• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Ақпан, 2012

Ит адамның досы ма?

1920 рет
көрсетілді

Ит адамның досы ма?

НЕМЕСЕ ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛМАҚ КЕРЕК?

Дәу дарбазаны ақырын ашып, үй ішіне ене бер­геніміз сол еді, көздері қып-қызыл, өзі сұп-сұр ит жуан санға жармасты да, жабысып қалды. Ойда-жоқта, қаннен-қаперсіз келе жатқандықтан ба, зәреміз зәр түбіне кеткен. Бірақ бірден ес жидық. Жан-дәрмен сілкілеп, тепкілеп жүріп, құтылғандай болдық. Қазақы мінез дейсіз бе, әлде бейқамдық дейсіз бе, ит қапқан соң дәрігерге бармадық. Бала кезде есік алдындағы Құттөбет мұрынды жұлып ала жаздаған. Мынау жанымызға ондай батпағасын, аса елемегеніміз де рас еді.

 

НЕМЕСЕ ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛМАҚ КЕРЕК?

Дәу дарбазаны ақырын ашып, үй ішіне ене бер­геніміз сол еді, көздері қып-қызыл, өзі сұп-сұр ит жуан санға жармасты да, жабысып қалды. Ойда-жоқта, қаннен-қаперсіз келе жатқандықтан ба, зәреміз зәр түбіне кеткен. Бірақ бірден ес жидық. Жан-дәрмен сілкілеп, тепкілеп жүріп, құтылғандай болдық. Қазақы мінез дейсіз бе, әлде бейқамдық дейсіз бе, ит қапқан соң дәрігерге бармадық. Бала кезде есік алдындағы Құттөбет мұрынды жұлып ала жаздаған. Мынау жанымызға ондай батпағасын, аса елемегеніміз де рас еді.

Арада бір апта өткен. Сол аяқ сыздап, ұйып қала беретін әдет тапты. Сылтып басып, тағы үш күнді өткіздік. Бол­мағасын, қалалық ауруханаға бардық. Мосқал тартқан ер кісі ит қапқаннан кейін он күн өткізіп алғанымызды естіп, ұрыса жөнелді. Мейірлі мейірбике жамбасқа бір, иыққа тағы бір дәрісін егіп, шығарып салды. Сосын қолға жолдама ұстат­­­ты. Сонымен тіркеуде тұрған емханаға баруымыз керек екен. Ондағылар енді құтырмаға қарсы дәрінің үш ай бойына егілетінін айтты. Ал керек болса…

Құтырма ауруы қалай тарайды?

Осыдан соң шындап ойландық. Ит қауып жатқан жалғыз біз емес. Қа­ла­лық ауруханадағы қызметкерлердің айтуынша, күніне оннан аса адам осындай жағдаймен алдарына келеді екен. Мұндай оқиғалардың күн санап артып бара жатқанын, қалада иттердің қаптап жүргенін, олардың адамдарға аса қау­­іпті болып тұрғанын қоса айтты. Енді осыдан кейін аталмыш тақырыпқа қы­зықпай гөр. Дендеп зерттеуге кірістік.

Алдымен, травматология бөлімін­дегі қызметкерлердің айтқан әңгімесін тұздық ете кетейік. Өткенде мектеп жасындағы бір бала ауыр сөмкесін иығына іліп, ілбіп басып көшеде келе жатады. Дәл сол кезде төбедей болған алабай тұқымдас ит балаға тап береді. Шөкедей балаға есектей иттің төне кеткенін елестетіңіз. Оқушының киімін дар-дар айырып, талап тастапты. Қайта көшеде кетіп бара жатқан адамдар ара түсіп, аман алып қалған. «Әйтпесе, ана баланы тірідей жейтіндей екен. Соның өзінде дымын қалдырмаған» дейді аурухана қызметкерлері.

Біз ауруханада отырғанда ит тала­ған екі әйел кісі келді. Алпысты ал­қым­дап қалған апай қолдың сүтін сатып алмаққа көршісіне барыпты. Тура қол­тықтан алып, жерге аунатқан. Онан соң арқасынан тістеп, сырт киімін іске ал­ғысыз етіп тастаған. Екінші кісі көшеде кетіп бара жатқанында тобықтан тіс­теп, жарақаттағанын айтады. Айналасы жарты сағаттың ішінде үш адам бол­дық. Осыдан соң, қалалық ауруханаға күніне оннан астам адам ит қауып тү­седі дегенге сенбей көріңіз. Ал Құдай­дың күні көп пе, он адам көп пе? Ой елегінен бір өткізе салыңызшы.

Қызылорда қаласында былтыр ит аулаумен айналысқан Ербол Ахметов мынаны айтты. Бір жыл бойына қа­ладан тапсырыс алып, иттерді ауладық. Сонда байқағанымыз, қаңғыбас иттер адамға шабуыл жасамайды. Олар алдымен тамақтарын тауып алсын. Оның үстіне күшік кезінен таяқтап тастаған олар адам көрсе алыстан қашады. Ал қолда тұрған, иесі бар иттер адам талағанды қызық көре ме, әлде күшік кезінен ызаландырып өсіргендіктен бе, босанып кетсе, бей-жай жүрген адамды талап тастайды, дейді ол.

Жоғарыда біз айтқан алабай итінің де қаңғыбас емес екені анық. Түркімен төбетінің бүгінде «түкірігі» жерге түс­пей тұр. Базарда бауырын енді көтеріп, көздерін кеше ашқан күшіктерінің өзі 100 доллардан кем бағаға сатылмайды. Ал әкесі пәленбай чемпион, шешесі түгенбай жеңімпаз болса, онда бағасы тіпті шарықтап кетеді. Бір қызығы, олардың тұқымының сондай екенін зерттеп, куәландырып жатқан ешкім жоқ. Құр сөзге сенген қазақ төбедей төбеттерді сатып алып жатыр.

Қош. Ит асырамасын деген заң жоқ. Оның тұқымы қандай, тегі қайдан шыққан деп тызақтап тексеріп жатқан да ешкім көрінбейді. Дегенмен, қолда ит тұрмақ, мал ұстаудың да өзіндік ережелері бар. Мысалы, иттің тұратын өз орны болуы керек. Оны қыдырт­қан­да міндетті түрде тұмылдырық тағы­луы шарт. Күндізгі уақытта итті қора­ның ішінде бос жіберуге болмайды. Адамдардан алшақ болуы тиіс. Үнемі ветеринар дәрігердің қадағалауына апарып тұру қажет. Жылына бір рет құ­тырмаға қарсы дәрі егіліп, ден­сау­лығы тексерілуі шарт. Бірақ осы айтылған­дардың бірі де жасалмайтын жағдайлар көп кездеседі. Итті тексерту, қорада бос жібермеу былай тұрсын, есігінің ал­дындағы төбедей төбеттің қайда жүр­генін білмейтіндер бар. Облыстық са­нитарлық-эпидемио­ло­гия­лық департа­­мент­­тегі мамандардың айтуынша, қол­дағы иттердің жартысы «жартылай қаң­ғыбас» деген кате­го­рияға жатады екен. Ол қалай? Иттің нақты иесі бар. Бірақ қараусыз. Қолы­нан тамақтанады. Десек те, оны қада­ғаламайды. «Итің қайда?» десе, «әй­теу­ір осында жүрген» деген жауап аласың. Олай болатыны бар, ендеше неге ит асырайды?

Енді «ит құтырма ауруды қайдан жұқтырады?» деген сауалға келейік. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл олар­ға жабайы жыртқыштармен қатына­сы­ның арқасында жұғатын көрінеді. Қарапайым тілмен айтар болсақ, қас­қыр, түлкі, шағал секілді жыртқыш­тар­мен иттер қатынасқа түседі. Ал құтыр­ма ауруын тасымалдайтын да негізінен осындай жыртқыштар болып табылады. Бүгінде бұрынғыдай далада мың­ғыр­ған мал жоқ. Ақбөкеннің өзі «Қы­зыл кітапқа» енудің алдында тұр. Қоян дегеннің де қарасы азайды. Сондықтан жабайы жыртқыштар елді мекендердің айналасын айналшықтайды. Тамағын осы жақтан табады. Содан келіп иттермен байланыс жасап, сілекейі арқылы оларға жұқтырады. Ал иттер адамдарды қабады. Сөйтіп, адамдар ауруға шалдығады.

Бұрын Қызылорда облысында құ­тырма ауруына шалдыққан адамдар бол­майтын. Негізінен мұндай ауру Оң­түстік Қазақстан облысында тіркелетін. Бірер жылдың жүзі болды, Қызыл­ор­даңызда да құтырма ауруы тіркеліп жатыр. Мәселен, 2010 жылы 1 адам құ­тырма ауруына шалдыққан. Ол қала­ның тұрғыны еді. Былтыр болса, 3 адам осы аурумен ауырған. Оның біреуі Қы­зылорда қаласының, екеуі Қазалы ауда­нының тұрғындары. Ал бұл аурудың шипасы жоқ. Емі әлі күнге табылмаған. Осы арада соңғы екі жылда облыс бойынша иттерден жапа шеккен адам­дардың санын айта кетейік. 2010 жылы 2561 адамды ит талаған. Оның 10-ы жабайы жыртқыштар екен. Ал 2011 жылы 3894 кісі жарақат алған. Бұл жылы 33 адамды жабайы жыртқыштар жа­рақаттаған. Байқап отырған шығарсыз, иттерден зәрезап болған адамдардың саны жыл сайын артып барады. Ал оларды аулауға, жоюға қатысты жыл сайын қаншама қаржы бөлінеді. Сөй­тіп, мыңдаған иттің өлгені туралы есеп беріледі. Бірақ нәтиже көңіл көншіте­р­лік емес. Неге?

 

Жадыңызда сақтаңыз!

Егер ойда-жоқта сізді немесе таны­сыңызды ит қауып алса, онда міндетті түрде жараны кір сабынмен жуып, йод қышқылын жағу керек. Ал абзалы, дәрігерге барып қаралу. Дәрігер жара­ңызды таңып, қажетті дәрумендер еге­ді. Сонан соң емханаға тіркеуге алынасыз. Бірінші дәрі ит қапқан күні, одан соң үш күн өткеннен кейін егіледі. Сосын үшіншісі бір апта уақыттан соң салынады. Сол аралықта сізді қапқан итті мамандар тексеріп, құтырған-құтыр­ма­ғанын анықтайды. Егер ондай аурудың нышаны байқалмаса, дәрі егу тоқтаты­лады. Ал ит табылмай жатса, не болмаса аурудың нышаны байқалса 3 ай бойына дәрігердің қарауында боласыз. Құтырма ауруы иттердің сілекейі арқылы тарайды. Бұл ауру екі жылға дейін ағзада сақталады. Сондықтан ондай ауруға шалдыққан-шалдықпағанын адамдар бірден біле алмайды.

 

күрес қалай жүруде?

Деректерге қарап отырмыз. «Құдай-ау, мынадан кейін ит қалмауы керек қой Қызылордада» деген ой жылт етіп өтті. Қараңыз: былтыр облыс бойынша 24 мың 174 ит атылған. Сұмдық сан ғой. Бұның арасында 346 мысық та ке­тіпті. Сонымен қатар, 2 қасқыр да морбиыпты. Ал қаңғыбас иттермен күрес­ке облыстық бюджеттен 22 миллион 883 мың теңге қаржы бөлінген. Алдың­ғы жылы бұл қаржы 13 миллион 683 мың теңгені құраған екен. Көріп отыр­ғаныңыздай, ит атуға қаржы жыл сайын артып келеді. Бірақ…

Екі жыл қатарынан Қызылорда қа­ла­сында құтырма ауруының фактілері тіркелгенін айттық. Негізінен, иттердің көптеп шоғырланған тұсы да осы қала. Қалаңыз қалай күресіп жатыр екен? Қарайық. 2011 жылы қалалық бюджеттен 10 миллион 114 мың теңге қаңғы­бас ит-мысықтарды аулауға жұмсал­ған. Қалалық әкімдіктегілер қаржы то­лы­ғымен игерілді деген деректі алға тартады. Соның нәтижесінде 11149 қаң­­ғыбас иттің мылтық нысанасына ілі­гіп, жойылғанын жеткізеді. Оның іш­інде 20 мысық та бар екен. Байқа­с­а­ңыз, облыс бойынша бөлінетін қаржы­ның жартысы қала бюджетінен шығып отыр. Соған сәйкес өлтірілген қаңғы­бас­ ит-мысықтардың да жалпы саны­ның жартысы қала есебінде. Статистика жақсы. Дей тұрғанмен иттен зардап шеккен адамдар азаймай тұр. Мысалы, қала әкімдігі берген ресми дерек бойынша былтыр Қызылордада 710 тұр­ғынды ит қапқан. Бізге бұл перденің бергі жағы сияқты көрінеді. Өйткені, травматология бөліміндегі қызмет­керлердің күніне 10 адам иттен зардап көргенін айтып келетінін жоғарыда жеткіздік. Қара­пай­ым қисынға салсақ, 100 күнде 1000 адамның саны шыға келеді. Ал бір жылда 365 күн бар.

Биылдан бастап, қалада қаңғыбас ит-мысықтармен күресетін арнайы мем­­­лекеттік-коммуналдық орталық қ­ұ­рылып жатыр екен. Былтыр онымен «Нұррахман» деген жеке кәсіпкер ай­налысқан. Оның басшысы Ерболат Ахметовтен мәселенің мән-жайын сұ­ра­дық. Ол былай деді:

– Бір жыл бойына қала әкімдігінің тапсырысымен ит аулаумен айн­а­лыс­тық. 11 мыңның үстінде қаңғыбас ит-мысықтарды жойдық, – дейді ол.

Біз айтамыз «11 мың болса, онда қалада ит қалмайтын жағдайға таяған шығар?» деп. Ол айтады:

– Ит пен мысыққа төленетін қаржы бірдей. Сондай-ақ күшіктеріне де қар­жы солай төленеді. Мысалы, біз көп­теген күшіктеп жатқан иттердің ұясын таптық. Соның бәрін жойдық. Ол да есептеледі ғой. Мысалы, бір ит кем дегенде 7-8 күшік табады. Анасымен қос­қанда, сонда 9 ит болады. Ал жаңағы күшіктер бірнеше айдан кейін адамдар­ға қауіп төндіруі мүмкін.

Жөн екен. Түсінгеніміз, енді көзін ашқан күшіктер де статистикаға кіріп кеткен. Қисынға салар болсақ, өлтіріл­ген 11 мың иттің тең жартысы күшік болып шығуы да ғажап емес. Сонда біздің қала қаңғыбас һәм қауіпті иттермен күресіп жатыр ма, әлде тісін енді жарған күшіктермен бе? Міне, сұрақ!

Жалпы, құтырма ауруын жұқтырған болса, күшік те қауіпті. Күшік дейміз-ау, құстан да қауіп бар. Дегенмен, қаң­ғыбас иттермен күрес дұрыс жүргі­зіл­мей жатқан сыңайлы. Айтпақшы, ит­тер­ді қалай жояды? Иттерді аулайды екен. Сосын өлтіріп, бір шұңқырға салып, өртеп, көміп тастайтын көрінеді. Болмаса, арнайы ит өртейтін оры­н­дар­ға апарып сүйегін тастайды. Әрине, бұл туралы тіркелген құжат бар. Бірақ құ­жатты екінің бірі жасай алатынын, сосын тапсырыс беруші мен орындау­шының өзара келісім жасап, қаржыны басқа мақсатқа жұмсауға болатынын ес­керсек, өлтірілген иттердің санына да күдік келтіруге болады. Қысқасы, бұл арадан да жемқорлықтың ізін байқауға болатын сыңайлы. Бірақ қол­мен ұстап, көзбен көрмегесін пәлен дей алмайсың. Дей тұрғанмен, ондайдың ықтимал екенін айтқан да абзал.

Сонымен, атам қазақ жеті қазы­на­ның біріне кіргізген итіңіз бүгінде адамға дос болмай тұр. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген қи­сынға салсақ, ит адам досына қастық жасайтын дәрежеге жеткен. Қысқасы, ит иттігін жасайды. Соның салдарынан адамдар айықпас ауруға шалдығып, өліп кетіп жатыр. Енді онымен нақты, жүйелі, стратегиялық түрде күрес керек. Жылына мұнша қаржы бөлінді, оған мынадай көлемде ит өлтірілді деген жалаң цифр мен статистикаға сүйе­не берсек, ертең мұның бетін қайтару қиын болып қалуы бек мүмкін. Сол себепті қаңғыбас иттермен күресті осы бастан мықтап қолға алған дұрыс. Өйт­кені, оның артында адам тұр…

Ержан БАЙТІЛЕС.

Қызылорда облысы.