• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Ақпан, 2012

Шолпан мен Заманбек

401 рет
көрсетілді

Шолпан мен Заманбек

Кешегі қиындыққа жасымай, бүгінгі жетістікке тасымай, адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген отбасы жайлы бір үзік сыр

 Ел тәуелсіздігінің елең-алаңы болатын. Бір орталықтан басқарылып келген алып мемлекеттің іргесі шытынап, экономикасы да ескі бөздей дар-дар айырылып еді. Осындай аласапыран кезеңде ауылдағы ел не істерін білмей қалғаны бәрімізге белгілі. Иә, бұрынғы шаруашылықтар тараған, мал мен техника әркімнің қолында кетті. Екі қолға бір жұмыс табудың өзі мұң. Істеген күнде де күнкөріске жетерлік еңбекақы төлейтін мекемелер бірінен соң бірі жабылып, нарық теңізіндегі ел топ-тобымен «қайықтан» секіріп, енді ашық «малтуға» көшкен.

 

Кешегі қиындыққа жасымай, бүгінгі жетістікке тасымай, адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген отбасы жайлы бір үзік сыр

 Ел тәуелсіздігінің елең-алаңы болатын. Бір орталықтан басқарылып келген алып мемлекеттің іргесі шытынап, экономикасы да ескі бөздей дар-дар айырылып еді. Осындай аласапыран кезеңде ауылдағы ел не істерін білмей қалғаны бәрімізге белгілі. Иә, бұрынғы шаруашылықтар тараған, мал мен техника әркімнің қолында кетті. Екі қолға бір жұмыс табудың өзі мұң. Істеген күнде де күнкөріске жетерлік еңбекақы төлейтін мекемелер бірінен соң бірі жабылып, нарық теңізіндегі ел топ-тобымен «қайықтан» секіріп, енді ашық «малтуға» көшкен.

Тағдырдың бұйрығымен ортақ отауын кеш құрған Заманбек пен Шолпан да әбігерге түсті. Үпір-шүпір үш қыздың әлі мектепке де бармаған кезі. Енді не істемек? Атағы алты алашқа мәлім Алматыдағы қыздар пединститутын бітірген соң он жыл талмай ұстаздық еткен химия-биология пә­нінің мұғалімі бола тұра, осы кезде Шолпан бір шешімге бекінді. Бекінді де, өзі туып-өскен Аққайнар ауылынан жанармай сататын шағын станса ашудың жолын іздестірді. Өйткені, мұндағы бір бұрылыс тоғыз жолдың торабы саналатын нағыз лайықты тұс. Мына жағы Талап пен Қастек, тура тартса Шиен, Сұңқар, Қараарша, Бес­мойнақ, тіпті Дегерес, Үңгіртас ауыл­дарының да ары-бері жүретін көлігі жанармай үшін қалайда тоқтайтыны анық. Ендеше, неге іркіледі. «Қалау­ын тапса, қар жанады» деген ғой бабалары, Шолпан енді осы бір істің қалауын табудың қамына кірісті.

Иә, айта берсе алғашқы кездегі нарықтың аңызға айналған әңгімесі көп қой, оқырманымызды жалықтыр­май төтелей тартайық. Сонымен, Шолпан мен Заманбектің 1995 жылы бастаған кәсібі көп ұзамай-ақ, бере­кесін берді. Тиынға тиын жалғанған соң тура осындай стансаны Қарақыс­тақ­тан да ашты. Сөйте-сөйте, бірте-бірте қызмет көрсетудің аясы да, ауқымы да ұлғая берді.

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер енді аудан орталығына қоныс аударды. 1997 жылдан бастап, «Абишева» деген жеке кәсіпкерлік мекемесі ресми құ­жат­тардың ең жоғары сатысына жазыла бастады. Бара-бара оған «Мамедов» және «Мамедова Альфия» атты және екі жеке кәсіпкердің аты қосылды. Сөйтіп, бір отбасында үш адамның атына тіркелген үш мекеме аудан бюджетіне тұрақты табыс түсіретін сенімді қаржы көзіне айналды.

Шолпанмен әңгімелесіп отырмыз.

– Әрине, нарықтың кілтін табу қайдан оңай болсын. Күндіз-түні тынбай еңбектеніп жеттік қой осы жағдайға. Шүкір қазір, Ұзынағаштағы жанар-жағармай құятын екі станса менің атымда, онда барлығы 10 адам жұмыс істейді. «Шолпан» атты тойхана мен екі қонақүйі, монша, көлік­тер­ге техникалық қызмет көрсететін стан­са, көлік жуатын орын Заманбек­тің иелігінде болса, «Салтанат» неке сарайы мен осы аттас асхана қызымыз Альфияның меншігі саналады.

Ал енді осы мекемелердің бәрін шетінен өзіміз салдық. Әу басында алты жылдай мемлекеттен несие алып жүретінбіз. Міне, он жылға жуықта­ды, тек өз қаражатымызбен жұмыс іс­т­ейміз. Мүмкіндігі болса, ең тынышы сол екен.

Иә, Шолпанның отбасы айналысатын бизнес түрі – негізінен халыққа қызмет көрсетіп, алғысқа бөленетін адал еңбек. Сондықтан да шығар, олардың қазіргі замана талабына сай қызметі үнемі көпшіліктің көкейінен шығып отырады.

Мәселен, «Елдің іші – береке, көп­тің іші – мереке» демекші, бір ғана мейрамхана, асхана бизнесі арқылы бұл отбасының иелігіндегі шаңырақта әдеттегі кезде күнде той, күнде бір қуаныш атап өтіледі. Сол арқылы олар қаншама адамның ақ батасын алады, осында қаншама ақ тілектер ақтарылады десеңізші.

Ал енді аптаның алты күнінде буы бұрқырап тұратын моншасы өз алдына бір төбе. Оған кірсеңіз, кешегі ке­ңес кезеңі есіңізге түседі. Бар-жоғы 300 тең­ге төлейсіз де, еркін бір көсілесіз-ай.

Заманбектің машина жуатын арнайы орны да ықшам, әдемі жасалған. Мұнда бағасы бірнеше миллионды құрайтын бүгінгі заманғы қондыр­ғы­лар орнатылған. Газбен жылынады. Ыстық-суық су десеңіз ол да шүмек­теп тұр. Бағасы да қалтаңызға пәлен­дей салмақ салмайды. Содан кейін де қысы-жазы есігінен кісі үзілмейді.

Бұл отбасының бизнесі бірте-бірте өрістегенін, асқан төзімділікпен, соншама қажыр-қайратты сарқа жұмсай отырып жолға қойылғанын жоғарыда еске салғанбыз. Ұзынағаштың тура ор­тасында, бұрынғы Ленин атындағы колхоздың ескі гаражы бірнеше жыл босқа қаңырап тұрды. Соны әуелі жал­ға, кейін заңды түде меншікке алған Шолпан мен Заманбек қазір 1 гектарға жуық жер мен соншама мү­лік үшін жылына 343 мың теңге са­лық төлейді. Отбасындағы үш кәсіп­кер өткен жылы зейнетақы қорына 2 млн. 135 мың, акциздерге, табыс са­лығы мен әлеуметтік салықтарға, бас­қа да алымдар мен жосықтар бойынша барлығы 2 миллионнан астам тең­ге төлепті. Сонда жылына осы бір Шолпанның отбасы жүргізіп отырған кәсіпкерліктен аудан бюджетінің қор­жынына 5 миллион теңгеге жуық қаржы құйылғанын көреміз.

Елбасымыз биылғы Жолдауында қазақстандықтардың жұмыс­қа тартылуына ерекше мән бере отырып, ау­ылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға септесуі керектігін бөліп ата­­ды. Бұл орайда барлығы 36 адамды тұ­­­­рақты жұмыс орнымен қамтып отыр­ған Шол­пан Әбішева мен Заманбек Ма­ме­довтың өзіндік үлесі жоғары.

Екеуінің ортасында гүлдей жайнап үш қыз өсіп келеді. Үлкені Альфия Алматыда халықаралық Бизнес академиясын бұйыртса биыл бітірмекші. Ортаншы қызы Зульфия Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­теті­нің заң факультетінің студенті, кенже қызы Салтанат Наурызбай батыр Құт­панбетұлы атындағы орта мектептің 11 сыныбында оқып жүр. Талшындай жасты қай мамандықты игерсем екен деген таңдау мазалайды.

Иә, Күн мен Айдан кейінгі ең жа­рық шырақ саналатын таң жұлдызы – Шолпан күн шығар алдында жар­қырайды. Біздің Шолпанның бизнесі де тәуелсіздіктің таңы алдында туып еді ғой, содан бері шуақ шашып, айналасын самаладай нұрға бөлеп үл­герді. Ол заманына сай туған, әрдай­ым арқа сүйер ер азаматының демеуі­мен «Шіркін, Шолпай-ай!» дейтін бүгінгі дәрежесіне жетті. Ағайынның ақ бата, адал ниетімен көгерген от­ба­сының күнделікті қарбалас өмірі, бүкіл кіріс-шығыс, бухгалтерлік есеп-қисапты өз мойнына жүктеген Шол­панның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Олай болса, айтулы кәсіпкер отбасының бағы әманда биіктен жана берсін дейміз біз де.

Күмісжан БАЙЖАН.

Алматы облысы, Жамбыл ауданы.

––––––––––––

Суретте: асханада ауылдастарын күн сайын айтулы ас мәзірімен күтетін Шолпан (ортада).