• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Ақпан, 2012

Зерделі зерттеуші

952 рет
көрсетілді

Зерделі зерттеуші

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті музыкатанушы ғалым, Шоқан Уә­­­­лиханов атындағы Мемлекеттік сый­­­лықтың лауреаты, М.Әуезов атын­­­да­ғы Әдебиет және өнер институтының музыкатану бөлімінің меңгерушісі Сара Күзембаева есіме түскенде Со­крат­тың: «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей береді, айналсаң, артыңда тұрғандай»,  дегені ойыма оралады. Бүкіл бір ұрпақтың, бір толқынның ұстазы бола білген Сара Әділгерейқызының ұлаға­тын ұғына түссең тәлімгерлігі биіктей беретініне, ғалымдық ғұмырына үңіле түссең тереңдей беретініне, ұлттық музыкатану өнеріндегі өзіндік орнын анықтай түссең , оның тұлғасы даралана түсетініне куә боласың.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті музыкатанушы ғалым, Шоқан Уә­­­­лиханов атындағы Мемлекеттік сый­­­лықтың лауреаты, М.Әуезов атын­­­да­ғы Әдебиет және өнер институтының музыкатану бөлімінің меңгерушісі Сара Күзембаева есіме түскенде Со­крат­тың: «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей береді, айналсаң, артыңда тұрғандай»,  дегені ойыма оралады. Бүкіл бір ұрпақтың, бір толқынның ұстазы бола білген Сара Әділгерейқызының ұлаға­тын ұғына түссең тәлімгерлігі биіктей беретініне, ғалымдық ғұмырына үңіле түссең тереңдей беретініне, ұлттық музыкатану өнеріндегі өзіндік орнын анықтай түссең , оның тұлғасы даралана түсетініне куә боласың.

Бұл, әрине, өнер мен өмірді өз тағ­ды­рына теліп, тұтасып кеткен адам үшін таптырмас бақыт. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын, жаратылыс сыйлаған таланты мен білім-парасат байлығын ел игілігіне арнаған адам баласы үшін бейнеттің зейнетін көргеннен артық арман болушы ма еді, бұл жалғанда?! Мен Сара Әділгерейқызының ғалым­дық ғұ­­­мыры­­­на зер салған сайын оның музыкатану саласындағы «тұңғыштар тізімінен табылып,» көшбастаушының санатында жүргеніне көз жеткіземін. Ол – қазақ­­­тың халықтық және кәсіби музыка материалдары негізінде алғаш жазылған (1967) «Сольфеджио» деген оқу құра­­­лы­­­­ның авторы. Оның ғылыми ізденісі­­­нің нәтижесінде қазақ музыка білімі әуенді фольклордың гармониялы көп дауысты үндестіктің ғылыми негізі тұңғыш рет қаланды.

Ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы музыкалық өнер бөліміне қазақ өнерінің фено­мендері Ахмет Жұбанов пен Борис Ерзаковичтен кейін басшылық жасап келе жатқан да Сара Әділгерейқызы.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағ­дар­ламасы негізінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 7 кітаптан тұратын 5 томдық «Қазақ му­зыкасының антологиясы» атты іргелі зерттеуі мен қазақ мәдениеті тарихында бұрын-соңды болмаған рухани құ­­­былыс – ұлттық опера өнерінің энциклопедиясы санатындағы «Казахские оперы» және «Қазақ операсы» деген екі кітап жарық көрді. Міне, мұның бәрі нені меңзейді?. Ғалымның текке өмір сүрмегенін, үлкен өнер мама­ны­ның көзі тірісінде-ақ өзінің кісілігі мен киелі өнерді насихаттап, зерттеу арқы­­­лы келешек ұрпақ алдындағы парызын өтегенін, жауапкер­ші­­лікпен сезінгенін танытады.

Ақиқатында, «Ән-өмір шежіресі, өмір­­­дің сәулесі, музыка мектебінің негізі, кереге тасы, халықтың игілігі мен ақыл-парасаты» (А.Толстой). Қайбір ұлтты тану оның ой-парасатының парқын пайымдау үшін өнеріне көз салмай ма? Сон­­дықтан да шығыс ойшылы Назым Хикмет «адамның жан-дүниесін ақтару үшін оған ән айтқызу керек » демей ме?

Міне, осындай киелі өнерді зерттеп жүрген өнертану ғылымдарының докторы, профессор, ұлттық мәдениетіміздің көп салалы тарихи-теориялық мәселе­ле­рін қам­­­титын көптеген еңбектердің авторы Сара Әділгерейқызы – қазақ музыка мектебінің негізін қалап жүрген бірден-бір маман. Оның қазақтың дәстүрлі және қазіргі кезеңдегі музыкалық өнері жөнін­дегі ғылыми-зерттеу жұмыстары сөз жоқ рухани мұрамызға қосылған құнды қа­зына. Бүкіл музыка өнерінің архитектоникасы (біртұтас құрылымын) мен әндете баяндаудың (речитатив) қыр-сырын табанды әрі жүйелі зерттеп жүрген ол 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. «Қандай музыка жасасам да – ол қазақша болып шығады», – деп қазақ музыка мә­дениетінің майталманы, көрнекті композитор Евгений Брусиловский айтқандай, С.Күзембаева да қай тілде жазса да (ол орыс тілді маман – Г.П.) қазақша болып шығады. Айталық, өзінің ұзақ жылғы шы­ғармашылық әрі ғылыми ізденісінің жемісі болған «Национальные художественные традиции и их конвергентность в жанре казахской оперы» атты көлемді монографиясында ежелден келе жатқан қазақ руханиятының шағын жанрлары, музыкалық фольклорының алғаш рет архитектоникасы, драмалық коллизиялары мен оның даму барысы ғылыми айналым­ға түсті. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында туып, қалыптасып, дамып келе жатқан музыка өнері ғалымның монографияларында бірінші рет жалпы қоғам­дағы тарихи-әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырылып, композиторлық шығарма­шы­лықтың жаңа түрлері, музыкалық-сах­налық туындылар (опера, балет), вокаль­ды-оркестрлік, камералық-аспаптық шы­ғар­малар және хор полотендері, т.б категорияларды құрайтын қазіргі мәдениеттің ірі компоненттерінің қалыптасып, дамуына дәнекер болуы дәйектеледі. Атақты академик Б.В.Асафьев ғылымға енгізген «оперность» деген ұғымның фольклор­дың ірі және шағын түрлеріндегі қызметі тұңғыш рет қазақша мәтіндер негізінде арнайы қарастырылып, еуропалық опера мен оның конвергенттік белгісі – ком­по­зи­циялық, тақырыптық, драма­тур­­гиялық ұс­танымдары жанрлық, түр­­­лен­­дірушілік құбылыстары зерттеледі. Му­­зы­катанудағы ең күрделі де өзекті мә­се­лелер монографияның екі тарауында жан-жақты қарастырылады.

Жоғарыда айтқан монографияда автор қазақ әдебиеті мен өнеріне 174 өлең, 67 аударма,45 қара сөз қалдырған ұлы ақын, композитор, ойшыл, аудармашы, ағарту­­­шы Абай Құнанбаевтың музыкалық мұ­­­ра­сына кеңінен тоқталып, музыкалық шы­­­ғарма­ларға жаңа ырғақ, тың әуен, соны сарын енгізілгенін маман ретінде талдап, танытады. Абай – халықтық музыка қо­­рын ырғақ­­тық ән өнерімен байыта отырып, жаңа із салды. Ақынның 60 өлеңінде 80 рет пай­­да­ланылған: «жылы жүрек, нұр­­лы ақыл, ыстық қайрат» деген үштік концепция­сын­дағы жүрекпен жазылып, жүрекке жеткен әннің «естісі бар, есері бар» екендігін ең әуелі қазаққа ұқтырған. Қазақ музыка мә­­­дениетінің көркемдік қуа­тын дамытқан дара тұлға Абай алуан нұсқадағы 60-тан ас­там шығармасы бұл жанрдың жаңа көк­жи­ек­терін ашып, жеті­луіне мүмкіндік­тер бер­­ді. Музыкалық тілді байытып, көр­кемдік-стильдік бағы­тын байытты. Абай­дың А.Пушкиннен ау­дарған «Евгений Оне­гин» поэма опера­лық туындының жар­қын кө­рінісі ретінде зерттеуде арнайы нақты көр­кем мәтін негізінде талданады. Өз заманы­ның руха­ни-эстетикалық сұра­ны­сына сай жазыл­ған туындыны бұрын­да­ры музыка­лық театрға барып көрмеген ақынның опера жанрына сәйкес жазып», «Онегиннің сө­зі», «Татьянаның хаты», «Лен­скийдің сө­зі», «Онегиннің өлердегі сөзі» деген бір­не­ше музыкалық қойы­лым­мен көрсетіл­ген шығарма опералық дра­ма­тургияның ішкі заңдылықтары мен мүмкі­н­діктерін то­лық­­тай сақтап, жоғары дәрежеде жазыл­ға­нын зерттеуші ғылыми тұрғыдан дәлелдейді.

Сондай-ақ, осы еңбекте қазақ мәде­ние­ті мен музыка өнерін зерделеп, жүйе­леп, жариялап, жарыққа шығарып, насихаттауда теңдессіз адал қызмет еткен көр­некті фольклорист-этнограф, ҚазКСР-нің ха­­­лық артисі Александр Викторович Затаевич­­­тің му­зы­­­калық-этно­­­графиялық құн­ды мұра­ла­­­­ры ерекше құр­­­­мет­­­­пен аталып, жан-жақты зерт­те­ле­­­ді.

Моногра­фия­­­ның «Уст­но-поэ­­­­ти­чес­­­­кое и музыкальное творчество қазах­­­станского народа» деген бірінші бө­­­­лі­­­мін­дегі төрт тараушада ежел­гі фольклорлық музыка жүйесіндегі са­рынның теориялық анық­­­тамасын нақты­лап, оның жанрлық сипатына, көркемдік, стилдік ерекшеліктеріне сипаттама бере келіп, бірінші – бақсы сарыны, екінші – отбасы-тұрмыстық сарын, үшінші – ав­тор­лық сарын деп үш топқа бөліп, жіктейді. Бұл да зерттеушінің музыкатану ғылымына енгізген тың ғылыми-тео­риялық тұжырымдары мен жүйелеудегі жаңалығы екендігі сөзсіз. Осы еңбекте алғаш рет ноталық жазбаға түскен 15 сарындарды А.В.Затаевичтің мәдени айна­лымға ендіргенін ерекше атап өтеді. Александр Затаевичтің өткен ғасырдың 20-шы жылдары қазақ даласын әнге бөлеген 500 адамнан 2 300 ән мен күй жазып алғанын, төл музыкатануымызда тұң­ғыш рет симфонизм мен опералық қа­сиет­тің құнарлы бастауы бар екендігін білгір маман әрі өзге ұлт өкілі ретінде мойындап, бағалағаны мәлім. Ол қазақ фольклорында еуропалық – ария, ариозо, дуэт, трио, квинтет, көпдауысты хор,т.б мектебінің белгілерін байқаған.

Ойлау мәнері кең, білім-парасаты мол, ұлт мәдениетін ұлықтауға деген құлшы­нысы зор Сара Әділгерейқызы қазақ музыкатану ғылымының тарихын сонау көне замандардағы фольклорлық жанр­лардағы сарындардан бастап, олардың кейінгі кәсіби қалыптасу кезеңдеріне кеңінен тоқталып, қалыптасу, даму заң­ды­лықтарын сол дәуірдегі дала өнерпаз­дарының табиғи таланттарымен тамырластыра, туындыла­рының музыкалық, нота­лық, са­рындық, әуендік, қасиеттерін қа­зіргі опера өнері­мен байланыс­тыра отырып, ой тарқатады. Осы тұрғыда әлемдік деңгейдегі этномузыкатанушы ға­­лымдар­дың, әсіресе К.Штумпф, Э.Тайлор, ре­­­сейлік А.Максимов, К.Квит­ка, В.Асафьев, Е.Мелетинский, М.Харлап, И.Земцовский, Э.Алексеев, т.б Өзі­міздің көне дәуір өнерін зерт­теушілердің, мысалы: Ш.Уә­ли­ханов, Ә.Марғұлан, К.Әкі­шев, А.Медоев, П.Агапова, К.Байпақов, А.Кадырбаев, Т.Сенигова, ең­бектеріне сүйене отырып, өз ғылыми-теориялық тұ­жы­­рым­да­рын жасайды.

Рухани құндылығымызды құ­райтын көне дәуірден келе жат­қан салт-дәстүрімізге қатысты ғұрыптық әндер,сахналық көрі­ністер, әр түрлі айтыс жанрларынан өріс алған опералық өнердің жанрлық табиғатын С.Күзембаева «Национальная основа жанра оперы в Казахстане» атты мақаласында нақты көркем мәтіндер арқылы анықтап береді. Қазақ­тың батырлар жырларының сюжеті, композициясы, оқиғаның баяндалуы мен он­дағы әрекеттердің орындалуы, кейіпкер­лердің жырмен айтысып, диа­логқа түсуі – бәрі айналып келгенде дайын операны туғызып тұрғанын, яғни бү­гінгідей кәсіби болмаса да оның алғашқы деталдары барлығын ғылыми тұрғыдан дәлелдейді.

Музыкалық, драмалық, балет, бейнелеу және орындаушылық өнерлердің бә­рі­нен жинақталатын опера өнері қалай болғанда да төл өнеріміздің тарихымен тамырласып жатыр деуге болады. Ха­лықтың бай фольклорлық мұраларымен кеңінен таныс С.Күзембаева тарихи, батырлар, романтикалық эпостарының көр­­­­кем мәтініне сүйене отырып, ұлттық опера өнері образдарының бейнеленуі, олар­ға ортақ тақырып пен сарындардың байланысуы т.б жөніндегі мәселелерді зерт­тейді. Эпикалық поэмалар мен ха­лық әндеріндегі ғасырлар бойы өсу өрі­сінде болған поэтикалық рухтың опера жанрына да жат еместігін «Ер Тарғын», «Бекет», «Алпамыс» сияқты туындылар ар­қылы дәйектейді. «Қамбар мен Назым», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақ­­­сақ құ­лан» секілді балет өнеріндегі шығар­ма­­­­лар негізінде де эпикалық тақы­рыптың игерілгені мәлім.Бұлар­­дың бәрі бірнеше ғасырлық ғұмыры бар ұлттық рухани байлығымыз деп танытады.

Тәуелсіздік алғалы бері жаңаша көзқараспен жазылып,тарихы түгенде­ліп келе жатқан ұлттық музыкатану ғылымындағы көркемдік ізденістер жайлы С.Күзембаеваның ғылыми же­текшілігімен, Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ музыкатану ғылымының тарихын қам­тыған 8 кітаптан тұратын «Қазақ му­зы­касының антологиясы» жазылып, ұлт­тық құндылықтар қатарына қосылды.

Республикамыздағы бірден-бір музыкатанушы әрі осы саланың білгір кәсіби маманы болғандықтан ол елі­міздегі барлық жоо-ның музыкатану пәніне арнап оқулықтар жазуға белсене араласты. Бұл саланың мамандары аз әрі орыс тілді болғандықтан екі тілді теңдей меңгерген Сара Әділге­рей­қызы қазақ мәдениеті тарихында тұңғыш рет «Қазақ музыкасының тарихынан дәрістер» атты көлемді оқу құралын қазақ тілінде жарыққа шығар­ды. Оқулықтағы «Қазақ халқының рухани мәдениетінің көне ескерткіш­тері», «Қазақ даласының ұлы ғұлама­лары», «Көне фольклорлық сарын», «Қазақ халқының ән-жыр өнері», т.б дәріс атаулары бір-бір монографияға жүк боларлық.

Кейде бүкіл болмысымен бейтарап отырып та, белгісіз болып жүріп те жан-жағына шуағын шашып, ізгілік нұрын тарататын абзал жандар болады. Меніңше, сондай жанның бірі өнер зерттеу саласында әрі бірегейі Сара Әділгерейқызы дер едік. «Мәдениет деген ұлтыңды өліп-өшіп сүю», деген Ж.Аймауытовтың сөзі де осы ғалымға айтқанындай көрінеді. Ұлт­тық мәде­ние­тіміздің көп салалы тари­хи-тео­рия­лық мәселелерін зерттеуге ғұмырын ар­наған ұлағатты ұстаз, Сара Күзем­баева шын мәніндегі ұлтын сүй­ген зерделі зерттеуші десек жарасады.

Гүлзия ПІРӘЛИЕВА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор.