қамыс­­ты­­­көл» ұжымшарында туған. БКП (б) мүшесі, 2 сы­­ныптық орыс-қазақ училищесін бітірген. Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, БКП(б) ОК мүшелігіне кандидат. Алматыда, Сталин даңғылы 107-үйде тұрған. Ол 1938 жылғы 31 мамырда тұтқындалған, «контррево­­­люциялық террористік ұйымға қатысқаны үшін» КСРО Жоғарғы Сотының Әскери ал­қасы 1938 жылғы 29 тамызда ату жазасына кес­кен. 1956 жылғы 19 мамырда ақталған.

Сол кезеңде атқарған жоғары лауазымды қызметі Ораз Исаев өмірінің сталиндік саяси террор жылдарында осылай аяқталуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды, көппен бірге оның да әділетсіздікке ұшырағаны сөзсіз. Алайда Ақ теңіз жақта айдауда жүрген Ғазым­­бек Бірімжановтың 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы Мәскеуде атылуы әрі аты-жөнінің «Коммунаркада» жерленгендер арасынан шығуы оған қатысты әлі де белгісіз жәйттер бар екендігін аңғартады. Қазақстан баспасөзі жарияланымдарынан Ғазымбек Бірімжановтың «ату жазасына кесілгені», «атылып кеткені», «қайтыс болғаны» туралы сөздер көзге шалынады, бірақ оның сүйегінің қайда жатқаны жөнінде айтылған емес. Демек, «Мемориал» қорының құжаттарға сәйкес әзірлеген анық­тамасына сүйеніп, Ғазым­бек ғұмырының қайда және қалай үзілгені туралы бір тоқтамға келу үшін оның сүйегі «Ком­мунарканың» жалпы қабірінде жатыр деп жұбаныш еткен жөн болатын тәрізді.

Былайғы жұртқа Ғазымбектен гөрі оның туған ағасы, Қазан университетінің түлегі, ке­зінде Ресей­дің Мемлекеттік думасына екі мәрте депутат болып сайланған Ахмет Бірімжановтың есімі көбірек таныс болғанымен, Ғазымбек те Алаш арыстары үміт артқан, тегіне тартып туған асыл ұлдың бірі. Ол даңқты Торғай өңірінің тумасы, Орынборда училищеде оқып, кейін Орта Азия мемлекеттік универ­ситетін бітірген жоғары білімді дәрігер. Тарихи жарияланымдарда Ға­зым­­бектің Колчак үкіме­тімен Алашорда атынан келіссөз жүргізуге қатыс­қаны, Алашорданың Башқұрт үкіметі жанын­дағы уәкілі болғаны туралы айтылады. Сонымен бірге, оның жи­ыр­ма­сыншы жылдары «Ақжол» газетін бас­қарғаны, қалам қуатымен қазақ көсемсөзін көр­кейтуге үлес қосқаны, соңына «Шеген» деген бүр­кеншік есім­мен жазылған көптеген жарияланымдар қалдырғаны белгілі.

Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасын басқарып тұрғанда бір топ талапты да талантты қазақ жігіттерін шетелге оқуға жібереді. Солар­дың біреуі – Ғазымбек Бірімжанов екен. Ол Германияға барып, Берлин университетінің ауыл шаруашы­лығы факультетіне түседі. Оқуын біті­ріп, елге қызмет етемін деп қайтып келе жат­қанда, 1928 жылы Мәскеуде ұсталып, Ақ теңіз каналы құры­лысына он жылға жер аударылады. Ғазым­бектің айдау мерзімі әлі аяқталмаған кезде, 1937 жылғы 9 қазанда қайта тұтқындалуына және Жоғарғы Сот Әскери алқасының үкімімен ату жазасына ұшырауына Алашорда сапындағы қайраткерлік қызметімен қатар, жоғары білімді болғаны һәм бұрынғы Түркістан Республикасы басшылы­­ғы­­ның шетелге оқуға жібергені де белгілі бір шамада әсер еткен секілді.

Жалпы Мәскеуде 1937-1941 жылдары атыл­ған адамдардың ең көп көмілген жері – «Бутово» және «Коммунарка» полигоны екені құжаттар арқылы толық дәлелденген. Мұнда адамдарды ату мен өліктерді жерлеу 1938 жылдың қазан айының ортасына дейін үздіксіз әрі жүйелі түрде жүргі­­зіліпті. 1939 жылы бірен-саран адам ғана жерленіпті, ал 1940 жылы жерленгендер туралы мүлде мәлімет жоқ. Оның есесіне, соғыс басталғаннан кейін, 1941 жылғы 27, 28 және 30 шілде күндері 513 адам атылған, 16 қазанда тағы да 220 адам атылыпты. «Коммунарка» қабірлері жатқан аумақ соғыс жылдары қараусыз қалып, соғыс біткеннен кейін қайтадан күзетілетін арнаулы нысанға айналады. Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі аталған нысанды 1999 жылы ғана Орыс православие шіркеуінің қарауына берді.

…Даңғыл жолдың бұрылысына жете бере, үлкен қалқанды жарнаманың жанына тоқтап, көліктен түстік. Көрініп тұрған «Коммунаркаға» қарай қалың ағаш қоршаған орман жолымен жаяу баруды ұйғардық. Бұл құдыретке қалай таң қалмассыз: осылай қарай ниет қылып, қала шетіне шыға бергенімізде, аяқастынан желдетіп, жапа­лақтап қар жауған. Қыстың алғашқы қары қарсы алдымыздан соққан желмен қабаттасып, қабірлі ауылдың қақпасына жеткенімізше қойын-қонышты толтырып тастады. Ал сырттан қоңырау шалып, жөнімізді айтқан соң ашылған «Комму­нарканың» қақпалы есігінен ішке қарай өткені­мізде, қар да тоқтады, жел де басылды! Арыс­тарымыздың асыл сүйектері алыстан іздеуші келгенін, артта қалған атамекеннен жеткен бір уыс топырақтың өздерін қойнына алған қара жерге көп ұзамай қосылатынын сезіп жатыр-ау деп ойладық…

Былай болған еді: Шымкенттегі «Айғақ» телекомпаниясының президенті Дулат Әбіш мырза бізбен хабарласып, үш арыстың (Тұрар, Сұлтанбек, Нәзір) оңтүстік өңіріндегі туған жерінен топырақ алдырғанын, Мәскеуге барып, бір уыс топырақты «Коммунарка» зиратындағы сол азаматтардың асыл сүйегі жатқан жерге қоссақ, марқұмдарға арнап құран бағыштасақ деген ниеті туралы айтқан еді. Осы мақсатпен Мәскеуге келген оңтүстікқазақстандықтарды бас­тап «Коммунаркаға» баруға жиналып жатқаны­мызда, Ресей астанасына Түркі академиясының тапсырмасымен белгілі ғалым, профессор Дандай Ысқақұлы және аталмыш академияның аға ғылыми қызметкері Қайырбек Кемеңгер (Алаш арыстарының бірі – Қошке Кемеңгеровтің неме­ресі) іссапарға келіп, ойда жоқта бәріміздің басымыз қосылып, қазақ боп қауымдасып, осылайша орыс орманының ортасындағы қуғын-сүргін құрбандары көмілген топыраққа жетіп едік.

Ақ көрпе жамылған орман жолы енді көз жетер жерде қарайып көрінген үйлерге қарай бастады. Бір қабатты ұзынша үй – осы уақытқа дейін сақталған бұрынғы НКВД саяжайы, соның жанынан 2007 жылы тұрақты жұмыс істейтін православие храмы салыныпты. Іздеп келушілерді қар­сы алып, қуғын-сүргін құрбандарының қабірле­ріне бастап апаратын – діни қызметшілер. Біздің де жол бастаушымыз – осы санаттағы Михаил Мокеев деген жігіт болды. Михаилдың айтуынша, төрт жағы түгел қоршалған «Коммунарка» он сегіз гектардан астам алқапты алып жатыр. Бұ­рын бөгде көзге түспей, оқшау жатқан «Комму­нар­каның» құпиясы қайтқан соң, кіре берістегі ашық жерге христиан салтымен тағзым ететін крест қойылыпты. Мұны сүйегі осында жатқаны анық­талған қуғын-сүргін құрбандарының туыс­қан­дары 1999 жылы орнатыпты. Арманда кеткен боздақтардың артында қалған ұрпақтары сол кезден осы жерге аңырап келе бастаған екен…

«Халық жауларының» жатқан жерін ешкім білмесін, жер бетінде бұлар туралы белгі де қалмасын деп ұйғарыпты. Қауіпсіздік қызметкер­лері бұл жерлерге бөгде жұртты жолатпай, арнаулы нысан ретінде көздің қарашығындай қорғап тұрыпты. Алайда қанша құпия болса да, ашылмай тұра ма? Зерттеушілер бұл қабірлерді нақ сол құпия қызмет өкілдерінің әңгімесіне, ату жазасы жөніндегі үкімді жүзеге асыру актілеріне сүйеніп анықтаған. Мысалы, 1937-1941 жылдары адам атумен НКВД қызметкерлерінің арнаулы тобы айналысқан, ату және жерлеу туралы сақталған құжаттардың бәрінде осы топтың басшысы болған коменданттың қолы бар. Әрине комендант бастаған топ – орындаушы ғана. Оған үкімді ре­сімдеп беретін Әскери алқа. Ал Әскери алқаның қандай үкімді ресімдеуге тиіс екендігі сол кездегі кеңес билігінің ұшар басында отыр­ған мұртты көсем тарапынан түсіп тұрған. Мәлім деректер мен белгілі жарияланымдар солай дейді.

«Коммунаркаға» жол ашылғалы жақын-жуық­тарын іздеп келгендердің бәрі бір-бір ағашты иемденіп, біреу туысының суретін, біреу естелік белгісін сол қарағайларға қағып, жапсырып, әркім қолынан келгенше құлпытас тәрізді белгі қоюға тырысыпты. Сол белгілерді шола қарап шық­қан­да, марқұм­дар­­дың бәрі­нің де дү­ние­ден өткен мез­гілі 1937 не 1938 жыл деп жазылғанын көруге болады.

Оң қанатта жарыса тізілген үш қарағай оқшаулау тұр екен. Біреуі алға қарай ұмсына өсіпті. Сол озықтау тұрған қарағайдың түбін қазып, Тұрар Рысқұловтың туған жерінен жеткен топырақты салдық. Екі жағындағы екі қарағай­дың түбіне Нәзір Төреқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамған асыл топырақ көмілді. Асыл сүйекті ардақты алаш ұлдарының әрқайсысының әруағына бағыштап Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданының бас имамы Асан Тортаев құран оқыды.

«Бұл үш қарағайдың енді иесі бар, басқа ешкім меншіктеп жүрмесін, келген адамдарға осы жерге қазақтың үш арысының туған жерінен әкелінген топырақ көмілгенін айта жүр» деп жол бастаушымыз Михаилге ескертіп жатқанымызда, «Алдағы уақытта елден әкеліп, біз де бұл қа­рағайларға азаматтарымыздың аты-жөні жаз­ыл­­­­ған тақтайша-белгі орнатамыз» деді Дулат Әбіш.

Тақтайша-белгі демекші, бізге мәлім ақпарат бойынша, сүйектер көмілген төмпешік-төбе үсті­нен не соның маңайынан әзірге ортақ ескерткіш іспетті құрылыс салу жобаланбаған. Салынбауы да мүмкін дейді зерттеушілер. Өйткені мұндай белгі марқұмдар жатқан топырақ үстіне емес, «Коммунарка» зира­тының ауласына кіре берістегі ашық алаңқайда орнатылуы мүмкін. Қазір бұл жерде екі ескерткіш белгі бар. Оның біріншісін – Моңғол елінің үкіметі құрбан болған қандас­тарына арнап орнатқан. Ал екіншісі Якут (Саха) Республикасының халқы, Президенті және Үкіметі атынан 2002 жылы орнатылған. Саха бауырлар естелік белгіге осы жерден топырақ бұйырған алты азаматының аты-жөнін жазып қо­йыпты. Алты адамның тізімін көрнекті саяси және мемлекет қайраткері, өмір-ғұмыры Қазақ­станмен де байланысты болған Максим Кирович Аммосов (1897-1938) бастап тұр.

Арманда кеткен арыстарына арнап моңғол және якут халқы тұрғызған ескерткіш-белгілер жайына тоқталғанда және қазақ, қырғыз тілдерін ана тіліндей меңгеріп, Қазақстанның кеңестік кеңіс­тіктегі тарихында белгілі бір қолтаңбасын қал­дырған түбі бір туыс М.К.Аммосовты тілге тиек еткенде, біз Мәскеудегі «Коммунарка» зира­тының «құшағында жатқан» құрбандардың дәре­же-деңгейін өзіміздің әзірге белгілі бес арысы­мыздың ел жүрегіндегі елеулі есімімен, артында қалған жақсы атымен, сол заманда атқар­ған лауазымды қызметтерімен шендестіре көр­сетуді көздедік. Және де Ғазымбек Бірімжанов, Ораз Исаев, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтан­бек Қожановтай замана заңғар­ларының құжаттар арқылы ізі табылған мәңгілік жер бесігі солармен бірге екенін білдіру ниетін алға тарттық. Ал қазақтай ұлысты-ұрпақты жұрт, толған-толысқан ел де қапияда көз жазып қалған ұлдарының есімін тасқа жазып, қасіретті «Коммунарка» қойнауында тағзым тақ­тасын түзетін күн алыс болмас-ау деген ой санамызда бәрінен озыңқы тұр.

Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.